Сыршыл жандармен кездесу

Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» пән бірлестігінің ұйымдастыруымен "Сұлу Сырдан жыр терген" атты әдеби-сазды кездесу кеші болып өтті.
Шара «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бойынша Сыр елі жастарына әр буындағы ақын апаларымыздың еңбегін таныту әрі насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Кездесу кешіне халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, қаламы қарымды қаламгер апамыз Қатира Жәленова, халықаралық «Шабыт» фестивалінің жүлдегерлері, жас ақындар Назгүл Бердіқожа, Елбасына арналған «Президентке» өлеңінің авторы Толқын Қабылша арнайы қонақ ретінде шақырылды. Өмірін өлеңімен өрнектеген жергілікті ақын қыздар бір топ мектеп оқушыларымен жүздесіп, өнегелі өмірі мен шығармашылығы жайлы сыр шертісті.
Сұлу сырмен сырласып, жырдан моншақ тізген сыршыл жандардың шығармаларымен терең танысқан оқушылар есімі республикаға танылып жүрген ақындардың өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды, әндерін шырқады.
Туған жерге, анаға деген шексіз сезімге, табиғат пен махаббат лирикасына арналған ақын өлеңдері оқырман қауымның жүрегін тебірентті. Киелі поэзия әлеміне тәнті етіп, ақындық өнерге деген ерекше көзқарасты қалыптастырды.
Әдеби-сазды кештің «Сыр-сұхбат» бөлімінде оқушылар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын жолдап, ең таңдаулы сұрақ иесі ақын қонақтардың қолтаңбасына ие болды.
Кеш соңында мектептің жас суретшілері кездесу үстінде қағаз бетіне сомдаған ақын қонақтардың бейнесін сыйға тартты және естелік суретке түсті.
ӘДЕБИЕТ 25 қыркүйек 2017 г. 1 250 0