«Парасат» орденінің иегері, белгілі жазушы, жерлесіміз Сайлаубай Жұбатырұлы «Абыржы» роман-трилогиясының үшінші кітабын жазып бітірді. Романның соңғы кітабы «Мұрсат» деп аталады. Кітаптың бірінші бөлімі Астанадан шығатын «Өркениет» атты әдеби-танымдық журналдың 2013 жылғы шілде-желтоқсан айларындағы сандарында жарық көрді.
Бүгін С.Жұбатырұлының «Мұрсат» кітабынан үзінді жариялап отырмыз.
«Балықшы су жағасында ай қарап жата ма?!»
Кеше кештете, қайық тұмсығы өзектің екі тармақталған айрығына тірелгенде, теңіз сейісі осылай деген. Айрық арнаның бір тымықтау иініне тамсанып көп қараған. Екі кештің арасында, ол сол жерге ау төгуге ниет етті. Бұл бір, айта қаларлықтай рәсім болды. Каютаны біраз тінткілеп, бір қапшық ау алып шыққан бұрынғы балықшы сол тордың үстінде көп күйбеңдеді. Оған Өрен қосылды. Ау тараштаған екеудің арасында күбір-күбір әңгіме бітпеді.
Ауды «суға тапсырмастан» бұрын теңіз сейісі қол жайып, дауысын көтеріңкіреп, бата тіледі. «Су иесі – Қамбар... Балық атасы – Мардан... Меккеде Мұхаммед... Түркістанда Қожахмет... Маңғыстауда пір Бекет...» Және де біраз әулие-әмбиелер термелене келіп, «Қазан аузы жоғары!» деген кесімде бет сипалды. Өрен ескекке отырып еді, оның қайық «қайымдауы» кешегі балықшыға ұнамады.
– Осы күннің баласы – шала. Медетжан, ескекті өзің ал! – деді ол кісі іскер шешімділікте. – Сен талай желкемде Құрмантайдың ескегінде ау төктірген баласың...
Бұл ағасының айтқанын істеді. Құлжұмыр құлашын керіп, аудың көшкісін алысқа лақтырды. Тасын сылт еткізбей, қайық ернеуінен суға тор саумалады. Баяғы, келмеске кеткен күндердің қызығы оралды ол үшін. Екі езуі екі құлағында еді...
Өреннің фотоаппараты іске қосылды.
– Күнделік жүргіземін! – деді ол ау төккен балықшыны қорқыта от жарқылдатып. – Теңізде бастан кешкен оқиғаларды жазып отырамын.
– Жазсаң, жаз, бала! – деді Құлжұмыр жарқылдан қорғаншақтап. – Оның машайты болмас. Баяғы қайықтарда «содовой жорнал» деген болған.
Мына мәлімдеулер бұған ұнаған жоқ. Қарсылық та айта алмады.
– Әй, ауға балық түсті! Ай қараңғысы ғой, бірден ұрды, жарықтық!.. Тағы ұрды!
Суға түсіп кете жаздап қопаңдаған «Сандыбад» кенет түнгі жағаға секіріп шығып, қараңғылық құшағына сіңіп жоғалды. Сонан, «Есекқырған туды, әлі ұрып жатыр!» деп, таң бозында кенет пайда болды. Теңіз сейісі бұл күні ұйқы көрмеді-ау.
«Иә, биссмиллә!» Қайық табанын апыр-топыр түскен балық сартылы тымық таңды жаңғыртты. Сонан оянды. Жұмырағасы құлқын сәріден қимылдапты. Қайықты сылтсыз қайырмалап, ауға әкеліпті. Бір күле, бір жыламсырай, Жаратушысына жалбарынған қарт балықшы құнжыңдап, кәсіп істеп жатыр... Ұйқылы-ояу қасына жеткен Өренге де мойын бұрып қарамады:
– Кілең қызыл сазан! Кілең алакөз!
Бұл каютадан шықпастан қалды. Балықшыны өз қызығымен өзін қалдырғанды жөн көрді. Және бір жайбарақат көңіл-күй келді де, қайта ұйқы меңдеді. Әлде, өнбойын меңдеп алған сол әлсіздік...
Көмескі бір үндер санасына қайта тепті. Қайықтың құйрық жағын иемденген екеу ақырын әңгіме-дүкен құрады. Бел азына жанында сұйқылтым бу көтерген қазан жақтан, зәуіде бір, жағымды иіс келеді. Қайық ағын ексімімен жылыстайды.
– ...Балықтың қабыршағын құйрығынан бастап аршиды, бала. Жас балықтың қанын жумай қазанға салса, сорпасы бал болады. «Ойбай, мауыздалмай, арам өлді-ау!» деп уайым айтатын шөмекейлер құсамай, балық ұқсатуды білген жөн, бала. Тыран кеспеленеді, әйтпесе, бауырынан, ал үлкен балық жонынан жарылады. Омыртқасы кетпеген жағы – «жетім жағы» болады. Төстігі жетім жаққа кетеді. Сазанның басы – саркемік, шортанның басы – шоркемік болады. Тәттісі – төстігі мен шұрайы, жонмайы мен қалашы. Маңыздысы – құйыршығы. «Тісті – бір қайнаса, пісті» деп, балықтың ең нәрсізі осы жұрт «көксерке» деп кәделеп жүрген тісті балық... Жайынның жаңсасын жеген дұрыс, оның басқа жағына қызықпа... Шортанның желке етін шалдарға берсе, жиырма бестегі жігіт құсап жан-жағына қарайды... Жонмай жеп өскен бала ақылды әрі алымды болады... Ал қақпыш балық жылқының сүрінен кем болса, нағылдейсің!.. Абыржыда біраз уақ талғажау болатын сол қақпыш... Балықтың қылқаны мен сүйегінің түгел есебі бар. Сейіс адам балықтан қалған шөбірені санап отырып, тамаққа кеткен сүйекті айтып бере алады... Сазанда со балықтың өзіне екі қауіп, адамға бір қауіп бар. Адамға қаупі – еламан. «Еламан сүйек кетті деп, еліме сәлем айта бар» деген сонан қалған...
– «Балық мауыздалмады» деген не сөз, көке?
– Баяғыда, жер адақтап, судың қашағын қуған әкелеріміз, арысы – Балқаш, Жайсаң, берісі - Ырғыз-Торғай, Байтақ-Бақшақ асқан. Тәуіптегі шөмекей ағайынға кәсіп көрсеткен. Есігінің алдындағы судан топылып шығып жатқан топан балықты көріп, сонда бірі уайым айтыпты: «Ойбай-ау, мына көп балық мауыздалмай, арам өлетін болды ғой!» деп. Дін-исламша айтқаны дұрыс, бірақ, ол балық жарықтық қой... – Құлжұмыр шықылықтап кеп күлді. Түсініңкіремей, Өрен де күлді.
Қайықтың құйрық жағына, кәдімгі, балық сою алаңы орнапты.
– ...Далада асылған балықты жас құрақтың үстіне салып жесе, аузыңнан дәмі кетпес болады... Су кешкен адам күніге ондай он тамақ жегенде, қайтпайды...
Теңіз сейісі сол, өз айтқанын істеді: жағада сыңсыған бір иін құрақ тұсынан өте бере, құшақ десте орып, оны суға бір-екі малып алып, белазынаға жайды. Буынан сүт иісі бұрқыраған кеспе балықты соның үстіне жаймалап салды: «Бұйырған дәмге тіс тисін деген, балдар-ау!..»
– Көке, сіз өтірік айтпайсыз! – деді екі қолына екі кеспе шеңгелдеген Өрен. – Мынау – «рыба-камыша» немесе «кеспе балық по-аральски» деген тойхана мәзірі сияқты.
– Қазақшалап айт, қарағым.
Балық желініп болғасын, бұл тамағын қатқылдау кенеп, дегенмен, арқа-жарқа екі серікті өзіне қаратты.
– Дәм тамаша болды! Рахмет, Құлжеке!.. Ал, енді, осы тұстан тура тартып кеткен адам, бірден дарияға шығады. Ар жағы – Қаратерең, Қарашалаң...
Арнада сырғыған қайық үстінде кенет өлі тыныштық орнады.
– ...Солай! Үйге қайтқандарың дұрыс болатын сияқты, Құлжеке.
– Көңіл сыйса, бәрі сыяды деген ғой, інім.
– Мәселе көңілде емес. Бұл... сіз ойлаған жол емес, Құлжеке...
– Апыр-ай, ә...
– Мен бәріне шыдаймын, аға. Мені от пен суға салып көруге болады! – деп Өрен тызақтады. Ол ескекте отыр еді. Кешегі теңіз сейісінің кейістігінен кейін, Өрен ескек құлағынан тіпті түспейтін болған. Бағана «рыба камыша» әлде «кеспе балық по-аральскидің» дәмін татқасын, ол ирек-ирек өзекте бір өзі аңырмастан ескек тартып келе жатты.
Кенет қайық табаны сүйкімсіз сырылдап, түрегеп тұрғандар теңселе шатқаяқтап қалды. Бұл сүйкімсіз үн қайық тұтқан қара жердің белгісі еді.
– Ау, бұл не? Мынау не, балдар-ау?!.
Түс ауған шақ еді. Өзек тұйықталып, қайық тұмсығы құрғаққа тіреліпті. Ары қарай жол байқалмайды. Ары қарай, тіпті, су белгісі жоқ. Маңдай тұста, мына өлімші жылғаны қаусыра тұншықтырып, сағым жөңкілген жалпақ боз кеңістік қана көсіліп жатыр.
Сұрқы қашыңқырап тұрған ағасына қарады.
– Құлжеке, мұнан ары жол жоқ сияқты... Теңіз жоқ енді...
– Не дейт?!.
– Приехали, что-ли?
Теңіз сейісі белазына үстіне тағы да қағылез, секіріп шықты. Күн салып, жан-жаққа қарағыштады. Сосын, еңсесі түсе сөлбірейіп, азынаға шөкті.
– Әй, бәсе, мына судың сықпыты жақсы емес еді...
Сәт сондай сүйкімсіз, тіпті, Құлжұмыр халінде қасіретті болды.
– Жағаға шығып, жол қарасақ қайтеді? – деді Өрен батылсыздау. – Мүмкін, бір су ізі табылып қалар...
– Су ізі дейді?!. – Құлжұмыр Өренге қос көргендей алая қарады.
Бұл адам сәл ойланып, қолына таяу алды. Ілгергі жаққа қадалып көп қарады. Тәуекелге оқталған адамның түрі. Мұны көріп, Құлжұмыр да тамақ, сусын қамдаған түйіншекті екі ескектің бірінің басына ілді. Мойнында фотоаппараты салпылдаған Өрен лып етіп, қайықтан бірінші секіріп кеткен. Сол беті тізесінен сорға батып қалды.
– Сен асықпа! – деп айқайлады бұл ол өлерменге.
Үш адам сұрықсыз жағалауға қадам басты.
Сағымды кеңістік. Үрейлі белгісіздік өздерін арбай шақырып жатқандай. Кешегі ұлы су түбі дегенге адам сенбестей. Сондай ұшан су шалқуы болғанын көңіл ғана аңлайды... Сағым кеше қыбырлаған адамдар, бір шамада үмітсіздікке малтыға, шарасыз кідірістеді. «Капитан» таяудың түбін жерге тірей, кеуде кере алшиып тұрды. Түйіншекті ескекті иығына асқан «теңіз көкжалы» құнысыңқырап, ілгеріге күн сала қарады. Сәл кейінірек, Өрен-бала сәт баққан мешіндей, беймәлім дүниеден әлденені күте бүгіліп, ереуілдеп тұрды.
– Астағыпыралла! Дүние түгелімен қара сор. Теңіз қайда?!.
– Біз жиырма метрдей теңіз тереңінде тұрмыз, көке...
– Қайдағы терең?.. Ей Алла! Құдай қылса, қайтерсің...
– Құдай емес, адамдар осылай еткен...
Әлдене іздеген үшеу. Бүлкектеп сағым көшкен кезерме көжиек... Жел ызыңдаған тұлдырсыз дүниенің өксігі сүйкімсіз еді. Кенет байқады: өксік тым жақыннан шығады. Егіліп тұрған, басқа емес, жанындағы «теңіз көкжалы» болды. Жақын қимасының анық жаманатына көзі жеткенде, түңіле қасірет кешкен жан еді қазір ол... Ағасының сирек сақалынан бозаң тамшылар үзіледі...
«Қайту керек.»
«Сандыбад, сен іздеген теңіз бар болуға тиіс!» дегісі келген. Бірақ, қатыбас бір сезім ешнәрсе айтқызбады. Кеше кешкілік өзек айрығына тірелгенде, ғарыштан түсірілген Арал суретіне қарап отырып, өлмеші өзектің ұлы теңізге қысқа жолмен шығатын секілді оңтүстік тармағын таңдаған бұл. Ағысы мардымсыз су айрығы ешнәрсе аңлатпап еді. Және бұл тұстардың ғарыштан түсірілген суреті бұлыңғыр, су жүрген жүлгелер түсініксіз тармақталып бытысып жатты. Сөйтсе, қайық, кем дегенде, жиырма шақырымдай қуысқа еніп кетіпті. «Капитан» қате таңдау жасапты.
– Осы жерде Арал түбінен шыққан алып таңбалар бар дейді, – деді Өрен кенет. – Біз қазір сондай бір таңбаны басып тұрсақ ше?..
Бұл жаңалықты әрі-сәрі екі адам селтсіз тыңдады.
– ...Осыдан екі ай бұрын бір экспедиция Арал астынан ашылған «Керделі мавзолейін» зерттеді. Олар – Қорқыт ата университетінің студенттері... Тарихшы Тәңірберген аға оларды ақ ғұндар, эфталиттер мекені дейді... Осы маңда... Мен жер қарап көрейінші... Рұқсат етіңізші!
«Капитан» қиыла өтініш жасаған жас жігітке екіұдай қарады.
– Бар! – деді сосын. – Енді бәрі бір... Бір сағат... Жарайды, екі сағат...
– Үш сағат! – деді тез ұзап бара жатқан Өрен. Ұзай берген Өреннің ізінен айқайлай қуып, Құлжұмыр ескек басына ілген түйіншекті оның қолына ұстатып қайтты:
– Тез қайт, бала! Елсіз жер... Адырам қалған жер бұл...
Өрен тұлғасы алыстаған сайын бір жұмбақ әлпет ала бастады. Сереңдеп, жан торықтырар кезерме кеңістіктің сағымына малтыққан жалғыз адам, ақыры көзден бұлыңдай өшіп жоғалды. Осылайша, сағым кеше, үмітсіз жолда жоғалған Сүйінтай-қиялшыл есіне кенет түсті...
– Кету керек! – деді капитан күн ұясына қонған сәт.
– Құбыла бетке ұзап еді... Барса асып кетпесе нағылсын... Біреудің қарғадай баласы – әлдеқандай жағдай бола ма, Жасаған!
Қараңғы түсе, Құлжұмыр жылтыратып, шам жақты. Қатқылдау мәлімдегенмен, бұл адамның іші де алай-түлей еді. Тағы бір проблема. Өз жөніңмен үн-түнсіз жоғалуға да мұрша бермейтін қырсық жағдайлар, әйтеуір...
Кешкі ас ішілмеді.
– ...Қос көрініп, көзіңе бірдеме елестеген жоқ па? – деп, Құлжұмыр ақырын сұрап жатыр екен енді бір сәт.
– Жоқ. Жер, кәдімгі, жер, түн, кәдімгі, түн – еш қызық жоқ. Тіпті, жыбырлаған құрт-құмырсқа да жоқ мұнда... Сіздің отыңыз болмағанда... Ол мен үшін маяк секілді болды...
– Ендігәрі өйтпе, балам, жарай ма?..
Бұл адам сонан көз ілмеді. Ұйқысыз таңда сағым кешіп жоғалған Сүйінтайды, сосын, сонша елгезек, беймаза жас дос Есен әріптесті ойлады.
Есен!..
«Мен бір нәрсені түсінбеймін, – деген ол. – Тартылған Аралдың түбінен қалалар шығып жатыр. Академик Әуелбек Қоңыратбаевтың айтуынша, Арал астында әлі сондай 40 қала бар... Мың жылдан бергі араб жаһанкездері Арал теңізі бар деп жазумен келген. Тіпті, олар батыс Аралды «қатерлі қара жартастар жағалауы» деп қорқасоқтап айтқан. Олардан да әріде, Эллада аргонавтары Үндістанға барар жол іздеп, Қара теңіз – Кума-Маныч – Каспий – Узбоймен Аралға келіпті. Олар Әмуді өрлеп Үндістанның солтүстігіне жеткен. Өкінішке орай, олар Тұрандағы гүлденген өркениетті шетінен шолып, Аралға терең бойламай, асығыс өтіп кетіпті. (Жаңадария – ол анығы Ежелгі дария. Бойында қанша керемет жатыр!) Сол тарихтың бәрінде Арал бар. Ол тіпті үлкен болған... Ал біздің ғалымдар теңіз түбінен шыққан «Керделі» керамикасына қарап, ХІV ғасырдан әрі аса алмай жүр. Сонда, ол қалалар қай замандыкі? Сәл уақытқа кепкен теңіз ұлтанына қала салып, біздің бабалар сонша ойсыз болған ба?»
«Су кемі бір ғасырға шегінсе, қала салуға болады. Мұнда ойсыздық жоқ» деген Қабыл,
«Топасудан неге белгі жоқ? Жағалау белгісін айтамын?» деген Жауынбай.
«Ғасырлап жатқан судан жаға белгісі қалады. Ал қырық күндік судан не белгі қалушы еді? Топансу қырық-ақ күн болған. Бірақ күнаһар қауымдарды жоқ етуге сол да жарады. Асылы, мыны кең даладағы сор-қақтардың бәрі сол ұлы тасқынның қалдық-жәдігерлері».
«...Ал Аралдан шыққандар – Топансуға дейінгі дүниелер болса ше?!.»
Жаны сонша беймаза Есен-әріптес кей жайттарды түсінбестен өтті-ау... Ал Сүйінтай... Оны бұл сол үлкен қалада бір көрді-ау...
Өрен өлерменденіп, таң атқаннан ескектен түспей қойды.
***
Түс әлетінде су тармағына жеткен қара жорғаның тұмсығы қалтылдап, біраз ойлана кідірістеді. Сонан ол тұмсық солға – Көкарал шыңдарын жағалап кеткен оң жақ өзекке бұрылған сәт, қайықтағы екеудің жанары қайта жанданды. Бұл өзекте сәл ағын бар еді. Теңізге жеткізетін жол осы болды. Дегенмен, «капитанның» қабағы тым қату болатын.
– ...Олар бар! – деді көздері жайнаған Өрен қарт сырласына. – Арал геоглифтері сайрап жатыр. Олар сондай алып. Құс ұшатын биіктен қараса, жақсы көрінер еді. Жерде тұрып байқау мүмкін емес... Мен бір жерден оқыдым: ондай жұмысты орындау үшін қазіргі ең күшті жиырма мың техника тоқсан жыл бойы үзбей жұмыс істеу керек екен. Біздің аталардың сондай кереметін көзге елестете аласыз ба? Арал геоглифтері. Олар Перудегі Наска таңбаларымен үндес!
– Жаратқан жар болғай! – деп күбірледі теңіз сейісі.
– Ал, Керделі кесенесін мен, ақыры, таба алмадым...
– Амал туғанының белгісі ме, желге қарсы шарбы бұлт шауып тұр ғой, балдар...
Көкарал шыңдарының баяу ығысқан көріністеріне қарап, Құлжұмырдың шор саусақтары тағы да еріксіз ербеңдей бастады:
– Әй, мынау Балуаншың ғой.. Мынау Ізтілеудің тұсы... Көкарал аузы қайда, шырағым-ау? Суы қап-қара дәу өзек еді. Түйе жарықтық қапталдап жүзіп, сондай да ұшаннан өтетін... Ана қарайған Қаратүп пе? – деді бір тұста теңіз сейісі. Ол каютадан да ары асып, бак үстінде бой созып тұр еді.
Алдыңғы жаққа боз перде тұтылғандай. Сол беттен, күн астында мұнартып, өрлеуіт шың сұлбасы пайда болыпты. Ол жақ Ұлы теңіз. Әлде сонан қалған ұлтан? Бәлкім, бақиға кеткен ұлы су орны. Сол бір көк шалқар құшақ жайып алдан шықпас па екен?..
– Бір мың да тоғыз жүзінші жыл дейді... Тышқан жылы екен. «Орыстың екінші рет Райымнан кеме салғаны еді» дейтін білетіндер... Жайсаңбайдың Сыдығы деген аталарың онда он үш-он төрттегі бала екен. Осы Көкаралдың Қаратөс тұмсығынан қарап тұрса, шырадай тымықта бір қайық желқомын олай салып, былай салып, жағаға жете алмай келе жатыпты... «Әй, мынау теңіздің тілін білмейтін не деген бақабас?» деп шалдар кейіп тұрса, әлгің Аралды зерттеп жүрген Леп Берік деген орыстың ұламасы болып шығыпты...... Сонан кейін орыс қаптады ғой Аралға... Коммуна деген әйдік кеме болды. Әлқуат «Аралдың Абырорасы» деп жүруші еді. Ана, біздің Бөкен алдындағы қайықтың кебін киіп, оны да темірге кесіп алыпты бір жұтқындар.
Құлжұмырға қайта «жан енді». Бәлкім, жақын қалған теңізінің демін сезді кәрі көңіл?
Күн кешкере Қартүптің өрі сұстанып, тым жақын келді. Енді үлкен теңіз де алыс емес. Ол аспанға ұшып кетпеген шығар! Тек, оған жетер жол азапты, бітпестей ұзақ болды. Түбі көрінген тайыз арна ерінбей, әлі ирек жол жалғайды.
– ...Ол – солай, көке, жаңа туған ай – періштелер елінің атқан таңы...
– Осы сен «періштенің таңы» дегенді қайдан алып жүрсің, бала?!.
Өрен сәл ойланып, әнгімелестің түсіну шамасын аңлағандай:
– Көз алдыңыңызға елестетіп көріңіз, көке: Жерге қараған Ай сферасының шетіне күн сәулесі түсе бастайды. Біз үшін жаңа туған ай – сол. Ол, шынында да, Айдың бергі жартышарында таң ата бастаған кез. Ал Ай бетінде періштелер тұрағы бар дегенді бәрі айтып жүр. Демек, ол – періштелер елінде таң атуы...
– Апыр-ай, ә!..
– Олар – сол жерді мекендеген өзге планеталықтар болуы да мүмкін...
– Астағпыралла! Ақырзаманның баласы жердің астындағыны білер деген.
Құлжұмыр әлденені түсінген сияқты...
– ...Ай қияғында мән бар, көке. Ең бастысы сол!..
Дегенмен, алда үлкен су бар. Ол болуға тиіс!..
Үміт нышанын сездірмей тағы да күн батуға қарады.