Жаңа бағдарламаның жайы түсіндірілді

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының ұйымдас­тыруымен «Өнімділік-2020» бағдарламасы туралы аймақ кәсіпорындарына толық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Осы мақсатта семинар-кеңес өткізіліп, оған қалалық, аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімдерінің қызметкерлерімен қоса облыстағы өнеркәсіп саласындағы кәсіпорын басшылары қатысты.

Семинар-кеңесте бағдарлама аясында кәсіпорындарға мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер туралы «Қазақстандық индустрияны дамыту институты (КИРИ)» АҚ бас сарапшысы Т.Жұмабеков пен лизингтік қаржыландыру жолдары туралы «БРК-Лизинг» АҚ менеджері Е.Әлмұханов баяндады.

Бағдарлама Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 14 наурыздағы №254 қаулысымен бекітілген. Сонымен қатар, облыс әкімінің 2014 жылға арналған іс-шара жоспарында бағдарлама аясында кәсіпорындарды мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктермен барынша қамтамасыз етіп, тиісті жұмыстар жасау қаралған. Бағдарламаның басты мақсаты – өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындардың экономиканың басым бағыттағы секторларында еңбек өнімділігін көтеру жолымен бәсекелестікке қабілеттігін арттыру, кәсіпорындардың жұмыс барысында пайдаланатын басқару және өндірістік технологияларды жетілдіру, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту (техникалық қайта жарақтандыру) және бәсекеге қабілетті жаңа өндіріс көздерін құру болып табылады.

Сонымен қатар, семинар-кеңес барысында облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ж.Еламан аталған бағдарлама аясында Қызылорда облысы бойынша қазіргі уақытқа дейін құрылыс индустриясына жалпы құны 13,1 млрд. теңгенің 3 жобасы ұсынылғанына тоқталып өтті. Олардың қатарында «Мелиоратор» серіктестігінің «Қуаттылығы жылына 500 мың тонна болатын цемент зауытының құрылысы» инвестициялық жобасы бар. Жоба құны 11,2 млрд. теңгені құрайды. Содан кейінгі «Шиелі тас Оңтүстік» ЖШС-ның «Әктас өндірісі зауытының құрылысы» инвестициялық жобасының құны – 631,8 млн. теңге. Ал «РМЗ-Шапағат» компаниясының «Үй салу комбинаты құрылысы инвестициялықжобасы 1 262,6 млн. теңгені шамалайды.

Ж.ҚОРҒАН.


--- 12 тамыз 2014 г. 923 0