АУЫЛДЫҢ АЙТҚЫШТАРЫ

Бүгінде көнекөз қариялар мен өз замандас-тұстастарының тауып айтқан ұтырлы сөздерін де жинап жүретіндер баршылық. Ауыл айтқыштарының «Қызыл кітабынан» небір қысқа да нұсқа айтқан әңгімелерін көптеп кездестіруге болады. 
Бүгін біз ауыл айтқыштарының бірнеше әңгімелерін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
...БІР ГӘП БАР
Бірде жергілікті ақын, сол кездегі «Арал» совхозы кәсіподақ комитетінің төрағасы Сағынай Ешекеновтың үйіне сыйлас ағасы Жаппар телефон шалып, оны мерекемен құттықтайды. Жаппардың құр қол келмейтінін, қалтасына бір шөлмек сала келетінін Сағынай сезсе керек.
Біршама уақыттан кейін Жаппар да жетеді. Екі-үш жолдасымен шай ішіп отырған Сағынай қасында отырған серіктеріне есіктен кіре берген Жаппарды нұсқап:
«Мынау келіп тұрған Жаппар,
Мұның жүрісінде бір гәп бар.
Ал енді мен айтты дерсіңдер,
Қалтасында бір шыны ақ бар», – деген екен.
Қалтасында шөлмегі жоқ Жаппар жалт бұрылып, сыртқа шығады да бір шөлмек алып қайтып келген екен.
МАЛЫМ – ЖАНЫМНЫҢ САДАҒАСЫ
Ертеректе аудандық ауруханада ұлты кәріс Геннадий Трофимович Ким деген хирург жұмыс істеді Ол қазақша судай сөйлейтін.
Бір күні оның кезекшілігі кезінде хирургия бөліміне соқырішегі асқынып кеткен бір қойшы келіп түседі. Сырқатты операция столына жатқызып, оған наркоз беруге дайындала бастаған Ким:
– Ақсақал, қобалжымаңыз. Құдай сәтін салса, қазір-ақ соқырішегіңізді сылып тастаймын, – дейді.
Пышаққа түсу кім-кімге де оңай дейсіз бе? Пышағын жалаңдатып, қасына жетіп келген Кимге қарап, әлгі ақсақал:
– Айналайын, жанымды әуелі құдайға, сосын өзіңе тапсырдым. Осыдан жаным аман қалар болса, бір семіз ісекті байладым босағаңа, – дейді ғой баяғы қазақшылыққа салынып.
Мұндай сәтті елеусіз жібере бермейтін Ким:
– Ойпырмай, аға, мына наркоздан кейін бір ісекке оянбай қаласыз ба деп қорқамын, – десе керек.
Әлгі кісі:
– Ойбай, қарағым, «Малым – жанымның садақасы», бердім тағы бір қойды, – деген көрінеді.
ҚАРЫЗДАН ҚҰТЫЛЫП КЕЛЕМ ҒОЙ...
– Сағитжан деген інім менен қысқа мерзімге деп 180 мың теңге қарыз алған, – дейді Бауыржан деген ағамыз.
Бес ай өткен соң інімнен «Айналайын-ау, ақшамды қайтармаймысың?» деп сұрағанмын.
– Ағасы-ай, сәл-пәл мұрса берсеңізші, – деп қоймаған соң, «жарайды» деп келісім бергенмін.
Арада алты ай өткен соң тағы сұрадым. Інім қиналыс білдірді.
– Ау шырағым-ау, қарыз қайда, соның 50 мыңы құрысын, 130 мыңын тауып берсең болар, – дедім.
– Енді бір-жар ай мәуліт беріңіз, – деп өтінген соң, араға тағы алты ай салып:
– Қатты қиналып жүрсең 30 мыңы да құрысын, 100 мың берсең болар, – дегенмін.
– Ай, аға-ай, адамның жанын алып біттің ғой, қарызымнан жәй-жәй құтылып келем ғой. Сізден алған 180 мыңның 100-ақ мыңы қалды емес пе? – демесі бар ма.
Е.АҚҚАЛИ.
Қызылорда қаласы.

ӘДЕБИЕТ 04 ақпан 2014 г. 2 482 0