Құрметті оқырман! Өзім куә болған, шын мәнісінде әңгіме кейіпкерімен
жақын араласқан ешқандай қоспасы жоқ осы бір шығарма таза асыл сезім аса
бағаланбай арзандап кеткен осы бір шақта кімді де болса бей жай
қалдырмасы анық. Біздің замандастарымызға тән мөлдір сезім, биік
адамгершілік шынайы тұрғыда сөз болғандықтан, жастарға өмірді бағалай
білуге үйретеді.
Көп жыл ұлағатты ұстаз болған, аяулы ана, асыл жар, отбасының ұйытқысы болып отырған жанның мерейтойына шақырылған дос, туыс, ұжымдас, құда-жекжаттар жиналып, ду-ду күлісіп, той иесіне ілтипат білдіріп, кейбіреулері көптен көрмегендіктен құшақтасып көрісіп, қуаныштан көздеріне жас алып жатыр.
Осы тойда той иесімен жұбайы неше жыл бірге жұмыс атқарғандықтан, өзі жоғарғы оқу орнында абырой, атағы бар көпшілік қауым өз саласының білгір ғалымы санайтын Ерекең қонақ ретінде отыр еді. Зейнеткерлік жастан асып, оңды-солын әбден зерделеген ұл-қыз тәрбиелеп, сүйікті немерелерінің ардақты атасы болған ғалымның бір оқшау топтың залға кіріп, өздеріне белгіленген столға жақындап келе жатқанын, дәл ортадағы аққұба, тана көзді әйелдің жүрегін дүрс еткізгенін ешкім де білмеді...
«Сол, сол, ғой жылдар бойы жүрегімнен өшпеген, сол жанар, сол пәк бейне, Жәудір ғой мынау... Ерекең сылқ етіп отыра қалды. Жәудір десе, жәудір еді ау...
Алматыдағы ол кездегі (Ленин атындағы политехникалық институт) көп адамның қолы жете бермейтін оқу орнын есейіп бітіріп, елге келгенде, бүкіл туған-туыс қуанып, жас жігітті төбелеріне көтеріп еді-ау.
Әдеттегідей ағайын-туыстардың үйіне сәлемдесіп кіріп, бәрінің шексіз құрметіне бөленіп жүрген кез. Орталық алаңда тұратын А есімді немере ағасының үйіне келгенде, есікті тана көзді аққұба, талдырмаш әдеміше қыз ашып, маржан тістерін көрсете күліп амандасып, үйге бастаған еді. Ерекең кейін апасынан сұрастырса, оқуға түсуге келіп, түсе алмай, күндіз жұмыста, кешке дайындық курста оқитын көрші ауданның бірінен келіп жатқан осы әулеттің құдаларының қызы екен.
Арада қанша жыл өтті. Ерекең 44 жыл деп есептеп, ауыр күрсініп қойды. Баяғы Жәудір жылдар бойы түсінде көрген, оянса елесі болған қыз. Сол баяғы мені ғашық еткен жалт-жұлт еткен көз. Адамның көзі өзгермейді екен. Қанша шыдайын десе де, Ерекең еріксіз көзін ала алмай отыр.
Той басқарушы той иесінің бірге оқыған достары дегенде, әлгі топтың ортасынан (алыстан келген сияқты) Жәудір сөз бастады. «Құдай-ау, қалай шешендік сөзді меңгерген?! Осы қалада бір кездегі арманға толы жылдарының өткенін өмірге үлкен сенімі болғанын, тілегін өлең жолдарымен жеткізді.
Сонау жастық шағына қайта оралған Ерекең отыра алмады. Қайтсем екен?! Үндемей кете берем бе? Мынау зал толы жұрттың ішінде он сегіз жасында өзіне ынтызар болған мені көріп отырған жоқ қой. Қанша жылдан кейін тағдыр осылай кездестіріп тұруы заңдылық шығар. Өнерді де, шешендік сөзді де меңгерген алқалы топта сөз сөйлеп үйренген Ерекең төмендегі залға демалып отырушылар ортасына отыра қалып, көкейіне келіп тұрған жылдар бойғы сағынышын, сезімін 2-3 шумаққа сыйдырып жазып тастады. Әдеттегідей қалтасында жүретін визиткасына орады да, бір саябыр кезді күтті. Той иесіне «Жәудір құрбыңызға» деп бере салды да, алды-артына қарамастан, жұбайына «мазам болмай тұр, қайтайықшы» деп төменге түсті.
Арада апта өтті, телефон шыр етсе, Ерекең елеңдеп жүрді. Бұл апта ішінде Ерекеңнің бір мазасы болмады. Мына тұрлауы жоқ өмірден безіп кеткісі келді. Көзін жұмса болды қырық жылдың ар жағындағы еліктей әдемі, аппақ қар жауған күнгі ақ түбіт шәлі тартқан жап жас қыздың бетіне, кірпігіне қонған қарды ұстайын деп жатқанда оянып кетеді. «Хабарласар ма екен?!.»
Келді-ау, ақыры сол күн де.
Жәудірге асығыста жазып жіберген өлеңін еске түсірді:
Еліктей әсем, елігім еркем,
Көріп ем шақта балауса көркем.
Өткелден қиын өттің бе еркем?
Бақытты алдан таптың ба еркем?
Есімде сенің аққұба жүзің
Талдырмаш едің шынардай мүсін,
Әлемді түгел өзіне тартып
Жадырай қарап тұратын көзің.
Еліктей сұлу өзіңнен көрдім,
Пәктікті сенің көзіңнен көрдім.
Тағдырға шара жоқ екен, қалқам
Жетпеді қолым, өзімнен көрдім.
Осы жолдарға қырық жылда айта алмаған ішкі жан сырын сыйдырғандай болды...
– Ереке, мен ғой, – деді бәсең үнмен. Тойдағыдай ашық, көңілді даусы мүлде жоқ.
– Қалқам сені көргелі мазам кетті. Болмаса сөйлессем деп едім. Қанша жылда бір көрмедім, – деді Ерекең қиналып: – құр сүлдерім жүр...
– Осы жылдар ішінде бір рет неге іздемедіңіз, мен сіз туралы жақсы білемін, сізді мақтан тұтамын. Отбасылы, абырой атағы бар адамға менің хабарласуым басқадай әсер етер деп сөйлеспедім. Сіздің поштаңызда өзіңізге арналған хат бар. Тойда сыртыңыздан көрдім. Ол да маған қалай әсер еткенін тілмен айтып жеткізе алмас едім... Сенесіз бе, содан бері сол он сегіз жасыма қайта барғандай болдым...
Сол баяғы ақ көйлек қара костюм шалбар киіп, толқынды қара шашын кейіп қайырған менің махаббат деген сиқыр әлемнен бейхабар кезімде жолыққан сәтіңізді қайта елестетіп, ширақ басып, жұбайыңызбен той иесіне әлдене тапсырып кетіп бара жатқаныңызды көзім шалып қалды.
Айтпақшы, сіз ақын екенсіз ғой, көп нәрсе айту мүмкін емес. Қырық жыл көрмесем де, сізді еш ұмытпағанымның куәсісіз маған «Елігім, еркем» деген өлең соған арналғандай екен дейтінсіз...
Ерекең жүрегі аузына тығылып, жауап қата алмады.
– Сау болыңыз, аға, тым болмаса бір ауыз тілдесе алмадық. Өмір ғой, аға...қайтеміз, – деп дауыс үзілді.
Ерекең келе сала кабинетіне келіп, почтаға келіп арманға балаған бірақ жас қой деп өзіне тең санамаған Жәудірдің хаттарынан сол күні ұйықтай алмай аһ ұрды. Хаттың әр жолынан бір кездегі бейкүнә бала махаббаттың өзіне деген сенімі мен сезімін, ата-анасының үмітін ақтаймын деп оқуға түсу үшін өзіне тұрмысқа шығуға жүрексінетін, бірақ өзін ойлап таң атырып, өзін көремін деп күн батырған құралай көз Жәудірді енді ғана толық танығандай болды.
«Өзіме соншалықты аялай қарайтын, есейген, саналы қара торы жігітке сондай сенген едім. Сол менің сүйгенім осындай болады деп, бірақ оны еш білдірмей үлкен сезімді жасырып жүрген күндердің бірінде аға, сіз үйлендіңіз...». Жеңгемнен бұл жігіттің неге тез арада үйленіп жатқанын сұраймын. «Шешесі ауырып жатыр ғой, сондықтан шығар».
Аспан қақ айырылып, жер дүние астаң-кестең болып кетті. Ешкімге айтпай, үйдің қасында үлкен қара ағаш болатын, соның түбінде отырып, үнсіз егіліп жыладым.
Ең қиыны үйдегі жеңгем сіздің аулаға стол қойып өткізген үйлену тойыңызға мені ертіп барды ғой, бармасыма болмады.
«Жар-жар» әнін айтып тұрмын жұртқа қосылып, сіз қасымнан қазіргі жұбайыңызбен (олда сол кезде студент екен) қол ұстасып өтіп бара жаттыңыз...»
Сіз маған аға болып қала беріңіз, өткенде жазған өлеңіңізге сол күні-ақ жауап жазып қойғанмын.
Ағатай, асқақ шың құздай берік
Көгімде жанған жұлдыздай жарық
Бейкүнә көңіл, періште едім
Қолымды созсам, жетпеді биік
Бәйшешек гүлдей, бүр жарған кезім
Жауқазын жүрек дір еткен сезім
Бағасын білмей көз жазып қалсам
Бұралаң өмір, жаңылған ісім...
Осы сырды айтсам ба, жоқ па деп бір ай жүрдім. Бірақ сізді ойлайтын тілеулес бір жан бар екенін білу керек қой деп шештім.Айтпақшы сіз өткенде «Жастық шағыма қайта оралғандай болдым, бір кездессек» депсіз. Сізден өтініш, менімен кездесуге әуреленбеңіз. Қазір біз бала тәрбиелеген ата-ана ғана емес, ата-әже, құда-құдағимыз. Өзімізді құрметтейтін адал жар, ұл-қыз, ағайын-дос бар дегендей. Біздің өткен өміріміз үшін өзгелер ыңғайсыздыққа тап болмасын. Сіз де елге белгілі ғалымсыз, абырой атағыңыз, қаншама шәкірттеріңіз бар, ұл-қыз тәрбиелеген азаматсыз. Сіз маған қымбат жансыз, сіз арқылы алғаш рет сүю мен күюді үйрендім. Сізге деген үлкен құрметпен есейген, тағдырдың бар қиындығына төзе білген сізге тілеулес Жәудір деп біліңіз»
Ерекең почтасына үңіліп: Ешкімге ұқсамайтын елігім ниетіңнен айналайын сенің! Қарағым – ай, өмірдің көбі кетіп азы қалғанын, жазы кетіп күзі қалғанын есіме түсірдің – ау, – деп, денесі тітіркенгендей болды.
Сағымдардың арасында кеткен жастық шағым, саған басымды иемін. Мен өте бақытты екенмін! Сендей адал, намысқой, білімді қазақ қыздары көп болса екен... деп күбірлеп, далаға беттеді.
Көктемнің бір айы өтіп, сәуірдің алғашқы аптасы өтсе де, күн әлі ызғарлы. Өзгелерге қайдам, қырық жылдан кейін Жәудірге кездесіп, сергелдең күй кешкен көңіл көктемінің кешігіп кезіккеніне ренжіген Ерекең Сыр еліне де көктемнің кеш келгенін денесінің тоңазығанынан білді.
Иә, биыл көктем біраз кешікті-ау!
Нұр Патшайым.