Кеше Қызылорда қаласында ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ақын-драматург Иран–Ғайыптың 70 жылдығына арналған «Жан жұмбағын жария еткен құдірет» атты шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Бақытнұр Мырзахметованың айтуынша, таланттың алтын тағын мінген Сыр перзенті өзінің туындыларына жаратылыстың ұлы феномені – адамды басты нысана ете отырып, оның бүкіл болмысындағы күйініші мен сүйінішін, қуанышы мен мұңын өзіне ғана тән сезімталдықпен жеткізе білген. Алғашқы «Жүрек жырлайды» атты жинағы 1974 жылы жарық көрді. 1990 жылы үш томдық, ал 2006 жылы 13 томдық таңдамалы жыр жинақтары жарық көрді. 2002 жылы «Қорқыттың көрі» атты жыр кітабы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш өткен жазба ақындар жыр-мүшәйрасының бас жүлдегері.
«Айтулы шараны Мәншүк Мәметова атындағы гуманитарлық колледж қызметкерлерімен бірлесе ұйымдастырып отырмыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бүгінгі ұрпақ өз өңірінің тарихы мен мәдениетін, әдебиеті мен ұлы перзенттерін білуі, тануы керектігі айтылған. Сондықтан ақын шығармаларын түйсінуге, талдауға арналған кеш те сол мақсаттан туындап отыр», – дейді Бақытнұр Мырзахметова.
Иран-Ғайып – өнердегі тазалықты, ақиқатты қалайтын ақын. Өзіне қойған талапты өзге де ақындарда болса деп армандайды.
«Иран-Ғайыптың поэзиясының көркемдік жүйесінен тақырыбының әр алуандығы, ізденіс мұраттары, өлең өрісі мен ондағы өмір өнегелері, кеңінен көрініс береді. Яғни, ақынның тыныс-тіршілігі, арман-тілегі әр өлеңінде көрініс табады», – деді колледж оқытушысы М.Меңдібаева.
М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжінің кітапхана меңгерушісі З.Пазылова болса, ақынның адами болмысты бейнелеуден, ізгілікке құштарлықтан өмір мен уақыт тынысын сездіретін шығармаларына тоқталды. Сондай-ақ, ақынның шығармашылығына арналған бейне-ролик көрсетті.
Басқосуға қатысушы жастар Иран-Ғайып шығармаларынан «Қадыр мен Тұманбайға», «Тәуелсіздік толғауы», « Абайға арнау», «Ақын ағаға», « Күн тұншыққан кеудемде» өлеңдерін оқыды. Шараға қатысушылар ақынның сөзіне жазылған «Аман бол» әнін хормен орындады. Кеш соңында «Жан жұмбағын жария еткен құдірет» атты кітап көрмесімен танысты.