ТҮЙРЕУІШ

ТҮЙРЕУІШАйзере жалпы дүниеге қызықпайды. Дүние-мүлік түгілі, базбір қыздарға ұқсап қызылды-жасылды киімге де көзін сатпайды. Ал, әйел атаулының жаны іспетті, бұрымдылардың көбі онсыз жүре алмайтын, оны тақпаса таңы атып, тауығы шақырмайтындай көрінетін сақина, сырға, білезік, моншақ сынды жылтырақтарға тіпті әуестігі жоқ. Әуестігі былай тұрсын, қайта сондай әшекейлерді тізбектеп тағып, жаңа жылда безендірілген шыршаға ұқсап отыратын бикештерді көргенде күлкісі келеді. Мұндайда Айекеңнің көз алдына тек қана қолы мен құлағы емес, сонымен бірге мұрны мен кіндігіне, аяғы мен бөксесіне дейін сылдырмақ іліп алып, «Міне, біз әдемі, сұлу болдық!» – деп отты айналып қуана билеп жүретін қап-қара жалаңаш үндістер елестейді.
Міне, осылайша зат пен әшекей атаулыны қажетсінбейтін, оны жиюға да талпынбайтын Айзере титімдей түйреуішке қатты қызығады. Ол қандай түйреуіш дейсіз ғой. Түйреуіш. Кәдімгі қарапайым, күнделікті тұрмыста қолданылатын, түсіп қалған түйменің, ілгегі жоқ омыраудың, қаусырылмаған өңірдің, сөгіліп кеткен етектің кем-кетігін, тесік-саңылауын бекітуге пайдаланылатын түйреуіш. Бұрындары әйелдер бұл кішкене сым темірмен, яғни түйреуішпен пердеге резеңке өткізетін. Қазір ғой, бау да, белбеу де, басқа да асай-мүсейдің барлығы алған киімің мен бұйымыңа қоса тігіліп, жапсырылып дап-дайын болып келеді.
А..а... айтпақшы, ұмытып барады екем ғой, түйреуішті сондай-ақ кейбіреулер көркіне көз өтіп кетпесін деп те тағып алады. Кішкене балалардың қалпағына түйір моншақ өткізіп, тағып қояды. Көз өтпесін демекші, бірде мынадай қызық болды. Мұның бір аса ажарсыз – маңдайы шоттыйған, мұрны жоғары қарап қалған, сонан да оның екі тесігі қараңғы үңгір құсап үңірейіп көрініп тұратын, көзі жәй, алмаспен тіле салған сияқты екі сызық қана, түрі сап-сары, сары болғанда да сәл күнге шықса нарттай болып алаулап қызарып кететін шикіл сары, қолдары тізесіне түсетін ұзын, бойының екі метрге жуық ебедейсіздігінен жауырынын төмен қарай иіліп, сонан да асқабақ тәріздес жап-жалпақ басы салбырап жүретін сыныптасы кездесе кетті. Үстіне көкпеңбек кеудеше киіп алыпты. Қызығы, құрбысы  қушиған омырауының жұрт құсап сол жағына емес, керісінше оң жағына дәп-дәу түйреуіш қадап алыпты. Ойпырым-ай, әлгінің әйдігін-ай. Үлкен болғанда да тұп-тура бір қарыс дерсің. Өзі не заттың да кішкентайы сүйкімді, ал абажадайы кеспірсіз болады емес пе? Адамның әдемі, сұлу көрініске ә, дегеннен жанары арбалып қалатыны сияқты, келімсіз, келеңсіз, өрескел нәрсе де, бірден көзге ұрады ғой. Әшейінде айналасындағы әрбір құбылысқа, қалт еткен қимылға, тырс еткен дыбысқа, үтірдей белгіге, үттей ұлпаға таңдана назар аударып, таңырқай қарайтын Айзере аспан түсінен де көкпеңбек кеудешедегі анадайдан менмұндалап тұрған әппақ әлеумен түйреуішті  көрмесін бе, көрді. Бірден көрді. Сөйтті де:
– Әй, Пернеш, мынауың не? – деді сұқ саусағымен түйреуішті кезеп.
– Көрмей тұрсың ба, түйреуіш қой.
– Бұны неге тағып алғансың, дәп-дәу ғып.
– Көз өтіп кетпесін деп.
– А... а..? Не дейсің? Не?
– Көз тимесін деп деймін. Не, саңырау болғансың ба? Өзім соңғы кезде аурудан шықпай жүрмін. Тіл-көз бар менде. Апам солай дейді.
Пернештің онсыз да жарқырап тұрмаған түрі лезде жабырқау тартып жауар бұлттай түнеріп кетті.
А... а... дұрыс, дұрыс. Дұрыс істегенсің онда, – деді Айзере.
Сонан екеуі аз-кем ғана жағдай сұрасты да, сәлден соң өз жөндерімен екі жаққа кете барды. Былай шыға бере бұл қарқылдап күлермін деп ойлаған. Бірақ күле алмады. Кеудесін біртүрлі аяныш па, өкініш па, әйтеуір бір белгісіз мұңлы сезім баурап алды.
Иә, осындай ырымға қатысты оқиғалар көп. Ал біздің Айекеңнің қызығатын түйреуіші Пернештікіндей дәу емес, кішкентай, кәдімгі орташа түйреуіштен бес-алты есе, ал кластасының көк кеудешесіндегі әлеуменнен 10-15 есе кіші, титтей ғана темір. Айзере алғаш рет осы титімдей түйреуіштерді көргенде қатты қуанды әрі сондай таңғалды. Сауда орындарына түріктің тауарлары енді-енді түсе бастаған кез. Бір күні жұмыстан кештетіп үйіне келсе тәтесі Құралай:
– Айкон, саған бір емес, үш бірдей көйлек алдым, – деді.
– Қойыңызшы, кәне, бірден үшеу әкелдіңіз бе?
– Иә, үшеу әкелдім. Үстіңдегілерің алаңсыз тозып кетті. Базардағы киім біткеннің бәрі синтетика, простой зат таппай шаршадық қой тіпті. «Айна» жақтағы жаңадан ашылған бір бутикке кірсем, саған шап-шақ, өзі «қб» дейтін бе едіңдер әлгі шыт па, мақта ма, сондай көйлектер тұр. Сосын ойланбастан бірден үшеуін алдым. Әй, бір киші жарқыратып.
Тәтесі сөйлеп жүріп бұны төргі бөлмеге ертіп әкелді. Сөйтсе диванда шынымен де жарқырап бір емес, үш бірдей көйлек тұр! Айналайын тәтесі диванның арқалығына қатарластыры... ре... еп жайып қойыпты. Өз көзіне өзі сенбеді. Қандай әдемі! Түстері неткен қанық! Үшеуі үш түрлі. Қызыл ала, біреуі кірпіш түстес, енді бірі жол-жол көк сызықты. Бұл қуанғанынан не істерін білмей, көйлектерге қарап күлімдеп тұрып қалды.
– Бар, тез-тез жуынып-шайын да, бәрін киіп көр.
– Иә, иә, мен қазір...
Сонан бұл апыл-ғұпыл жуынып, қайтып келді. Әуелі қызыл аланы қолына алып анықтама қағазды ағытты. Сол-ақ екен, саусағының басы шым ете қалды. Мынау немене өзі? Ине ме? Дереу қағаз ілінген жіптің ұшын қарады. Титтей сым. Жіп пен көйлектің желкелігін жалғастырған темір. Байлауды шешіп сымды қолына алды. Сөйтсе жоқ, сым емес. Түйреуіш! Ойпырым-ай, осындай да түйреуіш болады екен-ау! Кіп-кіттай. Нәп-нәзік. Сүп-сүйкімді. Алақанына салып қарады. Кәдімгі, күнде көріп жүрген түйреуіш. Жо-жоқ, бұл кәдімгі жәй түйреуіш емес, оның «баласы». Мысалы түйенің ботасы сияқты. Иә, иә, дәл сондай. Үлкен түйреуіштердің «баласы». Дереу кірпіш түстесті, онан көк сызықты көйлектің желкелерін қарап, қағаздарын ағытып алды. Бұларға да бір-бір титімдей түйреуіш қадалған. Біреуі – сары, біреуі – ақ. Алғашқы қара-тұғын.
Бұл сәбиден бастап бүкіл жан-жануардың, малдың, аң-құстың, жыбырлаған жәндіктің де баласының әдемі, сүйкімді болатынын байқайтын. Тіпті тұрқы ебедейсіз, қимылы шабан, өзі таудай пілдің де төлі кішкене кезінде сүп-сүйкімді емес пе?! Ал адам аты аталғаннан-ақ шошып, түсінен түңілетін арқыраған арыстанның аланы мен қасқырдың бөлтірігі ше? Олардан әдемі жыртқыш бар ма?
Иә, Айекең осындай кішкене сүйкімділерді білетін. Ал бірақ түйреуіштің «төлінің» тартымды болатынын білмепті. Титімдей етіп қалай жасаған өзін? Әрі нәп-нәзік. Байыптап қарасаң, кәдімгі түйреуіштер түк те әдемі емес қой. Жабық тұрғанда бұзаубас сияқты. Ал құлпынан ағытып ашқанда екі айыр, яғни ашамай. Нағыз ашамай. Міне, сол бұзаубас-ашамайды еселеп кішірейтіп, күн жылт етіп, топырақ тоңы жібісімен жер бетіне жыбырлап шығатын есекқұрттай ғана етіп жасаған адам неткен шебер! Басқадай бір болымды зат емес, дәп осы бұзаубас тәріздес түйреуіштен осындай сүйкімді, тартымды, кісі қызығатын әшекей шығады деп кім ойлаған? Иә, түйреуіштен – әшекей. Бұл дегеніңіз, нағыз өнер ғой. Өнер! Шеберлік! Ептілік! Тапқырлық! Ендеше осындай нәзік қолөнер туындысын бұл неге қатарластырып тұрып кеудесіне тағе... е... еп алмайды. Тағады, әрине!
Міне, сол күні Мұның омырауына алғашқы түйреуіштер орналасты. Ал сонан кейін... Сонан кейін айтпаңыз. Онсыз да іс-әрекеттері біртүрлілеу бойжеткен есекқұрт-түйреуіштің қызығына түсті де кетті. Сөйтсе түрік ағайындардың бұл туындысы тек қана көйлектерде емес, жемпірлерде, свитерлерде, футболка, топиктерде де, тіпті айтуға да ұят киімдерде де болады екен. Болмағанда қайтеді енді. Анадолы аймағынан шығатын киім-кешектердің бәріне бірдей анықтама қағазын қадау керек емес пе? Қадау керек. Ал анықтама қағаз бен киімді жалғастыратын «алтын көпір» – осы титімдей түйреуіштер ғой! Олай болса не кідіріс бар?
Негізі анау-мынауға қызыға қоймайтын адамның зәуқайымда көңілі бірдеңеге ауа қалса, ол оңай болмайды. Айзере де сөйтті. Әшейінде Құралай тәтесі үйдің керек-жарағына жұмсаса, «Қытайдың заттарының иісінен жүрегім көтеріліп, басым айналады» деп зар қағып, базар жаққа баспайтын қарағым енді қолы қалт етсе болды солай қарай зымырайтынды шығарды. Тіпті, кейде жұмыстың арасында да «зу» етіп барып келеді. Және барған сайын бос қайтпайды. Кофта, футболка, мәйкі-сәйкі, әйтеуір бір нәрсе алып келеді. Ол алған киімі кейде дұрыс, кейде тар немесе үлкен болып жатады. Енді бірде ұнамай қалады. Бірақ оған қиналып, бас ауыртып жатқан бұл жоқ. Айекең тек әкелген тауарының титімдей түйреуіші болса болды. Алады да кеудесіне қадайды. Айналасы аз ғана уақыттың ішінде әй, өзінің де киімдері түйреуішке толып бітті-ау. Джинсы көйлек, джинсы күрте, джинсы кәстөм, жауырынын жел-құздан қорғайтын неше түрлі жеңсіздер, лавсан мен шегіреннен тігілген кеудешелер – бәрі-бәрінің екі өңірі тізілген түйреуіш. Ақ, қара, сары, қызыл, түтін түстес қалайы түйреуіштер. Қандай тамаша! Қандай жарасып тұр! Өзі кішкентай, бала кезінде алтын қоңыздарды тізіп, пойыз ғып ойнайтын. Мына әшекейлері де сол отарба тізбегіне ұқсайды. Сонан да басақадай емес, дәл өйстіп бір-біріне тіркестіріп таққанды ұнатады.
Осы түйреуішпен сәнделген киімдерін бұл барлық жерге кие береді. Жұмысына да, көшеге қыдыруға да, бір үйлерге қонаққа, кештерге барғанда да үстінен тастамайды. Кейде құрбылары, кейде үлкен кісілер ескерту жасап жатады. Өз қатарластары:
– Ту-у, Айка, осы бір дүйшовый булавкаларыңды құртшы, онан да тәтеңе айтпайсың ба, бриллиант сырға алып берсін, – дейді.
Ал үлкендер жағы:
– Қарағым-ау, өзің әп-әдемі қызсың, ал мынау қаз-қатар тағып алған темірлерің не? Қыз бала деген моншақ, алтын-күміс сақина, сырға тағар болар. Ал сенікі не мынау, бұзық балалар құсап жаман сымды жинап алғаның? – дейді.
– Жо-о-оқ, бұл сым емес, бұл түйреуіш қой, бұл өнер ғой! Өзіңіз қараңызшы, қандай нәзік, қандай сүйкімді! – дейді бұл шабыттанып.
Әрі қарай тілдесудің еш мәні жоқ. Айекең жалт бұрылады да өз жөніне кете береді. Жүріп келе жатып жаңағыларға жыны ұстайды. «Менің сүйкімді түйреуіштерімде осы жұрттың несі бар екен? – деп ойлайды сондайда. – Жәй темір, жаман қалайы дейді ғой. Болса бола берсін. Бұл деген өнер емес пе?! Сым дейді. Сол сымнан жасалған қолөнер туындысы ғой. Ей, бірақ, әлгі адамдар өнерден, нәзіктіктен, сұлулықтан не түсінеді дейсің? Сондықтан оларға ренжудің де қажеті жоқ. Қызығы, жұрттың бәрінің айтатыны – алтын. Неге үлкен де, кіші де соны жақсы көреді? Алтын, алтын! Бірақ ол түйреуіш емес қой. Мұның әшекейіндей ерекше емес. Жәй сақина, сырға, шынжыр алқа. Иә, тап солай. Алтын түйреуіш емес! Алтын түйреуіш болмайды. Онан тек әйелдерге арналған әшекейлер ғана жасалады».
Айзере осылай ойлайтын. Өзін-өзі осылайша жұбататын. Және өз байламына өзі сондай сенімді еді. Бір күні осы сеніміне селкеу түсті. Селкеу ғана емес-ау, ең асыл металл – алтын туралы ойының күлпаршасы шықты.
Әйелдер мерекесіне санаулы күндер қалған. Соған орай үлкен жердегі үлкен бастық бұлардың ұжымындағы 4-5 белсенді қыз-келіншекті құттықтауға шақыртыпты деп естіген. Бірақ оған пәлендей мән берген жоқ. Кейбір әріптестері құсап «Ойбай, үлкен кісіге жылда осылар барады. Біз ше? Біз немене, әлде шошқа тағалап жүрміз бе? Жұрттан артық еңбек етпесек, кем қимылдамаймыз. Сонда да көзге бір ілінбей-ақ қойдық. Бағымыз жанбай-ақ қойды» – деп ренжіп, жата кеп тулаған жоқ. Құдай сақтасын! Ондай әдеті жоқ. Ондай нәрсе ойына кіріп те шықпайды. Қайта бұған ешкім ешқайда шақырмаса. Кәтта дөкейлер түгілі, бер жағындағы ұсақ-түйек шенеуніктер де елемесе, ешкім тыныштығын бұзбаса. Осы кәсіпорында көк халатын киіп алып тыпың-тыпың етіп күнделікті жұмысын жасап жүре берсе. Содан рахаты жоқ.
Сондай рахат құшағында түскі тамағын ішіп жайбарақат жұмысына келсе, қаз-қатар тізілген тігін құрылғыларының арасындағы алаңқайда бір топ қыз тұр. Орталарында балалар аяқ киімін жасаудың шебері, майталман етікші Тазагүл Жалшыбаева. Оның қолында бір буат гүл. Гүл болғанда да біз күнде көріп жүрген, дүкендер мен дүңгіршіктерде сатылатын жалтыраған қағаздармен аптап-гүптеп, неше түрлі бояулармен әрлеп-әлеміштеп қақитып қоятын, бір-екі жапырағы табиғи, бес-алты жапырағы жасанды гүл емес, қауыздарын әлі ашпаған қызыл, сары, қызғалдақтар. Бойлары да сорайған, ебедейсіз емес, ап-аласа, жарасымды, лентамен буылған, айналасы жинақы шағын букет. Бірақ ерекше. Гүлдер табиғилығымен, қауызын ашпаған тұмсалығымен еріксіз өзіне қаратады.
Бұл өз станогы жағына өтіп бара жатып гүлдің осы әдемілігін байқап үлгірді. Сосын сөмкесін қойып, сырт киімін шешіп қыздарға жақындады. Тек қана гүл емес, Тазагүл де ерекше құлпырып кетіпті. Үстінде анда-санда, салтанатты жағдайларда ғана киетін сәнді көйлегі мен кәстөмі. Ал мойнында... бұрын-соңды байқамаған су жаңа шарф. Әдемісін-ай! Қызғыш сары түске әппақ-әппақ дөңгелектер салған жібек шарф Тазагүлдің мойнында буалдыр сағымдай толқынданып жатыр. Нәп-нәзік, жеп-жеңіл мойын орамал. Құдды көктемнің келгенін хабарлап тұрғандай. Иесінің жүзіне жаңа өңмен қоса жылылық сыйлаған сияқты.
Мұның жақындап келіп, осынау әдемілікке таң-тамаша болып, аузын ашып тұрып қалғанын байқаған құрбыларының бірі:
– Айзере, кел, Тазагүлге үлкен кісінің не бергенін, – деді.
– Иә, Тазагүлдерге үлкен бастық күшті-күшті заттар сыйлапты, – деді екіншісі.
– А... а, – деді бұл мәселенің мәнісін енді түсініп. – Ой, құтты болсын, Тазагүл, құттықтаймын. Осындай, мұнан да жоғары табыстарға жете бер, еңбегің жана берсін!
– Рахмет, рахмет, Айзере, өзіңе де соны тілеймін.
– Айзере, мынаны қарасай, «Алғыс хаттарының» өзі қандай керемет, оюлап, өрнектеп жасаған.
– Ой, мынаны айтсайшы, «Француз үйі» дүкенінен француз духиін алуға берген сертификат.
– Ал шарф ше, ақ горошекті, просто супер!
– Ойпырмай-ә, бұл сыйлықтардың бәрі шынында керемет екен. Мына «Алғыс хатты» тіпті тамаша жасапты. Не деген өрнек! Не деген дизайн! Қандай талғам! Өнер ғой бұл, өнер!
Бірнеше қатпарлап, ашпалы етіп жасаған құттықтау қағазына Айзере қатты сүйсінді. Сонан соң қызғыш сары болса да көгілдір көктемнің хабаршысындай үлбіреген мойын орамалға таңырқады. Ал француз иіссуының мәселесіне мән де берген жоқ.
Бұл өйстіп әріптесінің алған сыйлықтарына риза болып, ол үшін шын жүрегімен қуанып тұрғанда Тазагүл былай десін:
– Айтпақшы, бағана қыздарға ең бірінші көрсеткесін, ду-думен ұмытып барады екенмін. Ең басты бергені мынау. Алтын түйреуіш.
– Иә, иә, шыннан да бәріміз ұмытып кетіппіз ғой, кәкір-шүкірге алданып. Үлкен кісінің ең үлкен сыйлығы осы, алтын түйреуіш!
Айзере өз құлағына өзі сенбей, басын көтеріп алып Тазагүлге жалт қарады. Шынымен де қап-қара костюмінің жағасында жалтырап түйреуіш тұр! Бір адым басып жақындап барды. Расында түйреуіш! Кәдімгі түйреуіш. Мұның түйреуіштерінен сәл үлкендеу. Сонда да сүйкімді. Түсі мұның сары түйреуіштерінен гөрі қызғыштау және түп жағындағы дөңгелекке ақшылтым тас орнатқан. Қызғыш түске әдемі үйлесіп, өзгеше әр беріп тұр.
– Ойпырмай-ә, – деді бұл таңданысын жасыра алмай. – Осындай да түйреуіш болады екен-ау, ә! Алтын түйреуіш те болады екен-ау, ә!
– Болатыны ғой енді, көріп тұрсың міне.
– Ей, сен есіңнен танып қалдың ғой тіпті, түк көрмедің ба, немене?
– Қыздар, Айзерені де түсінуге болады. Оның ең жақсы көретін заты – түйреуіш қой.
– Бар тағатын әшекейі сол түйреуіш десейші.
– Жәмән қалайы түйреуіштерді қатарластырып қадап алып мәз боп жүретін едің, енді не істейсің?
– Тазагүл, анау ерлер аяқкиімі цехындағы Күнсұлу, Күмісай, Қарлығаштар да барды ғой сенімен. Соларға да осындай заттар берді ме?
Бұл әнеугүні «Артық болмаса жұрттан кем жұмыс істемейміз, сонда да бір бағымыз жанбай-ақ қойды. Үлкен кісіге біз неге бармаймыз?» – деп ренжіген Жазираның сөзі.
– Иә, сыйлықты бәріне бірдей етіп жасайды.
– Сонда оларға да алтын түйреуіш берді ма?
Айзере бұл сұрақтың аузынан қалай шығып кеткенін білмей қалды.
Иә, оларға да, барғандардың барлығына да алтын түйреуіш, шарф, духи алатын сертификат, «Алғыс хат» және мынадай әдемі гүл берді.
– Е... е... ей, осы үлкен бастық та кімге не беретінін білмейді. Басқасын қайдам, дәп мына түйреуішті Тазагүлге емес, Айзереге беру керек еді. Нағыз қажет қылатын адам осы.
– Иә, шыннан да, Айзере түйреуіштің коллекционері ғой.
– Қойыңыздар, қыздар, Тазагүлден ұятты, давай жұмысымызды істейік.
– Иә, сөйтейік, біраз қызықтадық қой...
Қыздар орынды-орнына тарай бастады. Тазагүлдің жағасындағы алтын түйреуішке қарай-қарай бұл да жылжыды. Іші біртүрлі әлем-жәлем. Станогіне барғысы келмеді. Сосын білдірмей ғана сыртқа беттеді. Ауладағы сидиған ағаштардың арасымен жүріп отырып ең шеткі орындыққа барып жайғасты. Үстелдің арқалығына шалқайып басын қойды. Аспанды ақшарбы бұлт торлап алыпты. Алағат-алағат, түйдек-түйдек. Дәл қазіргі бұның көңіл күйіне ұқсайды.
Бұл осы сәт өз-өзін түсінбей отыр. Ішін бір нәрсе тырнап жатқан сияқты. Кеудесі қыза ма, дызылдай ма, әйтеуір қолайсыз бірдеңе мазасын алып барады. «Бұл не өзі? – деп ойлады бір кезде. – Бұл не, қызғаныш па? Жо-жоқ. Құдай сақтасын. Осы уақытқа дейін ешкімнің ешнәрсесін қызғанып көрмепті. Біреудің затына қызығып та қарамапты. А... а.. а, тапты, тапты. Бұл қызықты ғой. Қызықты. Иә, қызықты. Алтын түйреуішке қызықты. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген, ә. Жо-жоқ, алтын үшін емес. Егер де үлкен жердегі үлкен кісі Тазагүлге алтын түйреуіш емес, басқа – екі қолына екі алтын білезік, қүлақтарына қолақпандай алтын сырға, он саусағына он емес, екі-екіден жиырма алтын сақина сыйлағанда, оларды көзіне де ілмес еді, пысқырып та қарамас еді. Ал мынау түйреуіш қой. Алтын түйреуіш! Оған қалай қызықпасын. Әрбірден алтын түйреуішке қызықпау деген күнә емес пе?! Өзін әдемі қылып жасапты, ә? Түп жағындағы ақшылтым тасы қандай жарасып тұр. Өнер! Нағыз өнер! Мұндай қолөнер туындысын қайдан алса екен? Бұл әшекейді кеудеңе қадап жүрудің өзі үлкен бақыт шығар. Ту-у, Тазагүлдің түйреуішін сондай тыққысы келіп тұрғаны-ай. Алтын түйреуіші бар Тазагүл қандай бақытты. Қандай жолы болғыш. А... а... а, тапты, тапты. Келер жолы... келер жылғы әйелдер мейрамында үлкен бастық мүмкін мұны да шақыратын шығар. Мүмкін емес, дәл солай. Шақырады! Сонда ақшылтым тасы бар алтын түйреуіш сыйламай қайтеді. Сыйлайды. Шақырғасын сыйлайды ғой енді. Сосын бұл да Тазагүл, Күнсұлу, Күмісай, Қарлығаштар құсап кәстөміне алтын түйреуішін жарқыра...т..е...еп қадап алады. Ал әзірге көктемде жер бетіне жыбырлап шығатын есекқұртының ғана көлеміндей сүйкімді түйреуіштерін тағып жүре береді.
Осындай тоқтамға келіп біраз жеңілдеген Айзере кеудесіндегі қаз-қатар тізілген қалайы түйреуіштерін сипап-сипап қойып орнынан тұрды. Байқайды, көңілі сергіген, ішіндегі тырналап, дызылдап тұрған пәлелер жоғалған. Өзін алдын ала бақытты сезінуде.

Несібелі РАХМЕТ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
ӘДЕБИЕТ 07 наурыз 2017 г. 2 280 0