« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |
Қазір жерсеріктік
антенналар нарығына қатысты мәселе туындап отырғаны белгілі. Заңсыз жұмыс істеп
жатқан операторлардың қазақстандық телевизияның дамуына кедергі келтіріп
отырғаны да жасырын емес. Осыған орай, Қызылорда облыстық радио және телехабар
тарату дирекциясы сату бөлімінің басшысы Өркен Абилаевпен болған сұхбатымызды
назарларыңызға ұсынамыз.
– Басылым беттері мен ғаламторда «Триколор», «НТВ+», «Радуга», «Телекарта» секілді операторлардың жерсеріктік қондырғыларын сату мен желіге қосылу қызметтерін жарнамалаған хабарландырулар тұнып тұр. Бұлардың әрекетіне қатысты не айтасыз?
– Кейбіреулер сіз атап өткен операторлардың әрекетіне бей-жай қарауы мүмкін. Алайда, «Лицензия беру» туралы ҚР Заңының 24-бабына сәйкес, еліміздің аумағында телевизиялық және радиохабар таратуды ұйымдастыру лицензияланатын қызмет түрі болып есептеледі. Сондықтан қазақстандық телерадиохабар тарату операторлары, мемлекеттік немесе коммерциялық болсын, олардың ел аумағында қызметтерін ретке келтіретін рұқсат құжаттары болуы тиіс. Осылайша, отандық операторлар жаңа жұмыс орындарын ашып, мемлекеттік қазынаны салық-алымдарымен толықтыра отырып, ел экономикасы мен отандық телехабар тарату саласының дамуына өз үлестерін қосады. Бүгінде Қазақстанда лицензия негізінде үлкенді-кішілі жүзден астам операторлар жұмыс жасайды, олардың арасында жалпы республикалық көлемде – «Алма TV», «Icon», Қазтелерадио («OTAU TV»), «Қазақтелеком» («ID TV») және аймақтық операторлар бар. Мысалы, біздің Қызылорда облысында «Санжар ТВ», «Көркем ТВ», «Орда ТВ» секілді кабельдік операторлар жұмыс істеп жатыр. Жалпы, лицензияланған операторлардың толық тізімін mki.gov.kz сайтынан білулеріңізге болады. Ал сіз атап өткен операторлардың лицензиялары жоқ.
– Олардың ел аумағында жұмыс істеуіне тыйым салуға болмай ма?
– Ел аумағында қызмет атқарып жатқан шетелдік, әсіресе жерсеріктік желіде жұмыс істейтін операторларға қатысты жағдай мүлде басқаша. Себебі, техникалық тұрғыдан шетелдік операторлардың жерсеріктік антенналарын қолдануға тыйым салу мүмкін емес, яғни ғарыштан тарайтын жерсеріктік сигналдың қамту аумағы, мемлекеттік шекаралардан анағұрлым кең. Бұл жақсы да, өйткені тұтынушылардың да, хабар тарату операторларының да мүмкіндіктері артады.
Алайда, кәсіпкерлік қызметті сол елдің заңнамаларына сәйкес жүргізу керек екені белгілі. Мысалы, бір операторлар ел аумағындағы заңдылықтар талабы бойынша, техникалық регламенттер, абоненттерге қызмет көрсету ереже талаптарын орындап, есепке тұрып жатыр. Ал енді біреулері ешқандай тер төкпестен, сол көрермендерден оп-оңай табыс тауып жатқанын көріп отырмыз. Яғни, қандай да бір шығын көрмей, оның ішінде Қазақстан бюджетіне алым-салым төлеместен, шетелдік жерсеріктік операторлар еліміздің телерадиохабар тарату нарығының «қаймағын» сыпырып жеп отыр десек те болады. Анығына келсек, бұл лицензиядан өткен операторлар үшін теңсіз бәсекелестік. Бір сөзбен айтқанда, өте тиімсіз. Тәуелсіз сарапшылардың дерегіне жүгінсек, Қазақстан бюджетінен айналып өтіп, шетелдік операторларға кетіп жатқан табыс жыл сайын миллиардтаған теңгеге жеткен. Рәсімделуден өтпеген «сұр антенналарды» қолданатын азаматтар Қазақстанның ақпараттық кеңістігінен тыс қалып отыр. Ал отандық жерсеріктік және кабельдік хабар тарату операторлары ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 28-желтоқсандағы №1713 қаулысына сәйкес, міндетті түрде трансляциялануы тиіс 14 отандық телеарнаны көрсетуге міндетті. Ал шет елдің операторларының Қазақстан телеарналарын өз телетоптамасына қосуға техникалық мүмкіндіктері бола тұра, оларды трансляцияламай отыр.
– Біздің нарықты «сұр антенналар» қалай толтырды?
– Шын мәнісінде, Кеңес Одағы ыдыраған соң, ақпараттық шекаралар жойылды. Жұрт жаппай ақпаратқа ұмтылды. Дүңгіршектеріміз шетелдік газет пен журналдарға толды. Телевизия саласында да дәл сол жағдай орын алды. Айта кетерлік бір жайт, ол кезде қазақстандық операторлар шетелдік хабар таратушылармен бәсекеге шыдас бермейтін. Кеңестік дәуірден қолданылып келген телехабар таратудың аналогтық стандарты, заманауи көрерменнің көңілінен шықпады. Әрі ескі форматтың сапасы да сын көтермейтін, көрсетілетін телеарна саны 3-5-тен аспайтын, әсіресе ауылдық жерлерде. Осының әсерінен «сұраныс ұсыныс туғызды» принципі бойынша, Қазақстан нарығына, әсіресе ауылдық жерде «сұр антенналар» легі лап қойды. Егер қалаларда кабельдік операторлар кеңінен таралса, шағын қалашықтар мен елді мекендерде қызмет көрсетуден кабель таратушылар тартыншақтана беретін. Өйткені, оларға ауылдар – коммерциялық тұрғыдан тиімсіз орта.
Бір қуантарлығы, соңғы жылдары біздің операторлар қарқынды дамып жатқанын байқауға болады. Бүгінде Алма ТВ – 600 000 абоненті, ID TV – 200 000, OTAU TV – 750 000, Icon-ның 300 000 абоненті бар. Оған жергілікті кабельшілердің нарығын қосыңыз. Қазақстандық операторлар жұмысының арқасында, елімізде 10 отбасының сегізі кем дегенде 14 қазақстандық телеарнаны көріп отыр деген сөз.
– Сауда орындарында қаптап тұрған түрлі тәрелке – «сұр антенна» тұтынушылардың мүддесін қорғай ала ма?
– Базарларда «сұр антенналардың» сатылуы тұтынушылардың мүддесін қорғамайды. Мысалы, Сіз «Триколор», «НТВ Плюс», «Радуга», «Телекарта», «Платформа HD, «Рикор» және т.б. антеннасын сатып алдыңыз, біраздан соң қондырғыда техникалық ақау пайда болды делік. Сіз ешкімнен көмек сұрай алмайсыз, өйткені аталған операторлардың Қазақстанда өкілдігі жоқ. Бұған қоса, шетелдік операторлардың көбі, ескіріп қалған DVB-S стандартында хабар таратады. Ал Қазақстанда 2010 жылы 27-желтоқсандағы ведомствоаралық комиссия хаттамасымен DVB-S-2 стандарты қабылданған. Сонымен қатар, шетел операторлары тыйым салынған тауар мен қызметті жарнамалау арқылы Қазақстан Республикасы «Жарнама туралы» Заңы талабын бұзып отыр. Шетелдік операторлардың қондырғы мәзірі мен қолдану нұсқаулығында қазақ тілі қарастырылмағандықтан, ҚР «Тілдер туралы» Заңы да бұзылған. Сондай-ақ, «Телерадиохабар туралы» Заңға сәйкес, мемлекеттік есепке тұрмаған телеарналарды ел аумағында трансляциялауға тыйым салынған. Бүгінде 200-ден астам шетелдік телерадиоарна ҚР аумағында тіркеуден (http://www.aci.gov.kz сайтының мәліметтері бойынша) өтті. Алайда, шетелдік операторлар біздің көрермендерге республика аумағында тіркеуге тұрмаған 100-ден астам арнаны көрсетіп отыр.
Бұл операторлардың жұмыс жасау тәсілі де оңай, ауыл-ауылды өздері араламайды, агент немесе дилер ретінде желіге қостыру қызметін көрсететін қазақстандық кәсіпкерлер арқылы жұмысын жүргізуде.
– Көпқабатты үйлердің қабырғасында саңырауқұлақтай жабысып тұрған «сұр антенналар» қаланың көркін де бұзып тұр емес пе?
– Әрине. Бұл қала құрылысы мен сәулеткерлік заңнамаларын сақтамау деген сөз. Бұл антеннаны қойғысы келген адам, оны тысқы қабырғаға іле бермей, шатырға орнатуы тиіс. Сондықтан бұл жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігіндегі мәселе.
Осы ахуалды сипаттай келе, есіме Наполеон Бонапарттың: «Өз әскерін асырағысы келмеген халық, өзге елдің әскерін асырайтын болады» деген сөзі түсіп отыр. Шетелдік хабар тарату операторларын асыраймыз ба, әлде Қазақстан телевизиясының дамуына үлес қосып, бюджетімізді толықтырамыз ба? Отандық телекөрермен мен жергілікті әкімдіктер қандай таңдау жасайды? Мәселе осында.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Дәурен ОМАРОВ.
« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |