Әсемдік әлемді құтқарады

Сегізінші наурыздың тарихына бойлағандар 1857 жылы 8 наурызда Нью-Йоркта өткен тоқымашылар маршы туралы айтады. Төмен жалақы мен қолайсыз еңбек жағдайына  шағымданған әйелдер шеруі «бос кастрюльдер маршы» деген атауға ие болған. Кейін 1910 жылы неміс революционері Клара Цеткин Копенгагенде әйелдердің проблемалары мен құқықтарына қоғам назарын аударуды, 8 наурызды әйелдер күні деп белгілеуді ұсынады. Кәрі құрлықтың кей елдерінде әйелдер мерекесі 1911 жылдан атап өтіле бастады.
Ал Ресейде 1917 жылдың 23 ақпанында соғыс пен аштықтан қажыған әйелдер Петроград көше­леріне  шықты. Әйелдерге Путилов зауытының жұмысшылары қосылып, қарулы қақтығыс орын алды. Ақырында әскер шерушілер жағына өтіп, монархияның күлі көкке ұшты.
Кеңес дәуірінде 1965 жылдан бастап 8 наурыз демалыс күні деп жарияланды да, шерулер банкетке, ұран жазылған плакаттар гүлге алмасты. Ал 1970 жылы БҰҰ 8 наурызды Халықаралық әйелдер күні деп ресми бекітті.
Одақ тараған соң, Грузия мен Балтық жағалауы елдерінде бұл мереке аталмайтын болды. Өзбекстанда «Аналар күні» деп атауы өзгерді, бауырлас Әзербайжан елі 7 сәуірді «Аналар мен әдемілік күні» деп белгіледі.
Біздің елімізде де әйелдер күнінің әу бастағы саяси сипатынан ештеңе қалған жоқ. Клара Цеткин де ұмытылды. Қазақстандықтар 8 наурызды әдемілік пен көктем мерекесі ретінде атап өтіп, аналар мен қыз-келіншектерді құт­тық­тауға, оларға әдеттегіден артығырақ көңіл аударуға асығады.    
Интернеттегі тұрғын­дар­дың санағын жүргізетін статистикалық есептегіштің наурыздың 5-і күнгі мәлімет­теріне қарағанда, еліміз хал­қының 52 процентін әйелдер құрайды. Мұқағали ақынның «Әйелдерді еркектерден көп дейді...» дейтін өлеңі өмірден алынған ғой. Әдетте «әйелдердің әйелі жоқ» делінетін әзілдің астарында шындық бар сияқты, нәзікжандылар ер азаматтарға қарағанда орта есеппен 9 жыл артық өмір сүреді екен. Бір деректерде еліміз бойынша қыз-келіншектер косметикаға жылына 43 млрд теңге жұмсайды делінген. Енді әдемілік «құрбандықты» керек етпейді ме?
Сол статистикада жұмыс­басты әйелдер күніне уақы­тының 17 процентін үй шаруасына жұмсаса, ерлер бар болғаны 7,7 процентін ғана үйге арнайтыны да жазылған. Тағы бір қызық, онда әйелдердің жалақысы ерлерге қарағанда бірталай аз екені де келтіріліпті. Қанша процент екенін көрсетсек, әдемілік ме­рекесі қарсаңында көңіл бұзылар деп сақтандық.
Мереке құтты болсын, аяулы аналар, ардақты қыз-ке­ліншектер, қаракөз қарындастар!

«СБ» ақпарат.
--- 07 наурыз 2020 г. 560 0