« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |
Жақында ҚР Тұтынушылар қорғау агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастамасымен Сырдария ауданында "Мықты бизнес – қуатты мемлекет” тақырыбында семинар-кеңес болып өтті. Семинарды Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының Сырдария аудандық филиалы, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі мен "Сырдария-Нұрдария” қоғамдық қорлары бірлесіп ұйымдастырды. Онда тағам нысандарында санитарлық талаптардың сақталуы, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету сарапқа салынды.
Аудан әкімі Ғ.Қазантаевтың төрағалығымен өткен осы бір игілікті шараға ауыл әкімдері, кәсіпкерлер, құқық қорғау мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысып, өзара пікір алысып, ой бөлісті.
– Шағын және орта бизнесті дамыту – ел экономикасын арттырудың бірден-бір сара жолы, – деп сөзін бастаған аудан әкімі Елбасы Жолдауындағы бизнесті мейлінше дамыту, кәсіпкерлерге барынша қолдау қажеттігі жайлы егжей-тегжейлі баян етті. Тұтынушылар құқын қорғау да бүгінгі күн тәртібінде тұрған басты мәселе.
– Еліміз Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып отырған қазіргі кезеңде, – деді сөз кезегінде облыстық тұтынушылар құқын қорғау департаментінің басшысы Р.Нұртаев, – азық-түлік өнімдерінен алыс-беріс болғандықтан оның сақталу мерзімі мен тасымалдануына, сапасына барынша назар аударылуы қажет. Сондай-ақ, жоғарыда айтқандай, тұтынушылардың құқықтарын қорғау да күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Семинар-кеңес барысында күн тәртібіндегі мәселеге байланысты хабарлама жасаған аудандық тұтынушылардың құқын қорғау басқармасының басшысы Д.Жаңабергенова тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты мәселелерді толықтай мәлім етті. Нақтылай айтар болсақ, "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі” Заң әлемдік әдістерге сүйене отырып, жаңадан дайындалуда. Жаңа заңда тауарлар алуға, оның сапасын бақылауға, тауарларды қайтып алу мен айырбастауға қатысты мәселелер мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі міндеттер айқындалмақ. Екіншіден, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жетілдіруді қолға алу қажет-ақ. Яғни, Елбасының Жарлығы негізінде биылғы жылдың сәуір айынан бастап, 2015 жылдың 1-қаңтарына дейін орта және кіші бизнес субъектілерін тексеруді шектеу жарияланды. Өздеріңізге мәлім, әкімшілік кедергілерге, құқық бұзушылықтарға итермелеуге әкеліп соқтыратын қолданыстағы санитарлық талаптарда қызмет түрлері мен тағам өнімдерінің қауіпсіздігіне сәйкес жеңілдіктер қарастырылып, орта және шағын кәсіпкерліктің өркен жаюына жағдай туғызбақ.
Үшіншіден, басты назарға тағам өнімдерінің қауіпсіздігі алынып отыр. Осыған байланысты санитарлық және санитарлық-ветиринарлық талаптардың бірін-бірі қайталамауы мен кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілерді азайту, ішкі рынокты қауіпті өнімдерден қорғау қолға алынбақ.
Төртіншіден, санитарлық-эпидемиологиялық және тұтынушылардың сараптау жүйесін жетілдіру жайы. Ал, бесіншіден, эпидемиологиялық жағдайды жетілдіру қажет. Өйткені, елімізде халықтың эпидемиологиялық жағдайын қамтамасыз ету өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Бұл орайда, жұқпалы ауруларға тұрақты түрде бақылау жүргізу керек. Осыған байланысты санитарлық-эпидемиологиялық паспорттарды дайындауда мониторинг және болжамдар жүргізуге, тәуекелдерді бағалау, төтенше жағдайлар орын алған жағдайда жедел түрде жоюға дайындығын ақпараттандыратын ақпараттық жүйе құрылмақ.
Алтыншыдан, тұтынушылардың сауалдарына жедел түрде жауап беру мақсатында электрондық үкімет арқылы жүзеге асырылатын "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ақпараттық-коммуникациялық жүйе” іске қосылмақшы.
Алқалы жиында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының Сырдария ауданындағы филиалының директоры А.Серекеев, аудан прокуроры А.Тәженов, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы М.Нұртазаев сөз алып, кәсіпкерлерді қолдауға, олардың заңдылықты сақтауға байланысты ұтымды ұсыныс-пікірлері ортаға салынды.
Өздеріңізге мәлім, еліміз қуатты мемлекет болуы үшін кәсіпкерлікті де барынша дамыту қажет-ақ. Бұл орайда отандық бизнестің орны бөлек. Ал, жергілікті бизнесті дамыту – өз алдына бір төбе. Демек, кәсіпкерлікті дамытудың барлық қырларын жоспарлы түрде жүйеге келтіру – бүгінгі күннің басты талабы.
Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.
Сырдария ауданы.
« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |