«Жадыраған жаз өтіп, күз де келіп қалыпты-ау» дедім сары ала жапырақтарға қарап. Кеше ғана жап-жасыл болып құлпырып тұрған ажарын енді сарғыш тартып, сабағынан үзіліп түсіп жатыр.
Аянышты-ақ. Мұның ойын оқығандай, бір жапырақ ауамен қалықтап иығына қонды. Жаймен қолыма алып, ойлана қарап қалыппын. Осы адамның өмірімен табиғат ұқсайды-ау. Кеше ғана сияқты еді жастық жалынмен жайнап жүргеніміз. Қазір өмірдің күзі келіп қалғандай. Ол күрсініп қалғанын байқады.
Ия, бұл кезеңнің де ойдан шықпайтын себебі бар. Жүрекке мекендеген бір бейне бар. Қалай басталып еді? Екі жыл азаматтық борышын өтеп келген беті. Келісімен облыс орталығындағы оқуына соғып, белгі соқтырды. Көңілі көтеріңкі.
Жан-жағына қызықтай қарайды. Екі жылда біраз өзгерістер болған сияқты. Ағайының үйіне соғып, хал-жағдайын білді. Жеңгесінің інісі үйленіп, тойға шыққалы жатыр екен.
– Жүр, бірге барайық. Көптен бері тойға бармадың ғой, – деді ағасы.
Шыны керек, өзі де барғысы келіп тұрған. Бұдан кейінгі өмірі сол тойдан кейін өзгеретін кім білген? Бәрі жақсы қарсы алып, абыр-сабыр болып жатыр. Аға-жеңгесіне күліп амандасқан қызға назар аударды. Бірінші көзіне түскені – иығын жапқан қалың шашы болды. Аққұба жүзі, тіп-тік жүрісі мен адамға ерекше жылылықпен қарайтын көзіне қарашы. Көз жанарында бір адалдық па, пәктік пе, әлде тазалық, әйтеуір бір қарай бергің келетін құбылыс бар. Мен қызығып қарап тұрып қалыппын.
– Кел, менің сіңілім ғой, – деді жеңгем.
– Сержан, – дедім.
– Ардақ, – деп, еркелей жауап қатты. Үні де жағымды екен.
Би биледік. Оқуға енді түсіпті. Жатырқамайтын, ашық мінезді екен.
– Ертең киноға барайық, – дедім қоштасарда.
– Қайдам, ертең көреміз, – деді күліп.
Үйге келген соң, біразға дейін ұйықтай алмай, Ардақты ойладым. Сен солай менің тыныштығымды бұзып өміріме ендің. Содан бері сені санамнан өшіре алмадым десем сенер ме екенсің?
Ертесіне ағасының рұқсатымен киноға бардық. «Қайтамын» деп асықты. Әйтеуір жанымда бола тұрса деп үйінің дәл жанында, мектептің ауласында отырдық. Барлық ісі мен сөзінен балалық байқалады. Ойлаған ойын жайып салатын мінезі бар. Көп адамда кездесе бермейтін адалдық, тазалық сияқты әдемі қасиетті Ардақтан көрдім. Төгілген шашы, ақ жүзі, мөлдіреген көзінің тереңіне батып барамын. Тек қарай бергім келеді. Осындай қыздың жанында отырғанымды бақыт санааймын. Өзімді қоярға жер таппай тұрмын.
Күздің бір күнінде жатақханаға іздеп бардым. Мені көріп таң қалса да қуанған секілді аяғын тез-тез басады.
– Ой, қайдан жүрсің? – деп сұрап қояды.
Мен де соңғы курста оқимын.
– Сені киноға шақырып келдім, – дедім. – Ертең қиын сабақ. Бара алмаймын. Үлгере алмай жатырмын. Көп тапсырма береді екен, – деп ренжіді.
– Енді бұл мектеп емес қой. Лекцияға үлгеріп жатсың ба? – деймін үлкенсіп.
Шындығында үш жас үлкендігім бар. Қалай десем де, оқып жүріп әскерге кетіп, өмір көргенмін. Ал ол менің үйдегі тентек қарындасыма ұқсап кетті.
– Жақсы. Сабаққа кеттім, – деді асығып. Қимай қарап қалыппын.
Осы қызбен қол ұстасып қыдырсам, жанында жүрсем деп қиялдадым. Соңғы курс болғасын, диплом жұмысы бар қауырт жұмыс көбейді. Бір-екі рет іздеп барсам, сессиясы бітіп ауылына кетіпті. «Алла тағала шын сұрасаң береді» деген, бірінші курстан соң құрылыс отрядтары болатын. Мен ол кезде алыс совхозда жұмыс істеймін. Екі күннің бірінде келемін де тұрамын.
Кешке би болады. Одан кейін бір сағаттай үзіліс. Көктен тілегенім, жерден табылып, өміріме ризамын. Ең бақытты күндерім өтті десем қателеспеспін. Жұлдызды аспан астында талай сыр шертілді. Ол мені үлкен деп сыйлай ма, әлде ерке мінезі ме екен? Қатты сөзге жоқ, әрқашан күліп жүреді. Жанына жақындасаң кете алмайсың. Оның күлгені, жүргені, сөйлегені бәрі жарасымды.
Бірге оқитын қыздары да бірінен бірі өтеді. Көрсе бәрі сыйлап тұрады. Мен де үйлерінен алыс жүр ғой деп үйдің дәмі деп жеміс ала барамын. Үйленейік, бірге болайық деп айтуға жүрексінемін.
Ол кезде оның ойында ештеңе жоқ. Бір сөзді бастасам, менен алыстап кетеді деп қорқамын.
Оның әңгімесі:
– Жақсы оқуым керек. Ата-анама уәде бердім. Оқуымды ары қарай жалғастырамын. Мен шағын ауылда тұрамын. Барлық жастардың оқып, білім алуына көмектесемін, – дейді.
Өзі кішкентай болғанмен, арманы – асқақ. Осылай деп отырған қызға үйленейік деп қалай айтарсың. Үйде «бұл жүрісті қой», «тезірек үй-жай бол» деген әңгіме күнде айтылады. Бар қызықты өздерімен ала кеткен қыздар да кетті. Ауыл бос қалғандай. Біздің жан-жақтағы студенттеріміз, ауыл жастары үшін болған мереке аяқталды. Бірақ бәрімізге жақсы күндерден із қалды. Мәңгілік ұмытылмайтын есімдер қалды. Мен де өмірімнің ең бір жарқын күндері деп әлі есіме аламын. Негізі адамның өмірін осындай естеліктер шарқып кетеді.
Егер осындай жарқын күндеріміз болмаса, оның несі қызық? Менің Ардақты көргенім, онымен бірге болған уақытым – ең бақытты күндерім. Басқа күндер жай өмір сүруге тиісті болған соң өткізген күндерім сияқты.
Бір жолым түсіп, қалаға барғанда институтқа соқтым. Қарындасымды алып барған едім. «Оқу үздіктері» деген тақтада таныс бейне жарқ ете қалды. «Шындығында оқуды көп айтушы едің, рас екен ғой» дедім іштей.
Оның алдында ауылына іздеп барғанмын. Тау арасындағы шағын ауыл екен. Мөлдір өзені бар жап-жасыл ауыл. «Ее, осындай ауылдан шыққан соң ба, әсершіл, тауға қарап өскен екен» деп түйдім.
Ата-анасы да жылы қабылдады.
– Ардақ айтқан жоқ. Қай баласың? – деді де қойды. «Үйге кіріңдер, шай ішейік» деп жатыр қонақжайлылық танытып. Осындай отбасынан ғана сен сияқты көпшіл, жайдары қыз өсу керек деген ойда кетіп едім. Мен ше? Көп балалы қарапайым отбасында өстім. Үйдің үлкенімін. Сенің ары қарай біліміңді жалғастыруға жағдай жасаймын деп айта алмаймын. Не істеу керек? Көп ойландым. Сенің келешегің алда, мен саған кедергі болмайын дедім. Қалай ойлайсыз? Дұрыс істедім бе? Қиналсам да, қимасам да солай дедім. Мен оны сүйдім, сол себептен оның ойлаған мақсатына жету үшін сезімімді құрбан еттім.
Солай деп хат жазсам да, өзімді қоятын жер таппай қиналдым. Не болса да, бір ауыз айтып көрейін деп шештім. Дәл осындай күз айы. Жолдасымның машинасымен оқуының алдында күтіп тұрмыз. Күн суыта бастаған шақ. Ақ күрте киген. Шашын жинап қойған жинақы қалпында. Бізді көрмеуі мүмкін емес, бірақ назар салмастан өте шықты. Бұрын мұндай қалпын көрмегем, тұрып қалыппын. Қыздар жағдай сұрап жатыр. Мен оны қайтсем де көріп кетуім керек деп шештім. Ағасының үйіне енді кірейін деп жатыр екен. Атын атап тоқтаттым.
– Кел, машинаға отыр. Сөйлесейік, – дедім. Мені көрсе жадырай қарайтын жанар жоқ. Бөтен жанға айналған. Мені суық қабылдағанына өкпеледім бе, төтесінен бастадым.
– Мен үйленуім керек.
Оның көзінде мұң пайда болды. «Аа, солай ма?» дедім ішімнен. Мені қимайсың ғой.
– Менің жағдайымды білесің. Қашық ауылда жалғыз тұрамын. Үнемі ауылға келе беруге жол нашар. Әке-шешем күнде уайымдайды. Сен маған үйленер ме едің? – дедім. Ол төтеннен қойылған сауалды күтпеді.
– Мен бұл туралы ойланбаппын да. Мен әлі үш жыл оқимын. Ата-анам не дейді? – деп төмен қарады.
– Онда мен барамын да, үйленемін, – дедім батырсынып. – Әлде күт дейсің бе?
Көзінен ұшқын жарқ ете қалды.
– Өзің білесің. Ештеңе айтпаймын, – деп бұрылып кете берді. Үлкен қара ағаш бар еді. Соған сүйенген күйі тұрып қалыппын. Екеуміз алғаш танысқандағы жасыл жапырақтар сарғайып кеткендей. Желмен ұшып жерде жатыр.
«Сезім өшті. Мен алыста. Ол өзімен оқитын біреумен тіл табысқан шығар. Салқын қарсы алуы да сол. Мені қайтсын? Бұл не тұрыс?» деп күздің жауыны сіркірей бастағанда машинаға отырдым. «Ол мені жақсы көрмейді. Жақсы көрсе, үйленбе, мені күт дейтін еді. Қанша күт десе де, күтер едім» деген ойлар мазалай бастады.
Жол бойы тек сол ойлармен шаршап, үйге қайттым. Келісімен көп кідірмедім. Әкемнің айтуы бойынша араласып жүрген жолдасының қызына үйлендім.
Үйленсем бәрі ұмыт болады. Өмірім өзгереді деген ойымның жалған екенін сезінгендеймін. Ардақты көргім келеді де тұрады. Ендігі сылтау тойға шақыру. Сабақта отыр екен. Мені көріп қуанып кетті.
– Келмейді деп ойлап едім, – деді. Арада біраз уақыт өткесін бе? Бұрынғы қалпына түскендей. – Қашан келдің? Жұмысың қалай? – деп бәрін сұрап жатыр.
Мен қалай сені басқа адамға ауыстырғанмын. «Оны қалай айтсам екен» деп қысылып тұрмын.
– Бүгін киноға барамыз ба? Қызық кино жүріп жатыр. Кеше қыздар көріпті, – деп қолымнан ұстап қояды. – Неге көңіл-күйің жоқ деді бір кезде.
– Ардақ, менің келген себебім, сені тойға шақырып келдім, – дедім.
– Қандай той? – деп бетіме таңырқай қарады. Қолына шақыру қағазын ұстаттым да, бұрылып кете бердім. Осылайша Ардақтан мәңгіге алыстап кете бардым. Ары қарай сол кездегі біздің қатарымыз қалай өмір сүрді. Менің де өмірім солай өте берді. Жұмыс...Отбасы... Іні-қарындастарымның оқуы, үй болуы үлкен болған соң бәрінің басы қасында жүруім керек. Жылдар жылжып жатыр. Оны ойлағанда не өзгереді? Бірге оқыған курстастардан ешкімді көрмеймін. Тек сол кезде бірге салған әндерді естігенде ғана бәрі санада жаңғырып сала береді. Өзімді кінәлаймын. Күту керек еді. Амал жоқ, өткен өтті. Ол да жақсы оқу орнында жүрген болар. Бұл кезге дейін ғылыми дәрежесі өскен ұстаз болғанына сенімдімін. «Маған үйленгенде мұндай болар ма еді» деп өзімді ақтап аламын.
Жеңістің 50 жылдығын тойлауға қам жасап жатырмыз. Бұл күнде мен де бір мекеменің басшысымын. Поезд күтіп отырғанымда қасымнан үш баласын ертіп әйел өтпесі бар ма? Жалғыз өзі үш баламен қалай поездға отырады деп ойлағанымша болған жоқ. Маған жалт қарамасы бар ма? Ардақ! Үш ұйықтасам түсімде жоқ. Даусым шықпай, тілім байланып қалғандай.
– Қайдан жүрсің? – деймін.
– Мен осындамын, – деді.
«Қашаннан бері?», «оқу бітіргелі», «Енді қайда барасың?», «Әкемді құттықтауға» «Баяғы ауыл ма?», «Қазір қалаға көшіп келдік». Менің сұрақтарым таусылар емес.
– Жүр, мен апарып саламын, – дедім, қарсылығына қарамастан машинаға отырғыздым. – Бір ауданда тұрып, қалай кездеспедік.
– Сол дұрыс, – дейді.
Баяғы қалпын іздеймін. Мен білетін Ардақтан басқа. Жайнап тұратын көзі де жабырқау, күлкісі де шынайы емес көрінді. «Мен сені алыстан іздеп жүрсем» дедім айтуға сөз таба алмай.
– Мен қарапайым мұғалім болып қалдым, – деп зорлана жымиды.
– Ардақ, мен сені ұмыта алмадым, – дедім қоштасарда.
– Оған кім кінәлі? Өзің емес пе бақытыңа асыққан, – деді. Көзінде баяғы мен білетін ұшқын жарқ ете қалды. «Міне, енді өзіңе ұқсадың» дедім іштей.
– Тойға неге келмедің? Мен сені іздеп отырдым, – дедім шынымды айтып.
– Мен отыра алмас едім, – деді. Көзіне жас үйіріліп, кірпігін қаққанда моншақтап жас төгілді. Мен сасып қалдым.
– Ардақ, жаным, мұның не? – дедім. – Кешір, сен басқа адамның жаны екенің есімнен шығып кетіпті, – дедім өкінішпен. «Сені енді таптым», «Жоғалтпаймын» деп дауыстадым артынан.
Ішім алай-дүлей. «Неше жылдан бері қалай кездеспедік? Қандай бақытты жанның жары болды екен? Іздеп барып тұрсам, ол қалай қабылдар екен?» деп ойым сан-саққа жүгіреді.
Көп ұзамай көрші ауданға қызметім ауысты. Ол кезде партия қайда жұмсайды, сонда барасың. Он жылдай елге сирек келдім. Сонда да жан-жағыма қараймын. Қай жерде жүр екенсің? Сен де мені анда-санда болса да ойлар ма екенсің? Менен де артық жақсы көретін жан болғаны ма? Әлде өзің ұнаттың ба екен? Онда ол менен артық болғаны ғой. Сен қаласаң солай болғаны деймін. Сен бақытта болсаң болды. Өткенде көз жасың неге төгілді? Сағыныш, күйініш, қимастық бәрін көрдім ғой сонда. Енді қашан, қандай жағдайда көремін деп жүргенде, вокзалда көңілді күліп келе жатқан топтың арасынан тағы да Ардақ жарқ ете қалды.
– Оу, қайдан жүрсің? – деп амандасып жатырмын.
– Мектептегі 40 жылдық кездесуге келе жатырмыз, – дейді.
– Мен сенен көз жазып қалдым десем...
Сені таба алмасын деп басқа қалаға көшіп кеткенбіз, – дейді. Сол ашық қалпына оралғандай, жарқырап тұр. «Бір кездесіп, сөйлесейік. Телефон қалдыршы» деп жалындым. «Жарайды, еске сақтай алсаң» деп тез-тез айта салды.
Ертесіне кешке жұмыста кезекшілікте отырып, телефон шалдым. «Қайдасың?» десем, «аулада жұлдызға қарап отырмын» дейді. Екеуміз біраз сөйлесіп, өткен күндерді еске алдық. «Ертең қайтамын» дейді, «жылдар бойы мазалаған сұрақтарым бар еді. Жарты сағатыңды қишы» деп өтіндім. Осындай жасқа келгенде біреуді күту, кездесу ерсі көрінетін шығар. Алайда мен баяғы жас жігіттей жүрегім дүрсілдеп тұрды.
Кезінде қалың талдың арасында келе жатып кенет жасырына қалып, күтпеген жерден шыға келіп жасырынбақ ойнайтын кезіміз болушы еді. Жас балаша өкпелеп, ашуын тарқату үшін көтеріп алып шыр көбелек айналдыратынмын. Қашан «болды, өкпелемеймін» дегенше түсірмейтін едім. Ол да қайта келмес дәурен екен-ау. «Шіркін, жастық шақ. Қайта келсең қателеспей өмір сүрер едім» деймін. Мен сияқты қанша адам өкінді екен. Сол қайта айналыпкелмейтін болғасын шығар қымбат болатыны.
Оймен біраз жерді шолып отырғанда Ардақ та көрінді. Көп өзгере қоймаған секілді. Әлде ұнатқан адамың қартайса да сол қалпы тұрады ма?
– Ардақ, келгеніңе рахмет. Мені жылдар бойы мазалаған бір ғана сұрағым бар. Мен сені іздеп келгенде неге суық қарап сөйлеспедің? Бәрі содан басталды ғой, – дедім. – Тек шыныңды айтшы.
– Не десем де, енді ештеңе өзгермейді ғой. Ал шынымды айтсам, сен не деп хат жаздың? «Мен сенің бақытыңа кедергі болмайын. Сенің жолың басқа» деп мені өзіңнен алыстаттың. Мен не ойлаймын? Ее, бұл басқа қызды жақсы көріп қалған екен дедім. Сені көргенде ренжігенімді білдірейін дедім. Ал сен болсаң «мен үйленемін» деп шықтың. Мен одан сайын күдігім шынға айналғандай болдым. Кейін сені іздеп келіп тұр екен деп қуана қарсы алсам, тойға шақырып келіпсің, – деді.
Қателік сәл нәрседен болады екен ғой.
– Ардақ, сен бақыттысың ба? Сен бақытты болсаң мен де бақыттымын. Мен сені ұмыта алмадым. Қай кезде де есімде тұрасың. Түсімде көремін. Талдың арасына тығылып қалып сені шошытып жіберетін жерімді, арқалап түсірмей қоятын, айға қарап тұрып болашағымызды армандайтын жерімізді, сенің айдай жүзің мен қара көзің – бәрі көз алдымда. Әсіресе, шашың керемет еді. Сол шашың қайда? – деймін.
– Сол шаштан қалғаны осы. Мұның да жартысы ағарған, – деді күрсініп. «Мен сені алақаныма салып өтетін едім. Тағдыр ғой, қайтеміз» деп екеуміз де үнсіз қалдық. Ары қарай сөйлеуге оның жанарынан саулаған көзін жасын көріп, дәтім бармады. Жылағаныңның өзі қандай әдемі еді...
Жұбатуға дәрменім жоқ. Жанына жақындай алмаймын. Ол біреудің жары. Мүлдем бөтен адам. Екеумізге ортақ тек естеліктер ғана.
– Мен сені шын сүйіп едім. Бұлай болады деп ойламағанмын. Сен үйленгенде көпке дейін өз-өзіме келе алмадым. Уақыт емші деп соңынан үйрендік қой, – деп зорлана жымиды.
– Ауылға келген сайын хабарласып тұршы. Сыртыңнан болса да бір көріп қалайын, – деп шығарып салдым. «Біз тек вокзалда кездесетін болдық қой» деп күлді. Ойлансам, рас екен. Әр кездескенде қанша уақыт көрмегендей болсақ, әр қоштасқанда бір сәтке қоштасайық, аяулы періштем! «Мені кешір, жүрегіңе салмақ салсам. Ал өзімде ешқашан кетпейтін ізің жатыр. Мен өмір сүріп тұрғанда сен менімен біргесің. Тек сен аман, бақытты болшы» деп поезд ұзап кеткенше орнымнан қозғалмадым.
Өмір деген осыншама қатал бола ма? Соның бәрін жас ортадан ауғанда түзетуге болмайтын кезде түсінетініміздің өзі қызық-ау деген оймен машинаға беттеді. Машинаның үстін сары жапырақтар басып қалыпты.
Онда да осындай күз айы еді-ау. Өміріміздің де жазы кетіп, күзі келген екенін мойындағандай еріксіз күрсініп жібердім.
Ш.ЖАМАЛТЕГІ