ХАТ ЖАЗАЙЫҚ, АҒАЙЫН!

Ардақты әкелер, аяулы аналар, қымбатты ағалар мен апалар, іні-қарындастар, желкілдеп өсіп келе жатқан жас жеткіншек! 
Бүгін біз қарыштап дамыған ақпараттық технологиялар дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Ұялы телефондар, компьютерлер, электронды ақпараттар біздің өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналғаны қашан! Біз  әр секунд, минут сайын ғаламтор желісіндегі ұялы телефонымызға үңілмесек ішкен асымыз бойымызға сіңбейтіндей кезеңге келдік. Заманауи құралдардың бізге жылдам да жедел ақпараттар алуға, хабарласуға пайдасының орасан зор екенін бәріміз білеміз. Біз онымен сөйлесеміз, жазамыз, керек десеңіз бір-біріміздің түрімізді көріп, көңілімізді жайландырамыз.  Бұдан артық адам үшін не керек. Бәрі жеңілдетілген. Техника тілін білсең болды. Аса бір ойланбайсың да. Аз ғана секундтардың ішінде хабар алып жатамыз.
«Хабар алысамыз, бірақ қолымызда қаламсабымыз бен қағпзымыз жоқ» дегендей, біз бүгінде хат жазуды неге ұмыттық? Адамдардың бір-біріне жатырқай қарай бастауы, салқын қарым-қатынастың пайда болуы, жастар арасындағы ажырасудың көбеюі, қатыгездіктің қоғамда жиірек қайталануының бір сыры, тағы да басқа қазақ қоғамында бұрын-соңды болмаған жәйттардың  етек ала бастауы осы хат жазысудың тәрбиелік мәнінің жоғалуында жатқан жоқ па екен деп ойлаймын. Біздің көбіміз қолымызға қалам алып хат жазудың, ой-сезімдерімізді қағазға түсірудің не екенін ұмыттық-ау. Ой тереңінен өріліп шығатын шынайы сезімнен алыстадық. Ал, хат жазысу дегеніміз не еді?! Ол нағыз – ой еңбегі еді ғой. Оңашада өз ойыңды қалам сиясымен ақ қағазға тізбектей түсіре отырып өзіңді де өзгені де толғандыру, тереңде жатқан жан сезіміңді қозғау, ой қуатыңды сезіну, жан дүниеңнің сырларына терең үңілу,  сағыну және қымбат адамыңның жазған хатын сарыла сағынышпен күту, сол хаттарды бойтұмарыңдай сақтау, сан алуан қимас та, қастерлі сезім күйлерін бүкіл қан тамырларыңды бойлай жүргізіп бастан өткеру емес пе еді.Айта берсек біздің таңғы шықтай сезімге толы жан тебіреністеріміз сол хаттардың ішінде еді ғой. Әкенің балаға, баланың әкеге, ананың перзентіне деген сөз жетпес сағыныштары, достың досқа, бауырдың бауырға деген риясыз көк сиямен жазылған ыстық пейілдері мен жүрекжарды сезімдері бәрі де сол хаттарда шертілетін.  Олардың өз қолымен жазылған қолтаңбасы сенің қимас сәттеріңнің сағынышты іздеріндей сайрап жатпайтын ба еді.
Ал, мұның бәрін бүгінгі біз мақтан тұтатын телефоннан,  компьютерден сезіне аламыз ба?
Менің бұлайша Сіздердің алдарыңызда ой қозғауыма шалғай ауылда тұратын оқушы қыздың ақ қағаз бетіне маржандай қолымен жазылған хаты себеп болды. Ол өз хатын «Саламатсыз ба, Аида апа!» деп бастап ауылында интернет болмағандықтан хатты қолымен жазып отырғандығын, оған айып етпеуін сұрапты. Бұл хат компьютерде теріліп, принтерден шығып келсе мен мұнша әсерленбейтін едім.  Кішкентай сіңлімнің көк сиямен, әдемі қолымен жазған хаты маған ерекше тебіреніс туғызды. Мен де оған өз қолыммен жауап хат жаздым. Оған  хатты қолмен жазудың үлкен еңбек екендігін, ақ қағазға хат жазу өнерін тастама деп апалық ақылымды айттым. Айта отырып ойландым. Сонау Ұлы Отан соғысындағы ата-әжелеріміздің сағына күткен, сарыла күткен үшбұрышты хаттары, одан берідегі қиын-қыстау кезеңдегі әке-шешелеріміздің жүрек тұсында сарғая сақталған пошта маркасы жапсырылған ақ көгершіндей хаттар оларға ерекше рух пен қуат  беріп қиыншылықты жеңуге, үлкен жеңістерге жетуге үйреткен  жоқ па еді. Енді сол хаттардың ролі бүгінде шынымен жоғалып кетті ме? Жо...оо..қ. Ешқандай да жоғалған жоқ. Мен оған біржолата келіспес едім. Сіз қолыңызға бір мезет қаламсап алып көріңізші. Алыста оқитын балаңызға немесе бауырыңызға, иә болмаса әке-шешеңізге, аға-апаңызға хат жазыңызшы. Ойланасыз, толғанасыз. Бірінші жазғаныңыз дұрыс болмай жыртып тастап қайта жазасыз. Ойыңызды жинақтайсыз. Жазу мәнеріңізді түзейсіз, сезімге берілесіз. Ойлы да салиқалы сөздер іздейсіз. Ең бастысы сол хаттың оқыған адамға шуақты әсер қалдыратыны ақиқат. Ол адам да сізге де ақ қағаз бетіне өз қолтаңбасымен хат жазсын.  Әсіресе ата-ана баласына, баласы ата-анасына қолына қаламсабын алып хат жазып тұрса, ақыл кеңестері мен сырларын ақ қағаз бетіне түсірсе шынайы жан-дүние байлығы, табиғи байланыс деген осы емес па! Өкініштісі, бүгінде  көптеген балалар өз ата-аналарының жазу мәнерін білмейді, танымайды. Соның салдарынан олар әлеуметтік желілердегі қырық қате жазуларға бой үйретті. Бұлай кете берсек  ақиық ақын Мұқтар Шаханов айтқандай  компьютер басты жарты адамдарға айналып кетпесімізге кім кепіл?  Иә, ардақты ағайын, мынау қым-қуыт дүниеден өзіңді бір сәт оңаша қалдырып, ойыңызды жүйелеп, қолыңызға қалам мен қағаз алып досыңа, балаңа, бауырыңа, ата-анаңа хат жазыңыз. Хат жүректе қалады, жүрек түкпірінде өмір бойы сақталады. Ұстаздар қауымына айтар ұсынысым, мектепте балаларға хат жазу өнерін үйретуді жолға қойсақ.
«Екеуміз бірге өткізген күннің бәрі аңыз, уақытқа бағынып бірақ барамыз. Анда-санда алған хаттар арқылы ажырамай тұр арамыз» - деп жазылған өлең жолдарындай бүгінде темір технологияға телмірсек те табиғи қалпымызды ажыратпай қымбат дүние - хат жазуды бір сәт ұмытпайық.   Бір-бірімізге жазған хаттарымыз арқылы жүректеріміз жылынсын, ойларымыз кемелденсін,  парасат-пайымымыз кеңейсін, жан-дүниеміз жаңа атқан таңдай жадырасын. Хат жазайық, ағайын!

Сіздерге деген шексіз құрметпен Әбибуллаева Аида Ибрагимқызы.
ӘДЕБИЕТ 19 қыркүйек 2017 г. 1 825 0