« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Арал ауданында қай салада да ілгерілеушілік байқалады. Әрине, теңіз төскейінде шешімін күткен мәселе жоқ десек, артық айтқандық болар еді. Алайда, нәпақасын теңізден айырған іргелі қауымның атақонысынан үдере көшкені енді артта қалды. Тұрғындар түйткілді мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетініне үміт артады.
Аудандық мәдениет үйінде өткен Арал ауданы әкімі Мұхтар Оразбаевтың есебіне облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, облыстық басқарма басшылары мен мамандары, БАҚ өкілдері, аудан активі және тұрғындар қатысты.
М.Оразбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайына, Президент Жолдауынан туындаған міндеттерді орындау жолдарына тоқталды.
Соңғы жылдары Арал ауданының экономикасын дамыту бойынша ауқымды жобалар атқарылған. Оны ауданға жыл басынан бері 28,6 млрд теңгеден астам инвестиция тартылғанынан аңғаруға болады. Өткен жылы өнеркәсіп орындары 15,3 млрд теңгеден артық өнім өндіріп, салыстырмалы көлем индексі 112,3 процентті құраған. 734,9 мың тонна тұз қазылып, 242,4 тонна йодталған тұз өндірілген. Оған қоса, балық, ет, нан және нан өнімдері, кварц топырағы халық қазынасына айналды. Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына ауданнан 1,8 млрд теңгенің 4 жобасы енгізілген. Бұған дейін 3 жоба жұмыс жасап келсе, «Қазақстан Аквакультура» ЖШС-ның «Балық қабылдау және өңдеу цехы» жобасы іске қосылатын болады. Индустриялық аймақта жалпы құны 239,8 млн теңгені құрайтын 3 жоба іске асырылуда. Жуырда өңірлік индустрияландыру картасына және индустриялық аймаққа жылдық қуаттылығы 130 мың тонна дайын өнімді өндіретін «Qazaq Camel» ЖШС-ның «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау» жобасын енгізу жоспарланған. Теңіз төскейінде Ойсылқара түлігінің өсіп-өнуге бейімділігін ескерсек, жобаның маңыздылығы айқындала түседі.
Тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінің деңгейі бой көтерген жаңа құрылыс нысандарынан анық байқалады. Жыл басынан 167 жеке тұрғын үй пайдалануға берілсе, 9 жоба іске асырылуда. Олардың қатарында Арал қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигон, 250 орындық оқушылар үйі бар. Сексеуіл кентіндегі 40 төсек-орынды аурухана құрылысы биылғы жылға өтпелі болса, Сексеуілдегі № 231 орта мектептің 100 орындық қосымша құрылысы, Шижаға елді мекеніндегі мәдениет үйі және Сексеуіл кенті мен Сазды елді мекендеріндегі биотермиялық шұңқырлардың құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы Арал қаласынан «Құқықтық қызмет көрсету орталығы», Сазды, Шөмішкөл, Қосаманнан медициналық бекеттер салынып, ел игілігіне берілсе, №83 орта мектебінің қосымша құрылысына және №13 орта мектебіне ағымдағы жөндеу жасалған.
Аудан аумағынан өтетін «Батыс-Еуропа - Батыс-Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізі бойынан 3 жолбойы сервистік нысаны қызмет көрсетіп келген. Оған қосымша жеке кәсіпкерлер Г.Жұмағазиева мен Т.Әбибуллаевтың «С» санатты сервистік нысандары биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, автокөлік дәлізі бойынан жеке кәсіпкер Т.Жалғасбековтың бастамасымен «С» және «Д» санатындағы жолбойы сервистік қызмет көрсету орталығының құрылысы жүріп жатыр.
Аудан аумағында балық шаруашылығы үшін маңызды Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 20 көл бар. Теңіз төскейінде жылдық қуаттылығы 19900 тоннадан асатын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Зауыттардың тең жарымы балықты тереңнен өңдесе, қалғаны балықты қатыру, мұздату, ыстаумен айналысады. Сондай-ақ, «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС мен «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Еврокод» белгісін иеленген. Былтыр балық өнімдері Ресей, Қытай, Германия, Польша, Нидерланды, Грузия, Украина, Әзербайжан, Қырғызстанға экспортқа шығарылды.
Аудан әкімінің жылдық есебі барысында тұрғындар Арал қаласындағы темір жол үстінен аспалы көпір салу, аудандық маңызы бар «Қаратерең-Жаңақұрылыс» бағытындағы автокөлік жолы, Сексеуіл кентін газдандыру, басқа да өзекті сауалдарды қамтыған мәселелерді қозғады.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |