Бұл қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын жан-жақты терең зерделеп, саралап-салмақтап, түбіне жете талдап жазған кісі, әй, кемде-кем шығар! Қазақ қазақ болғалы бері қойнына бар құпиясын жинап алып, бүк түсіп жатып алған бура кеуде кәрі тауға не болмаса тереңіне пенде жетіп болмас түпсіз тұңғиық бір әлем секілді елестейді де тұрады бізге!
Қалай десек те, бұл қазақ – текті қазақ!
Бұл қазақты шын білгің келсе – оның салтына, дәстүріне, сан түрлі көңілге қона кетер әдет-жоралғыларына барынша бойлай білуің шарт! Өйте алмайды екенсің, қазақ та сен үшін мәңгі жұмбақ! Ашылмас, аршылмас, сырын ішіне бүккен сырлы арал!
Кей-кейде ойға қаламын: осы қазақтың жақындық-туыстық бұтағының нағашы-жиен деген бір тармағы – тұнып тұрған философия, оны қалай қарай бұрып әкетпек болсаң да, еш бұзылмайтын, мәнін жоймайтын, маңызы зор, түбірі терең, мол мағыналы бір арна...
***
Нағашы-жиен деген жіңішке жіптей нәзік туыстық қазақ қазақ болғалы бері жалғасып, маңызданып, ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқаны дау тудырмас ақиқат екенін біле тұрсақ та, бүгінгі күннің тереңінен қарасақ, біз осы бір әдемі сыйластыққа жаңа заман желеуімен аз-кем серкеулік түсіріп алмадық па деп те ойлап қоятынымыз бар. Өткен ғасырдың 70-жылдарының аяқ шенінде «Тамаша» деген әзіл-сықақ отауы құрылып, теледидар арқылы сол бағдарлама қазақ еліне молынан танымал болды. «Тамашаның» негізгі әртістері – Құдайберген Сұлтанбаев пен Тұңғышбай Жаманқұлов нағашы-жиен болып ойнап, әртүрлі әзіл-қалжың айтпаушы ма еді. Сөйтіп, бүкіл елді қыран-топан күлкіге кенелтуші еді! Сол кездегі біздің буын Құдайберген мен Тұңғышбайға қарап, нағашы-жиен деген тап осылай болады екен ғой деп ойлағаны да кәдік. Ал, шын мәнінде... нағашы-жиен деген кім?
Мұндай бауырдан бетер етене жақын туыстық тармақ басқа елдерде бар ма, жоқ па – білмеймін, алайда қазақ үшін нағашы мен жиен әу бастан-ақ асыл байланыс, ажырамас жақындық һәм жан-дүниеңмен жымдасып сыйласа білудің жарқын символы болған-ды. Рас, тап солай!
Осындайда еске түседі, баяғыда-а 20 ғасырдың бас кезінде біздің Нәлібайұлы Жұмат атамыз тауда жылқы жайып, қымыз ішіп жатқан кезінде Жаңақорған қыстағынан бір жиен бала қонақ болып, қыдырып келмей ме! Сол жиен жас басымен өте пысық болса керек, бір күні қорада бапталып, бабы келісіп, енді қиқу жетсе шабуға әп-әзір тұрған бәйге атты – Құбаханды бас жібімен жетелеп, алып қашып кетпек болыпты. Жиендік жасау жолы тап осылай бола береді деп түсінсе керек бұл әрекетін! Бірақ оны Жұмат атамыздың інісі сол заматта көріп қалып, әлгі жиенді желкелеп әкеліп, кішкене жұдырықтап алмай ма! Үйдің көлеңкесінде қамығып отырған жиенді көрген Жұмат ата:
– Балам, менімен бірге жүр,-депті арқасынан қағып. – Екеуіміз отарды аралап келейік.
Сөйтіп төскейде жусап жатқан бір отар қойдың қақ ортасынан кесіп өтеді де, жиенге:
– Қай жағында қой көп? – деп, бұрыла сөйлеп, сұрақ береді. Жиен оң жағын көрсетеді.
– Ендеше, – дейді атай. – Осы бөлігін сен ауылыңа айдап әкете ғой! Бұл малдар енді сенікі!
Көңілі түсіп, қамығып қалған жас жиен тап сол сәтте не сенерін, не сенбесін білмей, атайға қарап жымың-жымың етіпті.
– Ата, шын сөзіңіз бе бұл?
– Е, немене, мен сенімен осылай әзілдесем бе? Болды! Мына жақтағы бір қора қой-ешкі енді саған тиесілі! Не істеймін десең де өзің білесің!...
Міне, нағашылар жиенге осынша құрмет көңілмен қарап, осылай көтермелеп отырған екен сол жылдарда.
Біз бүгінгі шағын мақаламызда осынау іргелі туыстықтың алтын діңгегі іспетті адами жақындық туралы талдап жазып, түп-түгел түсіндіріп жатуды мақсат тұтпаған едік. Біздің айтайын дегеніміз...
***
Өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғы еді. Қызылордада комсомол һәм баспасөз саласында азды-көпті қызмет атқарып, енді Алматыдағы жоғары партия мектебіне екі жылдық оқуға келген бетіміз болатын-ды. Орталық партия комитеті үлкен басқосу яки жиын өткізетін болса, дереу партмектебінің тыңдаушыларын ұйымдастырушылық-шаруашылық жұмыстарына жегеді. Оған өзіміз де іштей қарсы емеспіз. Қазақтың небір жайсандары мен нарқасқа ұл-қыздарын көру һәм олардың қолын алу – ол кезде үлкен арман.
Сондай үлкенді-кішілі шаралардың бірінде, асығып-аптығып жүгіріп жүрген кезімізде Сыр бойынан есімдері елге мейлінше таныс екі азамат келе қалды. Оның бірі – сол кездегі Тереңөзек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жолдасбек Ердешбаев та, ал екіншісі – облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Оңалбек Сәпиев. Елді сағынғанымыз ба, әлде ағалардың жүзі өте ыстық көрінді ме – дереу жүгіріп барып амандасып жатырмыз. Оңалбек ағам менің сәлемімді алып жатып:
– Қалай, жақсы оқып жатырсың ба? – деп сұрады.
– Оқып жатырмын, аға! Осындай алқалы жиындарға бізді де жиі-жиі қатыстырып қояды.
Ол кісі менің арқамнан қақты. Ағалық көңілмен жақын тартып тұрғанын да сеземін. Осыдан біраз уақыт бұрын облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып еді, сол кезде қызметке шақырып, қарамағында жұмыс атқарғанбыз, идеология бөлімін басқарғанбыз. (Тек мен ғана емес, осы күні есімдері қазақ еліне молынан танымал болған бірқатар әкімдер, депутаттар, мемқызметшілер, кәсіпкерлер де ол кісіге шәкірт!) Сол күндерді еске алып тұрды ма, білмедім, әйтеуір:
– Оу, нағашы, бері қара! – деді ақ шашты аға-досына бұрыла сөйлеп. – Сен мына жігітті танисың ба?
Ол кісі, әрине, мені жыға танымаса керек. Өйткені, елде жүргенде тығыз араласа алмадық. Біз жас едік, ал ол кісі аудан басшысы... Сонда да Жолдасбек көкем маған мейірлене қарап:
– Әй, осы баланың жүзі маған өте ыстық көрінеді, – деді.
– Ендеше, – деді Оңалбек аға. – Танысып ал, нағашы! Бұл – болашақ үлкен жазушы, кешегі комсомол қызметкері...
Сосын аты-жөнімді айтты. Сол-ақ екен Жолдасбек көкемнің жүзі нұрланып сала беріп, мені ерекше мейіріммен құшағына қысты!
– Ау, сен өзімнің өте жақын інім екенсің ғой, – деді іштегі қуанышын да жасыра алмай. – Әкеңді білем. Көзін көргем. Өзіміз қатты сыйлаған ағай ғой. Қырашта тұрды емес пе? Әлгі қарашалардың аулында...
Мен басымды изеп жатырмын... Енді Жолдасбек көкем менің әкем туралы ерекше әсерленіп, шабыттана сөйлеп берсін.
– Ол кісі ауызекі әңгіменің шын шебері болатын, – дейді. – Оны шаппа-шап сөз таласында ешкім де жеңе алмаған. Сосын да құдалық не болмаса ауыларалық дау-таластарға сол ағайды алып баратын.
– Қырашта тұрды дейсің бе? – деп, Оңалбек көкем де елең етті. – Сол ауыл туралы кейінгі кезде көп естимін. Әсіресе, айтқыштығын...
– Ол ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін қалжыңқой, тістеме сөздің шебері болып келеді, – дейді Жолдекең. – Әңгіме айта білу һәм оны өзгелерге тыңдата білу де үлкен өнер. Қыраштың адамдары басқаны білмесе де, әңгіме айтудың хас шеберлері. Әдемі айтады, тамсандырып айтады...
– Нағашы, мені де бір күні сол ауылға алып барсаңшы, – дейді Оңекең. – Жата-жастанып тыңдайық. Баяғыда, бала күнімде бір-екі рет болған едім, ұмытып қалыппын.
– Е, ол ауылға қайдан барып жүрсің? – дейді Жолдекең де қағыта сөйлеп. – Ол жақта неңді жоғалттың?
– Ой, нағашы, сен білмейді екенсің ғой,-дейді. Оңекең даусын соза сөйлеп. – Мен мектеп бітірген соң екі жыл қой баққанмын. Сол Қаратаудың етегінде.... Қыраш ауылының тұсында...
– Кәдімгі қойшы болдың ба сонда?
– Рас, кәдімгі қойшы, – деп Оңекең де желпіне сөзін әрі жалғайды. – Айтпақшы, ана жолы бір ақын жігіттің сол ауыл туралы өлеңін оқыдым. Қалай еді...Ә-ә, былай:
Ауылдан ұзап, қыр астым,
Достарға талай сыр аштым!
Өзіне тартып қоймады,
Топырағы ыстық Қыраштың!
Алыста жүрген кезім мың,
Белгісіз мұңды сезіндім!
Өзіне тартып қоймады,
Топырағы бала кезімнің!...
– Апырмай, ә! – деп таңданды Жолдекең, – Мына өлеңді жазып алатын екен.
Сосын Оңалбек көке тағы да:
– Сол Қырашқа мені өзің алып бармасаң болмас! – деді. – Нағашы, ұқтың ба?
Жолдасбек көкем енді басын изеп қойып:
– Түсіндім, – дейді. – Түсіндім бәрін де. Ендеше, бір күні сол ауылға арнайы барып, қонақ боласың. Осы сөзім-сөз! Нағашың екі айтпайды....
Мен іштей желпініп қалдым. Әкеңді білетін, қадірлейтін кісі болғаны қандай жақсы мына өмірде!... Ал, былайғы елге мүлде белгісіз кіп-кішкентай аулыңның үлкен әңгімеге тиек болғаны мүлде тамаша!..
***
Арада аз-кем уақыт өткенде мені Орталық партия комитеті нұсқаушылық қызметке шақырды. Жоғары партия мектебін бітірмей жатып-ақ, партиялық қызметтің қатардағы сардары болып шыға келдім.
Бір жолы Орталық партия комитетінің кезекті пленумы өтетін болды да, оған жер-жерден пленум мүшелері шақырылды. Бұл үлкен жиынға Сыр елінен тағы да қос көкем – Жолдасбек пен Оңалбек келді.
Жиналыс өткен соң, кешкісін шай ішу дастарқаны жайылды. Екі көкем мені де қастарынан жібергісі жоқ.
Сол жолы байқадым, Жолдасбек көке – нағашы да, Оңалбек көке жиен екен. Екеуінің әзіл-қалжыңы, біріне-бірі аса сыйластықпен сөз айтуы, әдет кемерінен асып кетпей әңгіме-дүкен құруы мені шын таңғалдырды.
Пленумда Жолдасбек Ердешбаев сөз сөйлеген-ді. Екеуі шәй үстінде соны қайта-қайта тілге тиек етіп, күле сөйлесіп, желпініп отырды.
– Байқайсың ба, нағашы, – дейді Оңалбек көкем. – Сен сөзіңді ресми емес, «мына басымдағы ағарған шашым куә...» деп бастағаныңда бүкіл зал сілтідей тына қалды. Міне, мәнді сөздің әсері де мол болады деген сол...
– Оны менің аузыма салып жіберген сен ғой, жиенжан, – деп,Жолдасбек көкем де ризалық пиғылымен күліп қояды.
Әңгіме үстінде тағы бір байқағаным, ел басқарып отырған екі азамат сол жолы Сыр елі үшін үлкен күрмеулі мәселені оп-оңай шешіп алғанға ұқсайды. Әлде қаржы мәселесі, әлде басқа нәрсе... Соның бәріне де себеп болған әлгі пленумдағы айтылған, елді елең еткізген мәнді де маңызды сөз екен.
– Осылай ауызбіршілікте бола білсек, бірімізді-біріміз толықтырып отырсақ, біз алмайтын асу да, қамал да болмайды, нағашы! – деп, Оңалбек көке тілек-тос көтеріп жатты.
***
Үлкенге де, кішіге де мейірімі мол екі азамат бұдан кейін де Алматыға әлденеше рет ат басын тіреді. Қайсыбір сапарында болмасын мені тауып алып, орталарында болғанымды қалайды. Өзім үшін де әзіл-қалжыңы жарасқан нағашы мен жиенді тыңдау, солардың көңілге әртүрлі ой салар терең мазмұнды әңгімелеріне құлақ қою асқан ғанибет!
Мен сол күндері бұл қазақтың нағашы мен жиен деген аса қымбат жақындығын ерекше сезіне түстім. Тіпті маған көп нәрсені айтпай-ақ ұғындырғандай. Жиеннің жұмсақ әзілі, нағашының еркелете үн қатуы – бәрі де әлі күнге көз алдымда. Олар ешқашан ащы сөзге бармайды екен. Араларында қылт етпе өкпе де болмайды екен. Қайта бір-бірін толықтырып, біріне-бірі сыйлы көзқараспен қарап жүріп те жақындастық пен татуластықтың биік шыңы қандай болатынын көрсете білді деп ойлаймын.
Әттең, менің ақ жүрек көкем Жолдасбек Ердешбаев мына фәниді ерте тастап, бақиға асығып кетіп қалды. Жастау кетті. Ертерек үзілді. Әйтпесе, арамызда жарқылдап, осы күндері жол көрсетіп жүретін жөні де бар еді. Әрине, тағдырға өкпе жоқ. Сол аз ғұмырында Қызылорда облысының Қазалы, Тереңөзек, Шиелі секілді бірқатар аудандарын басқарды. Облыс экономикасын көтеруге, ел дәулетін арттыруға ерекше үлес қосты. Қаншама жас кадрларды тәрбиелеп, өсірді.
Ал, Оңалбек көкем кейінірек республика Парламенті Сенатының үш шақырылымдағы депутаты болып, тәуелсіз еліміздің тағдырында ереулі орын алатын заңдардың қабылдануына ықпал етті. Өзінің бойына жинаған білімі мен білігін халқына арнады. Елінің беделін көтере түсуге жұмсады.
Айта кету керек, Оңекең қазақ ұлтынан шыққан, зерделі білімі мен биік деңгей-дәрежесі арқасында Мәскеуде, Бүкілодақтық жастар одағында жауапты қызмет атқарған санаулы қазақтың бірі. Кешегі Кеңестік кезеңде Орталық аппаратқа өз талантын мойындатып, сондай жауапты лауазымға қол жеткізу – ауылда өскен қарапайым қазақ баласы үшін үлкен жетістік екені айтпаса да түсінікті.
***
Бұл күнде біздің арамызда нағашы жоқ, жиен ғана бар.
Оңалбек көкем әлдебір сәттерде ақ шашты ағасына базыналық айтып:
– Әй, осы мен нағашыға жарымадым-ау! – деп сөзбен тістеп-тістеп алатын-ды. Сондайда Жолдасбек көкем аспай-саспай:
– Е, жиен шырақ, сен үшін ғой осынша талпынып, күн-түн демей жұмыс істеп жүргеніміз, – дейтін. – «Жиеннің жақсы болғаны – нағашыдан» дегенді білем. Ертең ел сен туралы айтып жүрмесін, нағашысы нашар болған соң осындай болып қалды деп...Сол ғой ойлайтыным!
Сосын екеуі де күлетін.
Маған сол бір кездерде, неге екені белгісіз, мына жер бетіндегі ең асыл, ең жақын туыстық – ол нағашы мен жиен сияқтанып кетуші еді...
Қазақ барда, шамасы, нағашы мен жиен деген қасиетті ұғым мәңгі өмір сүреді. Менің көзім жете бастаған бір шындық-осы!
Айтпақшы, Жолдасбек нағашысы өмірден өткен соң жиені Оңалбек көкемнің де шашы тез-тез ағарып кетті. Жасы алпыстан асқанда өзінің өткен өмірі мен атқарған қызметі жайлы, отбасы мен балалары туралы ой толғаған ойлы кітап әзірлеп, баспаға ұсынар кезде маған оқытты. Сосын:
– Атын қалай деп қойғанымыз дұрыс?-деп сұрады. Мен еш ойланбастан «Ерте ағарған шашым куә» деп атамайсыз ба?» дедім.
Көкем осы сөзді құп көрді. Тіпті қуанып сала берді.
– Өзімнің де ойымда бар еді, – деді толқи сөйлеп. Табылған ақыл болды. Өте дұрыс!
Міне, одан бері де ондаған жылдар жылжып кетіпті. Оңалбек көкем де жетпіс деген асау аттың жалына жармасыпты. Мені көрген сайын «нағашымды сағынып жүрмін» деп сөз сабақтайды. Сол сәтте менің де ойыма қызыққа толы өткен күндер орала береді. Рас, Жолдасбек Ердешбаевтың артында қалған бірнеше ұрпағы өсіп, ержетті. Үлкен-үлкен қызметтерге араласып жатыр. Оңалбек Сәпиевтің да ұл-қыздары өмірден өз орнын тапты. Менің асыл жүректі қос жеңешем Несібелі мен Зада бүгінгі тәуелсіз еліміздің тәтті ауасын жұтып, өмір кешуде. Бәрі де жақсы. Бәріне де тәуба! Тек... басын ақ қырау шалған абзал жан – Жолдасбек жоқ. Сол кісіні іштей сағынып та қоямыз.
Шынымды айтсам, мен бұл мақаланы осылай тез, аяқ астынан жаза қоярмын деп ойламаған едім.
Бәріне себеп болған бір-ақ нәрсе! Ол не дейсіз бе? Ол...
Бір жолы Оңалбек көкем мынадай әңгіме айтты. Сәпи ақсақал мен Ұрқия анадан туған торсық шеке ұлды (яғни Оңалбекті) ұлы анасы, Зұлфия (шешесінің анасы) дереу өзі иеленіп, өзінің бауырына басыпты. «Сонда» дейді Оңекең «70-ке тақап қалған кейуананың кеудесінен сүт шыққан екен деседі». Сол ұлы анасы Зұлфияның бауырында ес жиып, он жасқа дейін болады. Зұлфия-ана кей күндері жалғыз ұлы Ағайдар Әбішұлын (Ұрқияның інісі) еске алып, қамығып сөйлеп, егіліп-егіліп қояды екен. Жас бала әуелде ол кісінің неге жылайтынын еш түсінбей жүріпті, сөйтсе, оның терең сыры бар екен. Ағайдар Төменарықтағы ауыл мектебін үздік бітіріп, өз бетімен Мәскеуге барып жоғары оқу орнына түседі. Сосын Ташкентке арнайы жолдамамен келіп, сот саласында лауазымды қызметке тағайындалыпты, Еңбекке енді ғана білек сыбана кіріскенде Ұлы Отан соғысы басталады. Сөйтіп, өз еркімен соғысқа сұранып, аттанып кеткен де, көп ұзамай-ақ, жау қолынан қаза болды деген «қара қағаз» келген.
– Ұлы анам Ағайдардың өлгеніне еш сенбеді. Сене алмады. Өмір бойы күтті, – дер еді Оңекең. – Сенбеген күйі көз жұмды.
– Менің жалғандағы жалғыз нағашым сол ғой, – дейді Оңекең тағы да. – Ағайдардың артында ұрпақ та қалмады. Үйленіп үлгермеді ғой. Енді, міне, аты да ұмытыла бастапты осы күні. Елде ешкім де білмейді...
Мен үнсіз тыңдаймын. Оңекеңнің сонша езіле еске алып отырған нағашы көкесінің бейнесін ойша көз алдыма әкелмек болам. Бәлкім, ол кісі кешегі ақ шашты көке – Жолдасбектей болған шығар,ә! Ойымды оқып қойғандай:
– Жолдасбек ағаға «нағашы» деп еркелегенде ылғи есімде Ағайдар ағатайым тұратын-ды,-деді Оңекең. – Артында жоқтайтын ешкімі жоқ қой, атын атап, құран бағыштасам ба деймін. Жиендік міндетім сол емес пе, а?
Сосын аппақ шашын қолымен қайта-қайта салалап қойып, ойланып отырып қалушы еді.
Міне, осы бір нағашыға деген жиендік сағыныш пен бөлекше құрмет мені соңғы күндері қатты ойландырды.
Бұл жазба – нағашы мен жиен деген жарасты туыстыққа тамсану һәм сондай шынайы сезімді шын қадірлеуден туған мөлтек сыр ғой. Басқа не болсын!...
Жолтай ӘЛМАШОВ,
жазушы.