Қазақ қиялтану жанры мен әдебиеттану, яғни фантастикатану салаларында өзінің көркем туындылары және ерен зерттеулерімен жұртшылыққа бек мәлім Абдул-Хамит Мархабаев 75 жасқа толып отыр. Жүздеген қарымды қаламгерлер қаламына қанат бітіруге үлес қосқан филология ғылымының докторы, журналистика профессоры жайлы бір үзік сыр.
Галактиканың да, күн жүйесінің де, жер планетасының да физикалық, химиялық, биологиялық және басқа ғылыми-жаратылыстың қыр-сырларының фантастикалық моделін жасау арқылы шығармашылық шыңына шыққан қазақ қиялының қыраны Хамағаң – текті тұлға.
Хамаң 1938 жылы 17 сәуірде айдынды Арал теңізінің Көкарал аралында қоныс тепкен Ауан ауылында дүниеге келген. Әкесі Файзулла Жұбанышбайұлы ауыл наубайшысы болса, анасы Сәби Сұлтанқызы соғысқа дейін үй шаруасымен айналысса, күйеуі майданға аттанғанда ауыл наубайшысы болып қала берген. Хамаң – Сыр сүлейі Нұртуғанның жиені.
Абдул-Хамит Мархабаев 1956 жылы Арал қаласындағы №13 қазақ орта мектебін ойдағыдай бітіріп, еңбек жолы мектептегі пионерлердің аға жетекшісі болудан бастайды. Хамаң өрімдей он тоғыз жасында коммунистік партияға мүше болады. 1959-1964 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде (журналистика бөлімшесі) дәріс алып, 1964-1967 жылдары республикалық «Білім және еңбек» ғылыми-көпшілік журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1967 жылдың қазан айынан Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің қазақ журналистикасы кафедрасында алдымен ассистент, бертін келе оқытушы, доцент болды. Ол университетте қаламгерлер қауымына дәріс беруден қол үзбей жүріп 1975-1980 жылдары республикалық «Білім және еңбек» ғылыми-көпшілік журналының бас редакторы қызметін атқарады. 1973 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Өзі қиялгер-жазушы болғандықтан қазақ фантастикасына да, әдебиетіне де айрықша көңіл бөліп, қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен өнерін де өгейсіткен жоқ. Менің осынау пайымдарыма сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы, жазушы, марқұм Сейдахмет Бердіқұловтың айтқан мына бір сөзі айқын айғақ болса керек.
– Абдул-Хамит, «Білім және еңбек» журналын өзің қолға алғалы оқырман назарын қатты аудардың. Сенің журналың халықтың тыныс-тіршілігін жан-жақты қамтитын кең ауқымды, зиялылар ордасының журналы болды. Ғылымның барлық саласын қамтып келесің. Сол тәрізді техника мен ғылым журналы бола тұра, әдебиет пен қазақ тарихын ақсатпай алып та келесің. Осы шабысыңнан шаршамай, қарқыныңнан қайтпай өрге ұмтыл. Менің айтпағым, редактордың да редакторы болады, мына сен – нағыз редактордың өзісің.
Хамағаңнан бес жас үлкендігі бар марқұм Сәкеңнің осынау жүрекжарды пікірін айтуы тектен-тек емес. Айтса айтқандай, Хамаң – білімді де білікті, ізденімпаз, «тура биде туған жоқ» деп дана қазағымыз айтқандай, ақ жолдан адаспай жүретін текті тұлға.
Ол әлдекімдер тәрізді жылпостықтан, тақ пен даңқ құмарлықтан бойын аулақ ұстайтын тумысы бөлек жан. Содан болар оның өр кеудесінде орден, медальдар емес, қазақ халқының кешегісі мен бүгінгісі, ертеңгі тарихы, ел-халықтың ақ алғысы мен текті тұлғалардың ақ тілектері тұнып тұр.
Хамаңның айтуынша, жүрегіндегі жазуды қағазға түсіруге қолына сығымдай қалам ұстаған сол бір жылдың көктемі тым жаңбырлы болған. Күндіз-түні ақ жаңбыр толас таппаған. Жаңбырлы күн мен түн Хамаңның көңілін толқында туып, толқында өскен Арал теңізінің көктемгі сеңіндей астаң-кестең етпесі бар ма? Ойы толқындай тулап, шағаладай шарық ұрды. Ойын ғажап қиял билеп алған, оған көнбеске лажы тағы жоқ. Хамаңның тұла бойын буып тастаған бұл алып күш «Ғарыштағы қымыз» атты алғашқы кітабының толғағы еді. Абдул-Хамит Мархабаевтың осынау тұңғыш туындысы қиялгер қауымды елең еткізді. Осыдан бастап Хамағаң әдебиеттанудың тағы бір тыңы – фантастикатанудың туын қазақ әдебиетінде тұңғыш көтерген тұлға болды. Бертін келе қиялгер-қаламгердің жүрек жазбаларынан туындаған «Арал әуендері», «Балалардың аман қалғанын айт», «Жарылқаушы», «Тосын ғарышхат», «Шаян планетасы, сен кінәлісің», «СП соқты!» атты қиял-ғажайып және детективті-криминалды оқиғаларға қанық әдеби-көркем дүниелері оқырман қауым жүрегінен орын алды.
...Хамаңның кезіндегі Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің хатшысымен тікелей сөйлесетін қызыл телефон безек қағып қоя берсін. Телефон тұтқасын көтерді.
– Жақында Мәскеуде «Молодая гвардия» баспасы ұйымдастырған Одақ аумағындағы қиялгер-жазушылардың кеңестік мәжілісі өтеді. Қазақ фантастикасының бүгінгі әл-ахуалы жайлы баяндама жасауыңыз керек.
...Мәскеудегі КСРО Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінің мәжіліс залы жазушылар мен әдебиет зерттеушілеріне, сыншыларға лық толыпты. Кеңестер Одағынан жиналған қиялгер-жазушылар ғана емес, шетелдерден келген қиялгерлер де баршылық екен. «Қазақ әдебиетінің фантастика жанрының хал-ахуалы жайында қиялгер-жазушы, ғалым Абдул-Хамит Мархабаевқа сөз беріледі» деген хабарламадан соң Хамағаң мінбеге көтерілген.
Хамағаң баяндамасын байыппен бастап, асықпай, аптықпай қазақ қиялы жайы бүге-шүгесіз баян етеді. Қазақ халқының бай ауыз әдебиетінің таңғажайып аңыз-ертегілерінен бастау алған бүгінгі қазақ фантастикасының жағдайына жан-жақты тоқталып, тыңдаушыларын баурап-ақ алды. Хамаң баяндама барысында орыс қиялгерлері А.Толстойдың, А.Беляевтің, А.Казанцевтің фантастикалық шығармалары мен әлемдік фантастика үлгілерін жасаған Р.Шеклидің, А.Азимовтың, Р.Бредберидің салған жолы қайталанбас мектеп екенін де ашық айтты.
Осы сапарында Хамаң әлемге әйгілі қиялгер Александр Казанцевпен бетпе-бет дидарласып, ашық әңгімелеседі.
– Мен – қазақстандықпын, туған жерім – Ақмола, – деп әңгімесін бастаған А.Казанцев А.Мархабаевтың баяндамасына өте жоғары баға береді. Әңгіме енді қыза түскенде жандарына ағылшын қиялгері Герберт Уэлстің туындыларын зерттеуші Юлий Кагарлицкий келмес пе?
Ол:
– Хамит мырза, мәжіліс аяқталысымен біздің үйге келесіз. Мен сізді есік алдында күтемін, – деді де профессор мырза залға беттеді. Ал, А.Казанцев болса:
– Сіз бақытты жансыз. Профессор мәскеулік қиялгерлерді үйіне шақырмақ түгілі сөйлеспейді де, – деп Хамаңның иығынан қағып-қағып қойды.
Хамаң осы сапарында мәскеулік қиялгер Юрий Медведевпен де етене танысып, ерекше жақын тартты. Өйткені, Юрийдің өзі Алматы облысының Шарын ауылында дүниеге келген. Хамаңның жерлесі әрі әріптесі. Осы кездесуде Хамаң Юрий Медведевке «Шоқ жұлдыз» атты фантастикалық повесін берген болатын. Юрий оны орыс тілінде жарыққа шығарды.
Хамаңның қияли шығармаларымен Ресей, Украина, Молдован елдеріндегі қиялсүйер қауымдар да етене таныс. Орыс фантастикасының классигі А.Беляевтің «Фантаст-жазушы – квадрат дәрежесіндегі жазушы» деген пайымдау А.Мархабаевтың мысалынан да аударуға болар» деген пікірін айтсақ, артықшылық етпес.
Хамағаң әлемдік фантастика жауһарларының шығармаларымен қазақ оқырмандарын таныстыруда да тәржімеші мәртебесінде ауыз толтырып айтарлықтай үлес қосты. Осының айна қатесіз бір айғағы, орыс фантастикасында өзіндік орны бар В.Михановскийдің қазақша сөйлеген романы – «Шексіздікке шеру». («Шаги в бесконечности»). Сол сияқты Америка фантастикасының маңдай алды 16 қиялгерінің басын біріктірген жинақ – «Фантастикалық Америка Әф-санасы» да Хамаңның ұтымды дүниесі.
Сөз орайы келгенде айта кетейік, Абдул-Хамит Мархабаев – қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрының тарихы мен теориясын зерттеуші тұңғыш, оны айтасыз бірден-бір ғалым. Ол 1971 жылы «Қазақ фантастикасының қалыптасу жолдары мен даму тенденциялары» тақырыбында филология ғылымының кандидаттығын қорғаса, 2006 жылы «Қазақ әдебиетіндегі фантастика поэтикасы» тақырыбында филология ғылымының докторы диссертациясын қорғады. Зертеуші мәртебесінде «Қолыңды әкел, келешек» «Қазақ фантастикасы: кеше, бүгін және...», «Қазақ фантастикалық әдебиеті», «Қиялгер қисындары-1», «Қисынды қазақ қиялы» тақырыпты көлемді монографиялары бар. Әдіскер-ұстаз ретінде Хамаңның қарымды қаламынан «Ислам – Ғылым Журналистика», «Ислам ілімі – ғылым алгоритмі» (Соңғысы А.Құрманбаевамен бірігіп жазылған) оқулық кітаптары дүниеге келіп, жоғары оқу орындарының студенттері тұшымды дәріс алуда.
...Жақында ұлағатты ұстазыммен ашық әңгімелескенім бар. Сонда Хамаңның айтқаны:
– Фантастика жөніндегі материалдарды осыдан тұп-тура жарты ғасыр, яғни 50 жыл бұрын жинай бастаппын. Алғашқы қиындық 1958 жылғы «Әдебиет және искусство» («Жұлдыз») журналындағы Ақжан Машановтың «Қисынды қиял да – әдеби жанр» мақаласы әлі қолымда. Одан соң мен үшін ерекше қымбат жазушы Виктор Шкловскийдің ертеректе: «Қиял баспалдағы жарға апарып тірейді» дегені құлақ түбімде әлі күнге дейін күмбір қағумен келеді. Содан болар жетпіс бес жастың желкесіне мінсем де, осы бір ақ жолдан адаспай келемін.
Жорытқанда жолың болсын, қазақ қиялының қыраны.
ТҰЛҒАЛАР ПІКІРІ:
Зейнолла Қабдолов, ҚР Ғылым академиясының академигі, Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
– Сөз өнерін сүюші қауым, қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрында Мархабаевтың қаншалықты еңбек сіңіріп жүргенінен хабардар болар. Ол өткен ғасырдың 60-шы жылдарында әдебиетімізге екпінді жас қиялгер-жазушылар легінің ең алдыңғы шебінен табылған-ды. Және тек қана көркем шығармалар жазумен шектеліп қоймай, біз үшін «тұмса жанр» – фантастиканың тарихы мен теориясын қарастыра бастады.
Тұрсынбек Кәкішев, филология ғылымдарының докторы, профессор:
– Осы Абдул-Хамиттан басқа кім фантастика саласы бойынша еңбек етті және қандай дүниелер жасады? Мен фантастиканы жақтап жүрген адамдарды кездестіргем жоқ.
Еркін ӘБІЛ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.