ЖАСЫЛ БЕЛДЕУ НӘТИЖЕЛІ БОЛМАҚ

Онда тиісті мамандарға кешенді іс-шаралар жоспарын жасау тапсырылған болатын. Бүгінде көгалдандыру жұмыс­тары өңірімізде екі бағыт бойынша жүргізілуде. Бірі Қызылорда – Айдарлы жол қиылысынан әуежайға дейін және саяжай жолының сол жақ қапталы арқылы тамшылатып суару тәсілімен жүзеге асатын болса, екіншісі Қызылорда-Шымкент бағытындағы көлік жолының көпірден бас­тап екі жағына ұзындығы 7 шақырым болатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолымен қиылысқан жерге дейінгі аралықта болмақ. Желдің бағыты мен жолдың солтүстік беткейінде орналасқан орталық бейіт пен қаланың орталық полигонының алдын жабу арқылы полигоннан шығатын зиянды, лас ауаның қалаға келуін барынша азайтуды мақсат еткен жұмыстың барысымен апта басында аймақ басшысы кеңінен танысты.

Қазіргі таңда әуежай маңындағы 4 га жерге 4541 дана терек, сыр талы тамшылатып суару әдісімен егілсе, «Қызылорда-Шымкент» автокөлік жолына 11300 дана тал егілген. Сондай-ақ, бұл жерге су тазартқыш құрылғы, насос қондырғылары, 2 дана дизель электростанциясы орнатылып, тыңайтқыш дайындау ғимараты салынған. Құрылысы сәуір мен шілде айларында басталған жобаның бас мердігері – «Мелиоратор» ЖШС. Жобаны аяқтау келісімшарт бойынша желтоқсан айында бітуі тиіс.

– «Жасыл белдеуге» байланысты барлық жұмыстар толық қабылданып, қаржы тиісті деңгейде игерілді. Қазіргі сәтте ағаштарды кесіп дайындап қойдық. Көктемде қосымша түп ағаштар егу арқылы толықтыратын боламыз. Алдағы уақытта көркейту жұмыстарын мұнымен шектемей Шиелі бағытына қарай жылжыту ойда бар. Көшет жеткілікті, дегенмен, жобаға әлі де қаражат қажет, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Еркебұлан Бекжанов.

Көгалдандыру-көркейту жұмыстарын көріп бағамдаған аймақ басшысы еңбектің нәтижелі болуын, өңірдің экологиялық ахуалын мұнан әрі жақсарту керектігін баса айтты. Ал қажетті қаражат мәселесін қарастыруды өз орынбасары С.Қожаниязовқа тапсырды.

 

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.


--- 06 қараша 2014 г. 528 0