Өткен ғасырдың басында Қармақшы жағында бір тентек адам өмір сүріпті. Өзі сөйлей қалса қасақана бұра тартып отыратын қырыс мінезді адам болыпты. Ол осы теріс әдетінен барқадам таппаса да, сүйекке сіңді мінезден қартайғанша арыла алмаған екен.
Бір жылы елде үлкен жиын болатын болады. Байдың балалары әкесіне ұлан-асыр ас бермекке пәтуа жасасып, ұйымдастырушылар дайындық жұмысына белсене кірісіпті. Осы жауапты жұмысты қолға алған азаматтар ақсақалдардың ақылымен той дүрмегі шықса, төбелес шығаратын әлгі шатаққа алдын ала епті адам жіберіпті. Елші жігіт оған: "Жасыңыз болса ұлғайып қалды. Осы кезге дейін сіз барған той-думанның бірде-бірі төбелессіз тарқамапты. Өтініш сол, осы жолы шатаққа араласпасаңыз екен. Егер бұл жолы шатаққа ілінбесеңіз, иығыңа су жаңа шапан жабамыз,” дейді.
Жайшылықта ешкімге иліге қоймайтын қиқар қарт бұл жолы айтылған шартқа келісе кетеді. Онда да "Кәрі қойдың жасындай жасым қалды” деп қарттықты мойындағаннан емес, талай тартысты басынан өткізген шапаны жұлым-жұлым болғандықтан ғана иліксе керек.
Сонымен мезгілінде айтылған ас та басталады. Әр жерде ду-ду күлкі, абыр-сабыр қимыл, дүбірлі думан қызып жатыр. Балуандардың күресі мен жыршылардың өнерін тамашалап жүргендердің ортасында алшаң басып шатақ шал да жүреді. Әңгімеге құлақ тосса, біреулер елден жүлдеге түсетін жүйріктер мен палуандарды санап әуре. Астың бәйгесіне не тігілетінін айтып, сырттай тон пішіп жүргендері де аз емес.
Атсейістер мал танитын сыралғылығына салып, бәйге аттарына өзінше сын айтып, өзара гу-гу. Осылайша, думаншы топ той қызығымен жүр.
Керілдескендердің кеу-кеуіне араласпай, арқа қоздыратын төңіректен шиыршық атса да, көзін сүзіп өтіп, оқшау жүрген шатақ шалға ештеңе қызық еместей. Әлденеге алаң боп, жүрегі ойнақшыған ол өзінен-өзі: "Тәйірі, төбелессіз өткен той да той ма екен?” деп көңілі қоңылтақсып, өзі-өзінен күбірлеп жүрсе керек. Әрі-беріден соң «Әттең, шапан беремін дегені құртып отыр ғой мені. Әйтпесе талай жанжалдың реті кетті-ау, әттең, әттең!» - деп, жерге шырт түкіріп, қолын ысқылайтын көрінеді. Білекті сыбанып жіберіп, дереу шатаққа араласа кетейін десе, қу дүние ішін тесіп барады.
Не керек, қалың жұрттың ортасында алшаң басқан қиқарың той тарқағанша әзер шыдапты. Мәз-мейрам болған жұрт ауыл-ауылдарына бет алса, мұның назары мүлде сынық. Ақсақалдар дастарқан басында ұзақ мақамдап бата қайырғаннан кейін асқа жиылған тойшыл қауым да тарқай бастайды. Ал, "Шапан кигіземін” деп өзін иліктірген елші жігіттен әлі хабар жоқ. Шыдамы таусылған кейіпкеріміз әлгі жігітті тауып алып:
Уәде Құдайдың бір аты деген. Мен берген сертімде тұрып, бүгінгі аста шатаққа араласпадым. Маған беретін су жаңа шапаның қайда? дейтін көрінеді ерлік жасағандай екіленіп. Анау да әзір жауап сабаз екен:
Үстіңдегі шапаның бүгін жыртылмай аман қалды емес пе? Егер тағы бір төбелес шығарғаныңда тозған шапаннан түк те қалмайтын еді. Иығыңа ілген киімінің бүтін қалғаны да аз емес. Осы олжаңа да риза бол, дегенде, төбелес қызығынан құр қалғанын білген ол:
Қап, әттеген-ай, мені бұлардың шапан беремін дегені құртты ғой. Төбелесті көксеп жүргенімде оны құр жіберіп алғанымды қарашы! деп өкініштен санын соққан екен.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.