БИЗНЕСКЕ ЖАҢА МҮМКІНДІК АШЫЛДЫ

БИЗНЕСКЕ ЖАҢА МҮМКІНДІК  АШЫЛДЫ

Астанада Ресей, Беларусь және Қазақстан мемлекет басшылары қол қойған Еуразиялық экономикалық одақ шарты біздерге, кәсіпкерлерге, жаңа өріс ашып отыр. Жаңа одақ осы елдер арасында кәсіпкерліктің сан түрін дамытып, өзара бәсекелестік өрісін кеңейтудің жаңа мүмкіндігі болып табылады. Елбасы осы одақтың дүниеге келуіне көп күш-жігерін жұмсады. Өзара келіссөздер барысында орын алған даулы мәселелер шартқа қол қойылғанға дейін шешімін тапты. Демек, одақтың толыққанды жұмыс істеуіне осының барлығы өз әсерін тигізеді деп ойлаймын.

Қазақстан Президенті соңғы Жолдауында Қазақстанның мал өнімдерін экспорттаушы елге айналатын уақыты таяу екенін меңзеп, бірқатар келелі міндеттер белгілеген болатын. Осы міндетті жүзеге асыруда облысымызда бірқатар игілікті шаралар жүзеге асырылуда. Біздің 2008 жылы ашылған мал бордақылау және мал сою цехы бүгінгі таңда өзінің өнімділігімен, сапалылығымен ерекшеленеді. Алдағы уақытта кәсіпкерліктің өрісін кеңейтудің мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Бордақылау алаңы кеңейеді. Дайындалған өнім көлемі едәуір артатын болады. Осының барлығы халықтың игілігін көтеруге бағытталған жобалар қатарына жатады. Астанада қол қойылған маңызды шартта атап көрсетілгеніндей, үш елдің арасындағы өзара тауар айналымындағы жеңілдіктер кәсіпкерлерге қолайлы жағдай туғызып отыр. Біз үшін бұл одақтың маңызы осы болып табылады.

 

Ерболат РСАЛИЕВ,

"Ақбарыс” шаруа қожалығының директоры.

Қызылорда қаласы.

 

 

 

ЫҚПАЛДАСТЫҚ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

 

Әлемде жаңа интеграциялық құрылым дүниеге келді. Көптен бері сөз болып жүрген Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің Президенттері қол қойды. Бүгінгі әлемде жаһандық экономиканың бәсекелестік жағдайында аймақтық елдердің қауымдасуының маңызы өте зор.

 

ЕАЭО-ның қазақстандық бизнес үшін тиімділігі өте көп. Ауқымы 170 млн. адамдық нарық кеңістігі пайда болып отыр. Ол өз кезегінде отандық өндірісті дамыту мен экономиканы әртараптандыруға жол ашады. Айта кету керек, осындай интеграциялық үдерістер экономикалық тұрғыдан келгенде шетелден инвестицияның көптеп ағылуын, ішкі нарықтың кеңеюін, экономикалық бәсекелестіктің артуын, тауар мен қызмет көрсету түрлерінің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы мен айналымын қамтамасыз етеді. Жаңа интеграциялық құрылымды құру туралы шартқа қол қойылған кезде оған жаңадан мүше болғысы келетін елдердің пайда болуы да тегіннен-тегін емес. Демек, олар да жоғарыда айтылған тиімділіктердің өздерінде болғанын қалайды.

Жалпы алғанда, экономикалық одақтың жұмыс істей бастауы отандық кәсіпкерлерге дем береді. Сонымен қатар, үш елдің тұтынушылары үшін де қолайлы жағдай туындайды. Сонымен ортақ нарық, капитал мен еңбек рерурстарының еркін айналымы үш елдің де мүддесі үшін қызмет етіп, келешекте жақсы нәтижелерге жететініміз айқын.

 

Абай Шәймуров,

экономика ғылымдарының кандидаты.
 

 

БАҒЫТ–АЙҚЫН, ТАҢДАУ–ДҰРЫС

 

 

Үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаевтың Еуразиялық эконо­ми­калық одақ жөніндегі идеяны ұсынғанына 20 жыл толды. Еуразиялық интеграция үдерісі бүгінде да­­мудың мүлде жаңа кезеңіне шықты. Енді міне, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы тарихи шартқа 2014 жылдың 29 мамырында үш ел, атап айтсақ, Қазақстан, Ресей, Беларусь елінің басшылары қол қойды. Бұл тарихи әлемдік деңгейдегі одақ өз жұмысын 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастайды.

 

Дүние жүзінде 300-дей ынтымақтастық ұйым болса, құрылған одақтың алдыңғы үздік үштіккке кіруге толық мүмкіндігі бар. Сонымен, Еуразиялық интеграциялық одақ игілігінің тиімділігі артып, сыртқы экономикалық байланыстар нығая түспек. Интеграцияның қазақ халқы үшін берері мол. Аталмыш одақ халықтың тұрмысын, әл-ауқатын көтеруге де үлкен септігін тигізбек. Алдағы уақытта Армения мен Қырғыз республикалары осы одаққа кіруге өз өтініштерін білдірді. Осыдан-ақ аталмыш ұйымның болашақтағы мәртебесінің қандай болатынын көруге болады. Шартқа қол қойған үш елдің аумағындағы 170 млн.-ға жуық халықтың арасында экономикалық байланыс күшейіп, үлкен кеңістік пайда болмақ. Ал, 17 миллион халқы бар қазақ елі үшін мұның пайдасын зор екені белгілі. Әсіресе, сыртқа өнім шығару, арматура, тау-кен, түрлі-түсті металлургия, бірлескен өнеркәсіп орындары ашылмақшы. Сондай-ақ, бірлескен автозауыт құрылысы салынып, 2017 жылға қарай 120 мың автомобиль құрастырылатын болады, тіпті 45 тонналық жүк таситын «БелАЗ» көліктерін құрастыру да қолға алынбақ. Сөйтіп, өнімдерімізді еркін тасымалдап, Ресей мен Беларуссияға шығаруға мүмкіндік аламыз. Бұл да үлкен жетістік.

Осыдан төрт жыл бұрын Кеден одағы жүзеге асты. Оның пайдасы мен тиімді тұстары мол болды. Кеден одағы арқылы отандық өнімдерді рәсімдеуде көптеген жеңілдіктер де жасалды. Міне, енді экономикалық одаққа қол қойылды. Енді тауар тасымалдау, көлік инфрақұрылымы да жеңілдемек. Тауар өндірушілер мен тұтынушылар да қорғалатын болады. Аталмыш одақтың Жоғарғы соты Минск қаласында, ал қаржы орталығы Астана қаласында және ол ұйымның орталығы Мәскеуде орна­ласпақ. Жалпы үш ел де еркін саудасын жасай береді. Әлемдегі 300-ден астам одақтың тәжірибелерін пайдаланып, жоғарыда аталған үш ел ортақ интеграция аясында ортақ шешімге келді. Сөйтіп, бір-біріне инвесторлар тартуда, ең бастысы, бұл таза экономикалық одақ болады деген бір шешімге келді. Алпауыт елдермен тереземіз тең, керегеміз кең иық тірестіретін боламыз. Қазақ халқының бұл іске күш-қуаты, білім-білігі жетеді. Үш елдің басшылары қол қойған 29 мамыр – тарихи күн болып өмірімізге енді. Бұл тарихи күнді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Еуразиялық интеграция күні» деп жариялау керектігін айтты.

 

Құндыз ДӘУІТОВА.

Арал ауданы.
--- 03 маусым 2014 г. 931 0