АРАШАШЫ

Ол осыдан 80 жыл бұрын айбынды Арал табанында, тулаған теңіз толқынында дүние есігін ашқан жан. Сөзімізді ақындар жырымен айшықтап алып, жалғастырайық:
Жетпісті жеңіп, келдің, міне, сексенге,
Бұл асуға желіп жеткен тек сен бе?
Арашашы болып жүрген Аралға
Сендей жанды таппаспын, сірә, ексем де!
Иә, айтылған тәмсілдің кейіпкерін іздеп, ол туралы дәмді дерек дәметіп отырған шығар оқырман. Ендеше құлағдар болыңыз: әңгі¬ме¬міз табиғи апат арбаған айдынды Арал жайлы, оның төбесіне төнген «ақырзаман» туралы, оның дүлей зұлматына араша түсіп шырылдап жүрген «аңыз адам» деген атағы бар замандасымыз Құдайберген Саржанұлы хақында.
Жә, енді алдымен  Құдайберген Саржанов туралы аңыз-әңгімені тыңдап алып, сонан соң шын¬дық¬тың шылбырын шыжымдайық. Ол туралы аңыз-әңгімелер қазір мақал-мәтелге айналып, қазір тіпті ауылдан асып, шет жердегі қандастарымыздың Түркиядағы, Қытайдағы, Франциядағы, Гер¬ма¬ния¬дағы, Қаптауындағы, Ресейдегі қаракөздердің аузында жүр. Кәні, тыңдайықшы: «Бата дарыған бала, қос мекенді Құдайберген, туған жерін түлетуші, су жетелеген Саржанов, шапағат шашқан Саржанов, Қаяздың қамқоршысы»,  т.б.
Әлқиссаны алдымен «Бата дарыған бала» деген әпсананы тірілтуден бастайық. Бұл осыдан 80 жыл бұрынғы оқиға. Теңіз қой¬науларында қоқаңдаған қуғын-сүргін ке¬зең¬нің жандайшаптары жалмаңдап, аймақта ашаршылық пен қуғын-сүргіннің ылаңы лапылдап тұрған күндердің бірінде бір перзентке зар болып отырған әулеттегі Саржанның шаңырағында бір ұл дүниеге келіп еді. Ырымшыл жандар жиылып, «мұны да көретін күн бар екен... көзжасымызды құрғатсын, қайғы-қасіреттің жолына қарсы тұрар қамал болсын деп Құдайдың өзі бере салған шығар» деп атын Құдайберген қойып еді. Сол қуаныш үстінде әулеттің дуалы ауыз ақсақалы Бұйра ата бесіктегі шаранаға «ұзақ жаса... бақыт тап, болсын, жаным, Алла жақ, беделің мәңгі биіктеп, мансаптың биігіне өрле, туған жердің жоқтаушысы бол, орның лайым төрде болсын...» деп ақ батасын беріп еді.
Бүгінде өзі де ата асуына шыққан Құдекең сол ата батасын дәйімі еске алып, баба аруа¬ғына құлшылық етіп отырады. Расында Құдайберген білім есігін екінші әлемдік со¬ғыстан кейінгі қиын кезеңде қатарынан бұрынырақ ашты. Оған отбасындағы тар¬шы¬лық тауқыметі, жан анасы Ұлмекеннің сәт сайын айтатын өсиет-ақылы, сонау дүние есігін енді ашқанда аруақ аталар айтқан ақ тілектер жебеуші болған еді. Өйткені жасынан-ақ туымы бөлектігін таныта бастаған. Әке тәрбиесі бұйырмады, ол да ұл қызығын көрмеді, мені алда қандай тағдыр күтіп тұр. Қалайда сөніп қалған әке арманын тұтатып, анамды қуантып, әулетімді мерейлендіріп жүрсем деп қиялдап қоюшы еді ол жасында.
Осылай Арал суына шомылып, арман-қиял толқынында жүзіп жүрген қарадомалақ бала сонау сұрапыл соғыс тынсымен мектеп есігін ашты. Бас¬тауышты өзгелерден үздік бітірген Құдайберген білімге құныға бас қойды. Ол кезде тұрмыс тауқыметі жолын кескен ауыл балалары мектепке кешігіп, есейіп баратын да, хат таныған соң оқуды тастап, күн көру қарекетіне кететін. Мұндай әлем әрекет бұл аймақта мүлдем үстем еді. Өйткені, ауылдар бытыраңқы, мектеп аз, жер шалғай. Сосын да Құдайберген өзінен ересек балалармен өзі тар, қыста суық, жатаған мектепте алыстан қатынап оқыды. Сабақтан қалмай көркем кітаптарға үңіліп, газет-журналдарды парақтап жүретін әдетке ие болды. Ұмытпасам, 5-сыныпта болар, бірде мұғалім сыныптағы оқушыларға «енді екі  жылдан соң  жетіжылдықты бітіресіңдер, сосын кім қайда оқығысы, қандай мамандық алғысы, қысқасы, кім болғысы келеді? Осы тақырыпта үйден шығарма жазып келіңдер» деп тапсырма берді. Сондағы Қ.Саржановтың «шығармасы» күлкіге айналып, көпке дейін оқушылардың, «Аманөткелдегі» адамдардың аузынан түспей жүрді. Күлуге тұ¬рар-лық – сондағы Құдайбергеннің  шығармасы – «Мен өскенде Аралдың жоғары білімді балықшысы боламын» деген жеті-ақ сөзден тұратын еді.  Ал, күлмей көріңіз...
Сөйтіп, Аралдың «жоғары білімді балық¬шысы» Құдайберген Саржанов дәм айдап, арман қуып, тағдыры тағайындап 1952 жылы Аманөткелдегі жетіжылдық мектепті бітірген соң Гурьевтегі балық шаруашылығы техникумына оқуға түсті.
Содан Аралдағы әлемдік экологиялық апат¬тың арашашысы, экс министр, қоғам және мемлекет қайраткері, күні-түні теңіз төрінде тынымсыз ұшып, айдынға тамшы тасып жүретін ақ шағала бала Құдайберген Саржанов 1956 жылы орта дәрежелі білім алып, туған жер төріндегі балықшылық өмірін бастап кетті.
Алғашқы екі жылда жас маман «Қазақ¬стан», «Райым» балық колхоздарында нұс¬қау¬шы болып тәжірибе жинақтап,  өмірлік сынақтан өтті. Өндірісте шыңдалып, мойнына құрық түскен «асау» жуасып, шұрайлы жайылымға шыққан соң өрге шапқан тұл¬пардың кебін киеді. Өсу жолы әуелі Аралмембалық тресіне қатардағы инженер болудан басталды. Содан соң әуелі осы трес¬тің «Авань» балық зауыты бас инженері қызметінде болды. Түбі терлігі құрғамайтын тұлпар болатынын танытқан жас маман  бас аяғы оншақты жылдың ішінде Қуаңдария балық аулау базасына директор болып та¬ғайын¬далды да екі жылдан соң партиялық жұмысқа – Арал аудандық партия комитетіне бөлім меңгерушісі болып жоғарылады.  
Осылай туған жерінде шу дегеннен бе¬делді қызметтердің тізгінін ұстаған азамат баяғы оқушы кезіндегі «Аралдың жоғары білімді балықшысы боламын» деген уәде үдесінен шығуды да ұмытпаған еді. Сол сөзім асылық болмасын деген ол үнемі биік тұ¬ғырға қондырып отырған қызметін місе тұтпай оқуды армандады. Қалайда жоғары білімді алуды көкседі. Ақыры 1965 жылы облыс партия органдарының жолдамасымен Алматыдағы жоғары партия мектебіне оқуға түсті. Сөйтіп кешегі балалық шағында ауылдағы Арал толқынына шомылып өскен жігіт енді  әлемдік білім теңізінде жүзуге құлаш ұрды.
Оқушы қауымнан кейіпкерімнің бірыңғай атқарған қызметтерін тізбелей бергенім үшін алдымен кешірім сұрап алып, әңгімемді жал¬ғас¬тырайын. Әрине, мен сияқты осы саланың сақалды қаламгері үшін жаттанды, жауыр болған әдіс бұл. Дегенмен, Құдекеңнің Аман¬өт¬келдің шалшық суын кешіп өскен қазақтың қарадомалақ баласының Арал айдынынан ұшып, мыңның бірінің маңдайына бұйыра бермейтін республикадағы министр тағына қонғанға дейінгі, одан соңғы дүние жаралғалы шарасына сыймай толқып жатқан теңізге төнген апатқа араша түсіп жүрген өлермендік іс-әрекетін тәптіштей білсін деген пиғылдың әбестігі бола қоймас деп ойлаймын.
Солай. Беделді саяси біліммен оқудан оралған жоғары білімді балықшы бұл жолы еңбек жолын партиялық қызметтен – облыстық ¬партия ко¬митетінің нұсқаушылығынан бас¬тады. Онан соң туған ауылға оралып, Арал аудандық кеңесі төрағасының бірінші орын¬басар¬лығына та¬ғайын¬далды. Үш жылдай кеңес қызметі сымына тартылған соң өз мамандығының осы маңдағы шыңы – Қазақстан балық шаруашылығы минис¬тр¬лі¬гінің Аралбалық комбинаты бас директоры болды.
Ол шақтағы ресми саяси органдарды айт¬па¬ғанда аймақтың экономикалық тағдыры осы комбинаттың қолында болатын. Сосын да төңіректегі кіші¬гі¬рім кәсіпорындар мен мекемелер комбинат бас¬шы¬сының қасқабағын бағып, тілекшісі болып отырушы еді. Тоқетері – Құдекең содан комбинатты он жылға жуық басқарды. Осы кезең ішінде ол тынымсыз еңбек етті. Су астындағы, жер үстіндегі тірліктердің оңына  оралу тетігі өз қолында болған соң, Саржановтың бел босатып, бейжай отыруға қақысы жоқ еді. Айтпаса да түсінікті – осы жердің тумасы, теңіз табанында туып, суына шомылып өскен, қырындағы төрт түлікті, суындағы ақ маржанды айдап өргізген, халқы өзін мәпелеген тумалары. Тәжірибесі бай, енді өзі болжағандай «жоғары білімді балықшы». Тұлпарды түлетіп, қиын¬¬дықтан қаймықтырмаған әлгі аталған жауап¬кершіліктер еді.
Комбинат басшылығына келген соң Құдекең тыным көрмей қимылдауды әдетке айнал¬дырды. Контордан шықса су жағалап, балықшылар тірлігін бақылайды, кеңсеге келсе аймақтың ахуалын айтып, тиісті орындарға хат жазады, құзырлы орындарға телефон соғады. Әйтеуір қашан көрсең де «иненің» үстінде отырғаны.
Осылай қайнаған шаруалармен шырмалып жүрген күндердің бірінде облыстан 4 кісі Респуб¬лика министрлер кеңесіне шақырылды. Онда Арал балық шаруашылығының жағ¬дайы жөнінде мәселе қаралмақшы екен. Отырыста облыстық партия комитетінің хатшысы хабарлама жасайды деген пәтуа болған еді. Ол ұйғарым өзгеріп, министрлер кеңесінің төрағасы Б.Әшімов хабарлама жасау үшін Қ.Саржановқа сөз беріп, бес минуттың орнына он минут уақыт берді. Бұрын мұндай аса биік ел басшылары алдында сөйлеп ысылмаған   Құдайберген қанша қымсынса да, өзіне аян шаруаларды, оясына келмей отырған проблемаларды қағазға қарамай жатқа айтып шықты. Сұрақтарға да жыртыққа жамау боларлық жоқ-жітігін, кемшін-кедергілерін де ретті тұстарда араластыра отырып тиянақты жауап берді. Осы отырыстың ізімен артынша комиссия құрылып, орталық партия комитеті Арал мәселесі жөнінде арнайы қаулы қабылдады. Комиссияны Жоғары Кеңес президиумының төрағасы С.Ниязбеков басқарды. Комиссия құрамында сол кезде елге белгілі, беделді басқа да басшылар болды.
Бұл бір Құдайберген үшін апатты ай¬мақ¬тың мұң-мұқтажын ел басшыларына өз аузыммен жеткізсем деген арманын іске асырудың алғашқы бастамашысы болған ұлы оқиға еді. Осы отырыстан соң сең бұзылып, орталық комитет алған қаулының, комиссия тұжырымының шапағаты шаң бере бастады. Төрт-бес жылдың ішінде Аралға тұщы су келді, жадыратып жарық тартылды, тұрғын үйлер салына бас¬тады. Аймақ тынысы кеңейіп, халықтың болашаққа деген үміт-сенімі орныға түсті. Бұл Саржановтың туған жері үшін жасаған тәуекел қадамының жемісі еді. Бұл қимыл-қадам оны қуанта, жігерлендіре, жігерін жани түсті.
Иә, бұл бір Арал аймағында үміт пен үрейдің  ақ шағаласы шарлап жүрген шақ еді.  Шүкір, Ақтөбе мен Торғай облыстарының балық шаруашылығы осында қарайтын. Осылай елдегі дайындалатын балықтың үштен бірін осы аралдықтар өндіретін. Бірақ... теңіз суының күн сайын тартылуы, аймақтағы экологиялық зілзаланың әлемдік қасірет деп ауыздан түспеуі Сыр халқын, аралдықтарды, тіпті, Қазақстан жұртын жиі-жиі үһлетіп қоятын-ды.
Осындай балықты ауыл аспанына қара бұлтқа айналып тұрған шақта Қазақстан басшылары батыл да қайырымды бір қадам жасады. Өзі осы өңірде туған, бүкіл Қазақстандағы су маржанын теретін тірлікпен көзін ашқан саланың майталман маманы, аталған аймақ¬тағы қымқуыт кәсіптің талай тағылымды мек-тебінен өткен Құдайберген Саржановты 1983 жылдың наурызында Қазақ ССР Балық шаруашылығы министрі етіп тағайындады.
Шынын айтсақ, Құдекең аса биік лауазымға алдымен қуана отырып, биік үмітпен, әйтсе де дүдәмал күдікпен кірісті. Қуанатыны – баяғы берген батаның қабыл болғанына, адал еңбектің шыңға шығарғаны еді. Сол үшін тәубеге келіп, алдымен аруақтарға тәжім етті. Үміттенетіні – таныс тірлік, сірмінез сала, ал күдіктенетіні – шаруаның кей тұстарын экология зардаптары зарықтырып тұр. Табиғатпен тайталасудың абырой беруі екіталай.
Ендігі әңгіменің жалғасын бүгінде сексенге келіп отырған экс-министрдің өз аузынан естелік:
– Жасыратыны жоқ, министр болудың қуа¬нышынан реніш-үрейі басым болды. Өткен ға¬сырдың алпысыншы жылдарынан бастап Ұлы дарияның ұлтанына түсетін су деңгейі төмендеп, жыл өткен сайын Аралдың несібесі де кеми бас¬тады. Бұл көрініс теңіз перзентін шала ұйқылы жағдайға тап қылды. Кейде қиялдап, ойым сан-саққа алып ұшатын болды. Оған дәлел: бірде авардың ұлы ақыны Расул Ғамзатовтың «егер менің ана тілім ертең жойылатын болса, Құдайдан мені бүгін алуын тілеймін» деген жанайқай сөзін оқып, мен де осындай ойда болып қатты толқыдым. Шынында, туған жерің көз алдыңда тозып жатса, теңізің ертең тартылса: ол ақырзаманды тірі көрудің қажеті қанша?!
Қой, құр күңіренгеннен не пайда дедім де апатпен батыл айқасуға бекіндім. Ұзамай Д.Қонаевқа кіріп, Арал жөніндегі пікірімді айттым. Ол жылы қабылдап, бұл түйткілмен өзі де үнемі айналысып отырғанын айтып, Н.Ә.Назарбаевпен ақылдасып, бірлесіп жұмыс істеңдер деп ақыл берді. Ол кезде Назарбаев орталық комитеттің өнеркәсіпті басқаратын хатшысы болатын. Бардым. Сол кезде Аралды суландыру жөнінде отыздан астам жоба болатын. Сол жөнінде әңгіме қозғадым. Осы қазір Аралға «Ырғыздан» да су тартуға болатынын, «Құрдым» деген жердің астында судың мол қоры барын айтып, мәселені терең зерттеп шешуге келісіп, тағы біраз шаруаны бірлесіп атқаруға пәтуаластық...
Ел басшыларының алдында болып, оң қабағынан нәр алған Құдекең Аралдың шаруасына енді арқалана кірісті. БАҚ құралдары арқылы халықпен мұңдасуды, мінберлерден сөйлеуді жиілетті. Қыс¬қасы «жоғары білімді балықшының» экология дертіне ұшыраған Аралының ахуалы министр болған соң мүлде оның тағатын тауысып, арқасын қоздырып жіберді. Ендігі «жыны» Аманөткелден канал қаздырып, сол жерден бөгет салдыру, ол суды қаланың түбіндегі Сарышығанаққа бұру жайлы өрбіді. Бірақ бұл жоба жөнінде кезінде біраз тартыс та болды.
Қордаланған жоспар-жобасын ұсынып, әсіресе қаражат бөлуді сұрап тағы бірде Нұрсұлтан Әбішұлының алдында болдым. Бұл кезде Нұрекең үкімет басшысы болатын. Ол тың ұсыныстарды бүтіндей қолдады да Аралды бөліп қарауға құқымыз жоқ. Оған Өзбекстанның да, Қырғызстан, Түркменстан мен Тәжіктердің де қатысы бар. Олардың да келісімі қажет. Ал, өзімізден қаржы бөлуге көмектесейін. Ретін тауып одақтық (одақтың күші бар кез) министрлікке барып көмек сұра деп ақыл берді.
Артынша көрегендік кеңес берген жанның ақылымен Саржанов сапарға шықты. Көзі табылған іс көңілден шықпайды ғой, бірден Одақтық министрдің қабылдауында болды. Аймақтағы ахуалды қысылмай, жасырмай, байыпты баяндады. Нәтижесінде жол сілтеген Н.Назарбаевтың лепесі қабыл болып, Құдекең Москвадан олжалы оралды. Санамалар болсақ – Аманөткелден канал қаздыратын ПМК ашуға пәрмен алды. Сол үшін Волгоградтан жылжымалы экскаватор әкелді. Ондай техника Одақта санаулы ғана еді. Оны арнаулы поезбен Аралға жеткізіп берді. Саржанов сұраған қаржы түйіні де кезегімен шешіле бастады. Міне, осылай Аралдағы апатпен белдескен шын айқас сол 1989 жылы басталып еді. Әттең... тоқсаныншы жылдардың басында Одақ тарады да бәрі көрген түстей болды.Өйткені осында туып, осы өңірді жайлап келе жатқан заманауи апаттың әр сәтін көзбен көріп, қайранда қайырлап отырған министрдің әсерлі «жоқтауына» одақтағы жебеушілер кілт мойын бұра бастап еді.
Хош, әңгімемізді түйіндер болсақ – жоғарыда айтылғандар «жоғары білімді бас балықшының» ернеуі түсіп, түбі көрініп түңілдіре бастаған ұлы теңізге аузымен тамшы су тасып жүрген, тағы айтайық: Аралдың арашашысы Құдайберген Сар-жанұлының ауыл арасында басталып, министр кезінде туған жерді түлетуінің ұлы жорығына қосқан үлесінің жүзден бірі ғана. Әйтпесе, ол атқарған тірліктің бәрін тере берсек, оқушыны жалықтырып алуымыз мүмкін.
Одақтан енші алып, жаңа қоғам орнаған соң да Арал жыры толас таппады. Қанша халықтың талап-мұңы, азаматтардың белсенді қимылы қырлана түсті. Енді қайткенде кіші Аралды сақтап қалу мәселесі туындады. Елбасының бастамасымен Қызылордаға, Аралға қатысы бар көрші мемлекеттер басшыларының үлкен жиыны өтті. Сөйтіп Кеңес үкіметі кезіндегі 70 жыл ішінде келеге келмеген Сырдария өзені арнасын реттеу, Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу жөніндегі келісім-пәтуа мақұлданды. Сөйтіп, атақты «Халықаралық Аралды құтқару қоры» дүниеге келді. Елбасымыз сол қуаныш үстінде «Бұл қор тек Аралдың ғана емес, бүкіл Сыр бойындағы экологиялық түйткілді шешуге көмектеседі» деп еді. Игіліктің кілтін ашатын қорды басқару осы аймақтың шын білгірі, қоғам қайраткері Ұ.Қарамановқа тапсырылды. Елбасымыз қыруар қиындық пен қарсылықты жеңген халықаралық жанқиярлық еңбегі жоғары бағаланып, шетелдік алтын глобуспен марапатталды.
Оның алдында бұл жоба жыл жарымдай тал¬қы¬ланды. Ақыры ел тілегі періштенің құлағына шалынып, бүгінгі қор дүниеге келді. Ал Құдекең болса Астанада, Алматыда, Қызылордада, тіпті шетелдерде де, газет беттерінде, телеэфирде талай рет сөйлеп, жаңа жобаның пайдасын дәлелдеумен болды. Осылай халықтың көз жасын көрген Алланың жарылқауы мен Президентіміздің жебеуінің ар¬қа¬сында 2005 жылы гидротехникалық «Көкарал» плотинасы іске қосылып, «Кіші Аралға» су келді. Сумен бірге балық келді, өмір келді.
Ұзын сөздің қысқасы – Қ.Саржанов Арал апатына, Сыр өңірі мен қазақ еліне себі тиер елуге жуық (көбісі іске асқан) ұсыныс-пікірлердің авторы.
Жиырма шақты мемлекеттік марапат¬тардың иесі.
Халықаралық Аралды құтқару қоры тобының мүшесі, Арал қаласының құрметті азаматы.
Қазақстан-Вьетнам Республикасы достық қоғамының мүшесі.
Республика Жоғарғы кеңесіне депутат және жергілікті жерден тұңғыш министр болған, Қазақстан өнеркәсібіне еңбегі сіңген, қоғам және мемлекет қайраткері.
Өткен өмірінен сан ұрпақ рухани азық аларлық тәлімді мысалға толы 4 кітаптың авторы.
Қ.Саржанов, тұқымы құрып бара жатқан, «Қызыл кітапқа» енген қаяз балығын Арал суында өсіруді жандандыру қозғалысының жетекшісі, басқа да аймақ жоғын жоқтайтын әлденеше комитеттердің, қоғамдық ұйым¬дар¬дың жетекшісі, аулындағы жарымжан жандардың демеушісі, ардагер аруақтардың жебеушісі де. Сол үшін Алматыдағы жайлы жайында аялдамай, көбіне жолсапарда, туған жерін аралап жүретін «Қос мекенді» атанған Аңыз адам.
Айдынды Арал толқынында жүзген ақ¬қу¬дың көгілдірі секілді хас сұлу жұбайы Қуанған екеуі 5 ұл-қыз өсіріп, олардан бірнеше немере, шөбере сүйіп отырған ардақты әке, аяулы ата.    
Жоғарыда сөз еткеніміздей, жердегі қан¬¬дас¬тары¬ның, аспандағы ақ шағаланың, теңіздегі қаяз¬дың ақ тілегін арқалап сексеннің сеңгіріне шыққан Құдайберген Саржанұлына арналған тілек-құттықтауымызды:
Жаса, жаса, жалықпа,
Тоқсанға жет, тарықпа!
Мініп алып балыққа,
Қызмет ет халыққа! – деген әзілмен аяқ¬тайық.

Өтеген ЖАППАРХАН,
Қазақстанның құрметті
журналисі.
ӘДЕБИЕТ 12 тамыз 2017 г. 1 699 0