Еркіндік еркебұланы

Аралдың Атымтай азаматы, айбозым тұлға, аудандағы кәсіпкерлік қыраны, екі мәрте облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланған халық қалаулысы Тоғыс Жұмашевтың Жер-Ана құшағында тыныстағанына тура 10 жыл. Ол туралы мінбеден емес, жүрек төрінен сөйлеу ғана жарасымды. 

Сенім салмағы

Қалам қолға бағынбайды, ойдан бұйрық алады. Бап тілейтін жағдай басқаша. Бұл жолы көңіл көші уақыт шабарманымен тайталаса алмады. Тұп-тура аттың жалы, түйенің қомы дейтұғын, таңдау күтіп кергімейтін ой ке­руенін жеделдетіп сағыныш сүр­леуіне салуға тура келді. Өтініш те, тапсырыс та емес, жалтаруды, жалбарынуды құлағына да ілмейтін рух аманаты!

Несіне жұмбақтайын, бір өзі мыңға татитын, бір ауыз сөзі дем беретін, елжірегенге ең­кейе­тін, шалқайғанды шындық ша­палағымен жасқап та жіберетін туымы бөлек тұлға Тоғыс Махам­бетжанұлы Жұмашев туралы естелік кітаптың беташар бөлімін жазу маған жүктелді. Асыққанға уақыт мейірімсіздеу көрінетінін осы жолы ұғындым.

Достың да, қастың да табасына қалмас үшін, қосарға лау ат жетектегендей жалғыз жолаушының міскін кейпіне түскендеймін. Өзімді-өзім алдарқатам. Амал не­шік, қашанда барға қанағат. То­­ғыстың  анасымен, отбасымен, бауырларымен, достарымен тіл­дестім. Шай қайнатым әңгі­мелер шолтаң етіп, жалғасын тілеп жатты. Қадау-қадау оқиға­лар, сәу­лелі сәттер қуалауға уақыт ты­ғыздығы мұрша бермеді. Ес­те­ліктер шоғыры да бір ізділеу көрінеді. Көп дағдардым. Әлбет­те, әр нәрсенің екі жағы бар. Бас­қаларды қайталамауың – құн­ды­лық, тосыннан жол табу – зіл батпан салмақ. 

Осы кілтипанның сырына уәжді Тоғыстың арда болмысынан таптым. Ол өзгелердей өзіне ғана тояттаған жан емес-ті. Көзі көреген, құлағы түрік, жады мықты болатын. Жұрт бүгін шуласып жатқан ақпар мен ахуалға кешеден  қанық, шаруаға ғана емес, ел тынысын зерделеуге де ескерімді еді. Айналасындағылар түгіл, қашықтағылардың да өмір айналымынан үнемі  хабардар жүретін. Одан сыр жасыру, бой тасалау еш мүмкін емес-ті.

Тоғыстың өзіне ғана тән осы басымдығы әлі күнге күшінде. Ол туралы асырып та, кемітіп те айта алмайсың. Туындымызға эпи­граф етіп алынған дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің Аль­батросқа тіл қатуы Тоғыспен ара­­да рух көпірін орнатудың ке­пілдік кілті тәрізденетіні де сон­дықтан.  Оқырманды өйтіп-бүй­тіп илан­дырармын-ау. То­ғыс­ты қайтіп жұбатам? Ол үшін қай­тіп толғанам?! «Білгенің – бір тоғыз, білмегенің – тоқсан то­ғыз» дейтұғын ежелгі бабалар ес­кертпесі адамтану дағдымыз­дың соншалықты осал екендігін бетке басқандай екен.  Талант – Алладан берілген бір пайыз мүмкіндік. Қалған тоқсан тоғызы еңбекпен ғана толығады», – дейтін тақуа пәлсәпа да тақымдап қояр емес.

Ішкі дауыс: «Тоғыс ел үшін жаратылған. Оның әрбір қадамы, әрбір лебізі, кезеңді белестері көп­тің көзімен, көпше түрде дәріптелгенде ғана дәмді болмақ. Бүгінгі баяндау ертең-ақ ел аузымен еселеніп, тәбәрік тәмсілге айналары хақ» деп араша түскендей.  

Жүйрік сөз ешқашан қамшы салдырмайды. Ойдан ой ғана озады. Торғауыттың қамалын бұз­ған хас батырдай Тоғыс тәрізді ал­даспанның көлеңкесіне зар бол­ған үргедек күндер шабан тартуға еш келіспейді. Үйде де, түзде де толғаныс. Ұйқы қашырған түн­дер. Сондай сарсаңкесек тәу­лік­тің бірінде Тоғыс қалам ұстаған ағасына түс пердесін көлегейлеп, қылаң берді.

***

Беу, дүние! Шашасына шаң жұқпаған Шалқұйрық пен Тайбурыл, Құлагердей бәйге қиқуында жұлдыздай аққан Тоғыс сынды тұлпар тектес тұлғалар неліктен жазатайым мерт болады?! Адал­дық пен арамдық айқасқанда, ажал шіркін де табиғатына тартады екен ғой. Тағдыр жазуы дегенмен, «өлі арыстаннан тірі мысық артық» дейтін жұбату асылынан айырылғандарға дәтке қуат болар ма?!

Тоғыстың бейқапыл қазасы айыпты іздемейді. Пешенесіне жазылған өлшеулі ғұмырда ол бір адамның емес, бірнеше кісі зорға алып жүретін міндет пен аманаттарды мүлтіксіз атқарумен жүрді. Ол әсте шаршауды білмейтін. Басты қағидасы – бәріне үлгеру! Сонау Екібастұз бен Қарағанды кеніштерінен вагондап көмір ке­руенін жөнелтудің жанталасында сірә да тыным таппайды. Байланыстың барлық түрін іске қосады. Теміржолдағы іркілістің алдын алып, жасыл жа­рықтың биқұт өзгермеуін қадағалайды. Түн әлетінде көз шырымын алмай тау қопарған Толағайдай жұ­мысшылармен бірге көмір түсіру қарбаласында қол­қаны қапқан қара шаңмен тыныстайды.

Шіренгенге табыс шырыны айнала ма? Тоғыс әлгідей дің­келетпей жұ­мыстан керісінше ләз­зат ала­тын сияқты. Ертеңіне жай­нап, жұтынып шыға келеді. Дос-жаранның тамырын басып байқайды. Ағайынның аманды­ғын тү­гендейді. Алыс-жа­қын­дағы ардақтылармен аман­дық-саулық біліседі. Аудан тынысына зер салып, ел ахуалын аңдайды. Атқа мінгендердің бұралаң бағытын сын сәулесімен шолады.

Соның арасында ақпа­рат аударыстырады. Төрт­күл дүниенің алақұйын өзгерістерін ой елегінен өткізеді. Қоғамдық пікір тудыратын өткір жарияланымдардан тояттайды. Үйінен де, мекемесінен де кісі арылмайтын Тоғыс қа­мық­қанды жұбатады. Жәрдем күт­кенді демейді. Нағашы-жи­ен­ді ойып түсер қалжыңы ын­ты­мақ шашуы іспеттес. Жал­тақты қайрап, намысын жаниды. Талантты өнерпаздар мен спорт­шыларға бүйрегі бұрып, талаптарына ақжол тілейді. Көптің назын көлеңкеде қалдырмай, шындық үшін бозторғайдай шырылдайды.

Нартәуекел

Жиырмасыншы ғасырдың соң­ғы жылы Тоғысты біраз әу­ре-сарсаңға салды. Өкпеге қысым түсе бастады. Қант диабеті деген ойламаған ауру да кесе-көл­денеңдеп бақты. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» дегендей, жұмыста да қауырт қарбалас жүріп жатты.

Кесел қайдан жабысады де­рің бар ма? Бәлкім, он төрт жыл бойы кеніштен қара маржан қо­парғандай көмір тасымалы ке­зіндегі ыссылы-суықтың бірінде өкпесін қабындырған шығар?! Қарағандыға оқтын-оқтын аттандап, Екібастұздағылардың да тамырын басып жүргенде, жол үстінде жабысты ма? Әлде көмір тиелген вагондарды алып жүгінен шалттатып босатып, бос уақыт жібермеудегі жанталаста ақ тер, көк тер болып жүріп суық қармап қалды ма? Күзгі ызғар, қыс қаhары кімді аясын?!

Қалайда бұл мысқалдап кір­ген ауру болды. Жергілікті дәрі­герлер Алматыны нұсқады. Өті­­сіп кеткен ауру зардабын же­ңіл­детуге барын салып бақты. Әйт­кенмен, өршіген ауру қоз­дыр­ғышы дес бермеді. Алматы да дәрменсіз болды Ендігісі – құ­дайдың басқа салған сынын қайыс­пай көтеру ғана.

Жан жары Несібелі, ағасы Нұрбай жоғын таппаған жолау­шыдай күй кешті. Алматының ылғалды ауасы, таулы аймақ қы­сымы өкпеден бүктетілген То­ғысқа мүлдем сәйкес келмейтіні турасымен айтылды. Мамандар бұдан әрі Алматыда қалдыру бол­жап болмайтын жағдайға соқ­тыруы мүмкін екендігін ескертті. Бауыры езіліп кеткендей болған Нұрбай інісін Аралға жеткізуге асықты.

Ажал әкірең қақса да, сәкідегі құс төсектен көк жүзіндегі жұл­дыздарға сәлем жолдайтын То­ғыс бордай үгітілмеді. Бау­ыр­­ларына қайрат беріп, жан­тә­сілім сәтінде бірге болуды тап­­сырды. Жерлеу­дің де жай-жап­сарына қанықтыра­ды. Күн санап әзірейілді күткен ақ шөл­мектей солған қайран ағаның жас жуытпаған жанарынан үміт сәулесі үзілмегей деп тілейді бар бауыр. Мүлгіп жатқан Тоғыс кенет басын жұлқа көтеріп:

– Бүгін менің кететін күнім. Аң болыңдар, – деп салды. Көбек пен Қалыбайдың зәресі ұшып кетті. Тоғыс сол екі арада жарты сағаттай дамылдады. Түнгі сағат 3-ке таман орнынан түрегелді. Жүрегі аузынан шығып кетердей.

– Алып кетуге келіп тұр! – деді де, төсегіне сұлқ құлады. Есі кеткен екеуге «қорыққанға қос көрінеді» дегендей, кереует табытқа ұқсап кетті. Тоғыс қайта мызғыды. Жарты сағат өтер-өтпесте орнынан қайта атып тұрды. Бұл жолы райы басқаша. Жанарында жарқыл пайда болған.

– Қалыбай, мен енді өлмеймін! Бабам келіп аянымен қолдады. Халқыңа қызмет ет деген тапсырма берді.

Осыны айтты да төсегіне жантайды. Содан таңғы сағат 8-ге дейін тұяқ серіппестен ұйықтады. Иненің ұшында отырған бауырлар бөркін аспанға атты. Алла кеңшілігіне білген дұға, сыйыну сөздерін тынбастан күбірлеумен бұлар да таңды атырды.

Махамбетжан аға жанарын жас жуған күйі:

– Садағаң болайын. Кезек менікі. Уа, Жаратушы, тілегімді бергейсің, Тоғысым торықпасын, бабалары қолдасын! – деп суырыла тіл қатып, сүйікті ұлын үш қайтара айналып, зікір салған бақ­сыдай күй кешті.

Ретсіз тіс жармайтын, налы­ғанын білдірмейтін сырбаз кісі­нің лебізі қабыл болыпты. Бас-аяғы үш айдың ішінде ауырмай-сырқамай 1999 жылдың тамыз айында ақтық сапарға аттанып кете барды. Жұрт жағасын ұстады. Алғау­сыз әке махаббатының құдіретіне бас иді. Тоғыс ауру азабын арқа­лай жүріп көкесін арулап жөнел­туге бастан-аяқ бел шеше араласты.

Тоғыс күн санап күш ала бас­тады. Бар ауыртпашылықты әке қазасы жеңілдетіп кеткендей. Күз­­ге салым Тоғыс екіталай тәуе­келге бел буды. Қызыл­орда­дағы көптен емдеуші дәрігер Уәли­ханмен кеңесті. Ол былай да, олай да тексеріп:

– Жүрегің мықты. Қант диа­бетінің қаупі бары рас. Опе­ра­цияға тәуекел дегенің дұрыс ше­шім. Уақыт арқаны кеңге салуды көтермейді. Тәуекелсіз іс болмайды ғой, – деп құптады да қайрады.

Содан Ақтөбедегі сыйлас хи­рург Бақтыбаймен хабарлас­ты. Ширыққан шешімді ол да бөтен көрмеді. Операцияға дайындау шарт­тарын бұлжытпай орын­дауды тапсырды. Тоғыс бұл опе­рацияның ақ халаттылар үшін де, өзі үшін де ажалмен арпалыс екенін іштей екшеді. Өмір үшін күресте жүрек жұтқан ғана ұта­тынын үміт кепілі санады.

Аралдағы, Алматы, Қызылор­дадағы ет жақын, жекжат, дос-жаран Ақтөбеге қарай ағылды. Тоғыс ешкімнің сүйеу сөзіне зәру емес. Бәрін өзі кесіп-пішіп қойған.

– Әуелі құдай, көрер жарығым болса, аман қалармын. Бабалар аяны солай дейді. Басқалай нә­тиже де ықтимал ғой. Жаман айтпай жақсы жоқ. Кімнен ар­тықпыз? Үмітсіз шайтан ғана, тір­ліктен дәмелімін. Абыржы­май операцияның ақырын күтіңіз­дер. Сендер мойысаңдар, мен езі­лемін.

Бойын бекем ұстағанымен, дауысында діріл бар. Дәті мықты ғой, жанарға жас ірікпеді. Операция залына еніп бара жатып, ентелеген қауымға «Қош бол!» деп емес, «Көріскенше!» деген сапар сәттілігіне күмәнсіз жолаушыдай қолын бұлғады. Мұның алдында ақтөбелік хирург Бақтыбай Бижанов пен қызылордалық терапевт Уәлихан Әлиакбаровқа төтесін айтты:

– Операция столынан көзім жұмулы емес, ашулы қалпында шығармын деген сенімдемін. Ая­нып қалмассыңдар. Ағза ахуалына қанықсыңдар. Бір ғана қол­қам бар. Аллаға денемді бүтін күйінде қайтарыңдар. Нә­сіп етіп аман қалсам, маған да сын­ған шартақтай қабырғадан гөрі, кө­бесі сөгілмеген мүше керек. Пы­шақ өтінішке меңіреу болған­мен, қолға бағынады. Қиқалап қина­маңдар! 

Бақтыбай үнсіз бас изеді. Уәлихан да дымын ішке бүкті. Операция басталып кетті... Хирург қолындағы қандауыр әдетіне басып денеге сұғынады. Тоғыс сияқты тастүлек наркоздың күші­мен ғана жаралы  жолбарыстай  ақ жаймада сұлап жатыр. Әлгі аманаттан тайқу сатқындықпен пара-пар.

Амал қанша, құпия қызмет адамдары секілді тез суынып, тұ­щы етіне ащы таяқ тимеген арыс­тың кеуде қуысын кеулеп кетті. Өкпенің зақымданған бөлігін екі қабырғаның арасынан өткел жасап алып шығу барынша күрделі болды. Ассистент ретінде Уәлиханның маңдайынан суық тер шыпшыды. Бақтыбайдың ал­тын қолы осы жолы қолөнер шебері мен зергердің дәлдігі, ювелирлік дағдысын қалпелсіз қайталады. Үш жарым сағатқа созылған жанкешті операция сәтті аяқталды. Монитордағы шимай сызықтар баяу тізбектелмей, бірде шоршып, бірде құлдилап, өмір үшін күрестің тарихын хаттамалап жазып жатқандай еді.

О, тоба! Түнгі сағат 11-де наркоздан оянған Тоғыс жал­ма-жан күтуші аяжанға сау кү­нін­дегі әй-шайға қарамайтын басым­дылықпен  тіл қатты.

– Дереу ұялы телефонымды әкел!

Мұндайды көрмеген кезекші селк етіп, апыл-ғұпыл Тоғыстың сұраған затын жеткізді. Аруақ көргендей аң-таң. Ұялы телефон­мен төрткүл дүниені шарлап кеткендей болған Тоғыс опе­рацияның сәтті өт­кені жайлы барша ті­леулеске сүйінші ха­барды өз аузымен жет­кізді. Бір кез көңілі ор­ныққан соң, қалшиып тұ­рып қалған аяжанға күлім­сірей көз тастады.

– Кешір, қарында­сым! Зәрең ұшып кетті білем. Өліп-тірілген адам­дар осындай болады.

Бұл күні Ақтөбе тү­ні Алла шапағатымен айрықша арайланып кет­кендей еді. Ау­ру­хананың опера­ция­лық залы терезесіне тел­мірген тілекші қауым арал­дық­тарға тән аң­қыл­дақ лебізбен:

– Ақұдай! Ақсарбас! Тоғыс аман! – деп бір-бірін бауырмал­дық құ­шақ­­қа тартты.

Несібелі бастаған ана жүрек қамқорлар қанатымен су сепкен қарлығаштай көңіл аспанында қалықтап берді дейсің! Тәуба! Тәуба! Жаратқанға мың тәуба!

Болашаққа аманат

Тоғыста рух серіктестігі ертеден бар. Несібелі бұл нышанның алдатқан кезін білмейді. Үйдегі ахуалды сыртта жүріп сезетініне әбден еті үйренген. Екі күннің бірінде қонақ күтілетіні әмбеге аян. Ең құрығанда, бір сәлемші босағадан аттайды. Сол себепті бұл үйдегілерге арқаны кеңге салу – ұмыт болған мүмкіндік. Есесіне, барлығы да шетінен ең­бек­шіл, қолдары дастарқан жаюға сұранып тұрады. Кісі күту, сый­лауға әбден дағдыланған. «Адам­нан қайтпайды, құдайдан қайта­ды» дейтін халықтық ұғым­ды бір пенде Тоғыстай-ақ пір тұтар!

Әкесі Махамбетжанның өзіне қарастыларды қабақ астымен ық­тыратын дағдысы Тоғыстың бойында жаңа үстемдік тапты. Жалғыз ауыз сөзімен жым қылатын айбат өзіне ғана жара­сатын. Үстіне шық жуытпай­тын тазалығы, үлкеннен бұрын төрге озбайтын кішілігі, сұхбат­тас­қанның түпкі ойын айт­қыз­бай сезетіні, қалжыңмен көңіл демейтіні, жақынның жаңсақ­ты­ғын бетіне баспайтыны тәрізді жал­ғасып кете беретін артық­шы­лығының қайсы бірін айтып тауысарсың?!

Алла берген алты перзенттің үшеуін жер қойнына қайтарған Тоғыс ешқашан тәуба сызығынан аттаған емес. Оңталапқа алты айлығында тіл-көз тиді. Ғалым­бек бір жарым жасында күйікке шалынды. Бақытбек жазғы де­ма­лысында Ыстықкөлде су құр­­баны болды. Жұмаққа асық­­­қан періштелері ғайыпқа са­пар шеккен әкесінің алдынан жүгіре шығып, мәңгілік мейі­рім­нің кәусар бұлағынан нәр таттырған шығар-ау?! Жортуылдан дамылдаған Бекмырза ба­басы, Дәуітбай, Сахи, Қалила, Жұмаш аталары, әкесі Махамбетжан, ағасы Төребай, Дабыл өлі-тірі бірдей сағынатын, жал­ған дүниеде тегінің туын желбіреткен мұзбалақ ұлы жеті қат көктің қырандарымен қосыла самғағанын мәртебе тұтып жүр ме екен?! Жер-ана алып ұйқының мекені еместігін, тіршілік сына­ғын­дағылар бақилық болған­дардың бақылауында екендігін дұға бағыштау арқылы мойындау­дан басқа амал бар ма?!

Тоғысты ақтық сапарға ат­тандырған жер қайысқан әлеумет қаралы жиын үстінде белгілі қаламгер Ержан Уәйістің аузынан шыққан «Тірілер өлілердің көзін жабады. Өлілер тірілердің көзін ашады» деген жүректі шым еткізер қанатты сөзге ерекше ұйып еді. «Қылыш үстінде серт жүрмейді» деген аңыздан ақыл сұраса, қай тұрғыда болмасын қарыз арқалап қалғандар опыну лебізін ақиретке арқалап кетпес еді-ау?! «Адам беті күшала» деген көне сөз осындайда айтылған-ау, сірә?! Көкіректегі қаралықты қара жер де қабылдай қояр ма екен?! Бұл да бір кезегін күткен зауал.

Математикаға жүйрік Тоғыс шексіздік пен кеңістіктің адам ғұмырымен өлшеуге келмейтінін жақсы түсінді. Шындық теңдеу­ін­дегі белгісіздіктерді жедел анықтап, шешіп тастауға бекінді. Азайтқышы жоқ, қосылғыш­тар­дың орнын ауыстырғанмен, қо­сынды өзгермейтін билік есебіне бас ауыртты. Өкпеге түскен дақ­тын зардабы қандай болатынын өз тәні арқылы бастан кешкен марқасқа туып-өскен аймағын жегі құрттар кеулемеуі үшін жан­таласқан ғой!

Тоғыс сияқты жампозды ерте өлімге кім қисын? Оны арулап жөнелтіп, мұңайып тұрған аға буын ішінде «Бізді баламыздан, бауырымыздан бетер жақсылап жайғарып, ақ жолға аттандырады деген Тоғысымызға  қол жаямыз деп үш ұйықтасақ түсімізге кірді ме екен?» деген қимастық отына күйгендер ондап саналатын. Әлдеқашан ұмытылып кеткен зар заман жыры – «Елім-ай» да осы тұста аспанда өрледі. Өмір көшінде арғымағы мерт болып, екі көзден жас парлаған жағдай кімнің басына тумайды?!

Барлық әкелер мен шешелер сияқты Тоғыс та балажан болатын. Тек ұлы сезімді ақ жауын тәрізді төгілтпей, сіркіретіп қана себелейтін. Бақытбегін қатты аялапты. Жер көрсетем, ел көрсетем деп жанынан тастамайды екен. Анада тау тұлғалы Аралбек жол апатына ұшырағанда, қабырғасы қайыса тұрып, мерекелік саятқа шыққан Мейрамбегіне жедел хабар салып, аласұрғанын көзіміз көрді.

– Тауда нелерің бар? Құдай­дың жазығы жетпей ме? – деп бір толқып, бір суынып мазасы кеткен.

Ол үшін жер кіндігі Арал еді. Бірде Алматы жақтағы құдасы Кенжебай Тоғысты тау соқпағына салса керек. Сондағы уәжі қандай ұтырлы!

– Сендер-ақ арқар болыңдар. Біз құмайты құс төсектей шө­лейттегі алшаң басқан аруанамыз. Құмда желгенде, шаңымызға ілесе алмайсыңдар.

Тоғыс ауылда балалардың бас­тығы, мектепте жастар жетек­шісі, студенттік шақта старос­та атанды, өмірінің шырқау шы­ңын­да халыққа қамқор болды. Балаларын батылдықтан үркітпеді. Елбасының Аралға келген сапарын бейнетаспаға түсіруге құ­лық­ты Бақайды бетінен қақпады. Тұңғыш ғарышкер Тоқтар атын­дағы шеткі үйдің шатырына жай­ғасқан жетінші сыныптың алғыры көз жетер жердегі бірталай кө­ріністі қамтып үлгірді. Орташа биіктікте Арал аспанына айбат берген Президент тікұшағы жанармай бекетіне, Ермек бейітіне таяу қонғанын, оққағарларының Назарбаевты қаумалай арнаулы автокөлікке мінгізгенін. Елба­сы­ның өңір келбетіне аз-кем көз жү­гірткенін таспаға іліндірді. Жақындап баруға тиісті адамдар рұқсат етпеді.

– Соның өзіне қанағат! Тарихи сәт қашанда қас-қағымда өтеді де кетеді.

Уақытқа ілескенің – кәдеге жарағаның! – деп Бақайдың арқа­сынан қаққан Тоғыстың сол күні көңіл-күйі ақша бұлттай биік­терде жөңкіді.

Шынтуайтына келгенде, Пре­зиденттің Аралға екінші сапарын баяндайтын алғашқы бейнекадр бала оператор Бақайдың қол ба­сындай камерасына бұйыр­ды. Ер­теңіне әуесқойлық бейне­тү­сі­рілімді сыныптас достар, кезе­гімен басқалар тамашалады.

Қазір сол Бақай құқық қорғау саласында бедел баспалдағымен өрлеп барады. Әке рухы сол баяғысынша кенжетайына қарау­дар. Түсінде: «Жақсы жүр, балам! Үлкен азамат боласың!» – деп аян беріпті.

Соңғы сапар. Несібелінің көз алдынан сол бір қаралы күнгі Тоғыстың әр қимылы, әр сөзі кетер емес. Бұрын жарықты жым-жылас қылатын Тоғыс түнде жа­рықты өшірмеді. Таң атты. Әдеттегідей үй-ішін көзбен барлап отырды. Газ плитаға екі шәйнек су қойды. Біреуімен жуы­нып, шайынды. Бұрын жол жүруге ертешіл Тоғыс сағат онға тақап баяу қозғалды. Осы жолы уақытты шотқа қақты.

– Сағат 3 пен 4-те Қызыл­ор­дада болам. Ол жақтан түнгі 10-да шығып, Аралға таңғы 4-те келем.

Осылай жан жарына соңғы рет тіл қатып, өз үйі – өлең төсе­гіне жансыз денесі жететінін тұс­­палдаған тәрізді. Қайтерсің, жақ­­сылық қана жоспарланады. Жамандық – қашанда бейқұт. Тоғыстың тамаша ғұмыры әлі талай ұрпаққа сабақ болады. Оны негізінде болашақ бағалайды. Бар­мақ шайнаған халқы қазірдің өзін­де Тоғысты іздей бастады. Арал­дың арын арлаушы он­дай тұлға қайда?! Қызметке қызық­пай, намысқа ғана қызған, атақ қуа­ламай, абыройды қанағат тұт­қан даралығына тайталасар кім бар?!

Мына құдіретті қараңыз, осы ғұмырнамалық хикаяттың соңғы нүктесін қойып, сыртқа шыққан бойым – көк жүзінен күміс тамшылар төгіліп, тынысым кеңіп сала берді. Шамалыдан соң қайта сіркіреп, оқырманды өзіндік ойға тартатын көп нүктенің ноқа­тын­дай із қалдырып, артынша шай­дай ашық аспанға жүзімді бұрды. «Бізді ұмытып кетпеңдер. Біз де Сіздей болғанбыз!» – деген аруақтардың аманат дабылы  жұмыр жерге сыймай жүргендерді тәубеге шақырғандай. Шамаң келсе, көптің бірі емес, Тоғыстай ірі болғайсың, өскелең ұрпақ!

Көктегі емес, жүректегі намыс найзағайына айналған То­ғыс Жұмашев әркез дәстүр сабақтастығымен рух нығайтты. Ол спорт әлемінде де өз өрнегін қалдырды. Әке дидарын сана айнасында таң нұрындай күтуден танбайтын мақтаулы перзенті Мейрамбек спорт майталманы Тоғыс Жұмашев атындағы 2012 жылдан бері бокстан балғын бокс­шылар арасында республикалық біріншіліктің ұйытқысы болып келеді. Биыл да сол рәсім лайықты жалғасын табады. 16 маусымда мәртебелі жарыстың жалауы көтеріліп, бұлшық еті бұлтыңдаған намысқойлар Арал рингін дүбірге бөлейді.

Жаңабай КЕМАЛ,

Арал ауданы.

--- 15 маусым 2019 г. 514 0