ӨЛЕҢІНЕ ӨМІРДІ СЫЙҒЫЗҒАН АҚЫН

ӨЛЕҢІНЕ ӨМІРДІ СЫЙҒЫЗҒАН АҚЫНЖылу алмас гүл қардан,
Күншуаққа көңіл зар...
Жүрегімнен бүр жарған,
Өлеңімде – өмір бар, – деп жырлаған Қуат Адистің өлеңдері мыңдаған жүрекке жылу сыйлап келеді. Ол – әдеби ортада өзіне тән болмыс-бедерімен танылып үлгерген жан. Ақын әріптесіміз «Жалағаш жаршысы» газетінде еңбек етеді. Оның балаларға арналған өлеңдері мен әңгімелері жинаққа еніп, балғындардың сүйіп оқитын шығармасына айналды.
Қазақстан ¬Журналистер одағының және Халықаралық Жазушылар одағы ұйымының мүшесі Қуат Адис туған жерінде «Өлеңімде – өмір бар» атты шығармашылық кешін өткізді. Жалағаш ауданы әкімдігінің қолдауымен өткен шарада ақынын ардақтаған елдің ықыласын көрдік. Аудан әкімінің орынбасары Ж.Тәжмаханов ұлттық рухымызды құнарландырып, қуаттандырып отыруда ақындар мен жазушыларымыздың орны ерекше екендігін атап өтті. «Талай таланттардың ордасына айналған қасиетті Жалағаш жері ақын-жазушылардан кенде емес», – деген ол ақынға аудан әкімінің арнайы «Құттықтау» хатын табыс етті.
Халықаралық Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Бегімбай Ұзақбаев ақынға жылы лебізін арнай келе, оған «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің «Бейбітшілік әлемі» атты алтын медалін табыс етті. Мұның алдында осы одақтың «Шолохов» медаліне ие болған ақынның алдағы уақытта үлкен белестерді бағындырары анық.
Кеш барысында «Сыр медиа» ЖШС директорының бірінші орынбасары М.Аралбаев сөз алып, аудандық басылымда еңбек ете жүріп есімі республикаға танымал ақынның шығармашылығына табыс тіледі. Сонымен қатар, ақын шығармашылығына елімізге белгілі бірқатар көрнекті ақындар бейнеүндеу арқылы пікірлерін білдірді. Кеш барысында әуелете әндер шырқалып, ақын өлеңдері оқылды.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Жалағаш ауданы.
ӘДЕБИЕТ 20 сәуір 2017 г. 1 317 0