АҚМЕШІТ БЕКІНІСІ

Омар хан тұсында Ақмешіт бекінісінің негізі 1817 жылы Сырдың сол жағалауында қаланып, бір жылдан кейін 1818 жылы дарияның оң жағалауына көшірілді. Бекініс екі қорғанмен қоршалды. Сыртқы қорғанның аумағы 12 шақырым, биіктігі 7 аршын, 3 қақпасы болған. Сыртқы қорған тереңдігі 7 футтық, екі сажын суға толған ормен қоршалды.

Тарихи деректерден.

Сыр бойын сарттар кезі жаулап алған,

(Бұл жерде Жібек жолы... сауда болған).

... Айнала ор қаздырып басқыншы Омар,

Жан-жаққа көз жіберді дәу қамалдан.

Аңқиды жиделі Сыр арғы жағы,

Алты ай жаз тамылжиды тал-құрағы.

«Бақалы қопа» атанған бұл араға,

Қамалды Қоқан ханы салдырады.

Туғаннан тұла бойы тұнған айла,

Сыр бойын басып алу тұрған ойда.

Оқпандай оқ өтпейтін қабырғасы,

Бекініс бой көтерді бұл маңайда.

Торыған төңірегін төрт бұрышы,

Қамалда орыстың да боп тұр ісі.

Омарды алмастырған,

орысты естіп,

Тап бүгін Жақыпбектің жоқ тынышы.

Қандықол... өркөкірек... адуын бек,

Қазаққа шошаңдатқан қаруын көп.

Жабыла тонап елді,

Жауда кеткен

Қазақтан қайтармақ па, қарымын кеп?!

Қамалды қайтіп бермек орыстарға?!

Аз емес қанға бөккен қоныс маңда.

«Жасағын ақ патшаның жолатпас ем,

Сырдағы көп мұсылман болысқанда...»

Жеткенше Сыр бойына ырыс қонған,

Жоқ жауыз Жақыпбекте тыныс болған.

Жағалай жолда қанша кетті орнатып,

Шымқорған...

Жаңақорған...

Күмісқорған...

О, Сырым, шемен қайғың, шектің азап,

Ақжүрек адамдарың текті ғажап.

Ақмешіт бекінісін тұрғызуға,

Омар хан он екі мың жекті қазақ...

Шулатқан орысты естіп даңқы жерді,

Қапылды қамал соққан сартың енді.

Аз бұрын алуан ұлтты бекініске,

Көшіріп әкелген хан тәртібі еді.

Заманның зар қақтырып көші кеткен,

Сырымды сан алуан жұрт несібе еткен.

Жауынан қашқан кезде жанталасып,

Жағаңда талай ұлыс босып өткен...

Ай, Сырым көресінің көрдің бәрін,

Қобызы Қорқыттың да шер қылғанын.

Айтады баба тарих,

аштықта да

Сенсің ғой суалтпаған елдің нәрін.

Өзіңнен өзен біткен аса алмайды,

Бетімді самалыңа тосам жайлы.

Шөңгесі емге дауа Жерұйығым,

Шөгерген желмаясын Асанқайғы.

Көз керек көретұғын көркін бүгін,

Ертегі-аңыз дерсің ел тірлігін.

Жеті қат көкті кезген ғарышкердің,

Баршасы сен деп білген Жер кіндігін.

Күзеткен Ақмешіттің тас қамалын,

Қақпайды күзетшілер қас-қабағын.

Сонда да қамал бегі қаттырақ сақ,

Жазбайды орыс жақтан қос жанарын.

Жеткен бір жолай жайпап жолындағын,

Түк емес ор қазсаң да,

оның бәрін.

Жаужүрек орыс қолы талқандайды,

Құрғанмен Жақыпбектей торын залым.

II

Ак-мечеть – важный форт. Видно его строил образованный человек и нам будеть трудно овладеть крепостью.

В.А.Перовский.

...Оқалы шаң мундирін сілкіп былай,

Оқыста бұзылды, әне, бүркіт шырай.

Дәу қамал көлбеңдейді көз алдында,

Осыдан граф, сірә, үркіп тұр-ай!

Мақсаты тас-талқан боп кеп-кешегі,

...Генерал жүрегінде от көшеді.

«Орыстың қылышынан қорықпайтын,

Көрсетші азиятты» деп бөседі...

Бірауық топтан салып төре сыртын,

Бұл жердің жек көреді неге жұртын?!

«Қайсақ!»... деп қанын тартып сұр жыландай,

Қазақтың қанішер-ай, сөгеді ұлтын.

...Қат-қабат бекіністің қалыңдығы,

Жандарал сарттың алмақ жанын түбі.

«Алға» деп ашу буып бір кездері,

Генерал-губернатор қағынды үні.

О, ол ма Қырымды алған ержүрек-ті,

Отауыз атқан сайын зеңбіректі.

Қамалда қарсыласқан қоқандықтың,

Қатарын қорғасын оқ селдіретті.

Түтігіп қалш-қалш етті қамал бегі,

Түрінен жан шошиды жаман жері.

Тіс қаққан Перовский Ақмешіттің,

Қамалын тас-талқан қып алам деді.

Ел туын құлатпайтын намыс қана,

Жарайсың, жаужүрек жұрт – Қамыс қала!

Астында асқақтайды Ай мен Күннің,

Ақмешіт құшағында алыс дала...

III

... Жасақтар жарқылдатып сан қылышты,

Жан-жақтан бекініске салды ұрысты.

Үрейі ұшып кеткен Жақыпбек бек,

Жан сала қорғаштайды әр бұрышты.

Жақыпбек зымиян бек о бастан-ақ,

Қояды жасағына қораш қарап.

Өн бойы бекіністің шұрқ тесік,

Қанды ұрыс қашан ғана толастамақ?!

Әумесер урядник, әне, бірі!

Қамалға ат ойнатып төнеді ірі.

Жүзеге аспай қалды Жақыпбектің,

Жасаған жау жағына «маневрі».

IV

...Сәске түс.

Сәл тыныштық орнай қалған,

Қоқандық қорлығынан қол байланған.

Шылымын бұрқыратып отыр граф,

Шып-шып тер шұбырады дөң маңдайдан.

Түп-тегі дворяндар әулетінен,

Орысты орап алған дәулетімен.

Асты-үстін алтындатқан Сарайы бар,

Көз тұнған салтанатты сәулетінен.

Мансабы масайратқан байлықпенен,

Сарайда сол мансабын сай тіктеген.

Әуелден бұл генерал екі етпейтін,

Әмірін ақ патшаның қай жүктеген.

...Мақтаншақ әлгі сезім... басылды, өтті,

Жанарын алаулаған жасырды отты.

Айтқанша генералдың төбесінен,

Сарттардың сұр мергені асырды оқты.

Әп-сәтте жасай алмай сасып қамын,

Тығылды әскеріне қашып қалың.

Жолында ақ патшаның жауынгер бұл,

Өмірі аямаған қасық қанын.

...Кенеттен зауал бұған келді өшіге,

Түсіріп Құдайын бір берді есіне.

Көздері атыздай боп,

асау аттай

Жүрегі кетті сыймай кеудесіне.

Жалғыз оқ жапан түзде жайратпақ па?!

Жүргенде үйрете алмай бойды аптапқа.

Ақмешіт бекінісі ту баяғы,

Қырғынды Қырымдағы ойлатпақ па?!

О, Русь!

Ол өлгенде мақтайды ел боп,

Адамды тірісінде даттай бермек.

... Қолдары дірілдейді крест ұстап,

«Құдайым, күнәм болса сақтай гөр!» - деп.

V

Көп көрген қан майданның талқы, сынын,

Асатын Суворовтай Альпі шыңын.

Атақты, алайда оған алдырмай тұр,

Қоқанның қамалдағы сарты сырын.

Әскери әбден білген тәртібіңді,

Жасқанбау жауынгердің салты ұғынды.

Жауынгер генералдан жастау кезде,

Жау қолы жасқаншақтап сан түрілді.

Сол әдет, бұзылмаған сол дағдысы,

Кеп-кеше губернатор болған кісі.

Құлағы шалды кешке суыт хабар,

Қамалға қосылмақ жау жолдан күші...

Жеңіске жеткізеді шабуыл ғана,

Жасақтың жабдықтады бәрін жаңа.

...Ұзамай тәтті ұйқының құшағында,

Қалғиды сұлу Сыр мен қалың дала.

...Қамалға дүрбісін сап бұлдыратып,

Төзімді түгесті әбден жылжып уақыт.

– Алға! – деп атой салды Перовский,

Отырған орынынан тұрды да атып.

Бұйрығы жайбарақат жатқан елді,

Бүлінтіп жасақ біткен атқа қонды.

Алдына түскен қолдың генералға,

Аптығып қалың әскер қаптап ерді...

Ай дала. Зеңбіректің зіркілі үдеп,

Құсады көмейінен күркіреп от,

Отряд осы жолы бекіністі,

Қамыстай желді күнгі сілкілемек.

Аспаннан аждаһадай келген бейне,

Құйыннан құты қашты шеңгел... жиде.

Бекініс ішіндегі будақтаған,

Шалқиды бұйра жалын желмен кейде...

VI

...Келіссөз қамалменен қалды кейін,

Тас-талқан етті патша жарлығы ойын.

Бекініс берілмеді, сонан бастап,

Алуан ой көңіліне салды үрейін.

Ақ жалау көтерген топ түріп шаңды,

Барғанда қоқандықтар қырып салды.

Қырқысқан  Қырым үшін түріктердің,

Бұларда қаны барын біліп қалды.

Түк те емес түрікке тау...құрыш қала,

Билігін айтты Батыс, Шығысқа да.

Бабасы сақ секілді қымыз құйған,

Тұтынды тұқымы алтын, күміс шара.

Қандай ел...

Өткен зұлмат қауіптерден,

Қаншама жер үстінде жауықты елмен.

Дон менен Дунай асып...

дүркін-дүркін,

Дұшпанын дүркіретіп шауып келген.

...Генерал қиғылық сап құр тістенді,

Түріктің зәузатына кім күш берді?!

Тарихты түгендесең, туғызады,

Түріктен АҚШ-тағы үндістерді...

Қиқулап Ұрым кеткен, Қырым кеткен,

Түріктің тектілік бар түбінде өктем.

Азия... Еуропа аумақтарын,

Аттилла ат тұяғы дүбірлеткен.

Алмаған аспан астын түрік бар ма?!

Біразын бағындырды бүріп қолда.

Ежелгі ер Түріктен Едіге мен,

Шыңғысхан, Бейбарыстар шығыпты ол да.

Ақ орда... бағзы Алтын орда қайда?!

Жортыпты Ақсақ Темір сол маңайда.

Қанынан жаралыпты Ер Түріктің,

Ел аңыз ететұғын Ер Мамай да...

...Аумағы бекіністің ат шаптырым,

«Жеңістің жұмбақ кілтін тапсақ бүгін.

Арман не қақпасына Ақмешіттің,

Туыңды желбіретсем, ех, тақсырым!»

...Жігерін тәтті ойына жанып алған,

Жасағы алдындағы қалың орман.

Қылышын ойнақтатып қонды атына,

«Бере гөр» деп генерал «Тәңір оңнан!»

Әскері ақ патшаның аттан салды,

Қақ жарып бұйра-бұйра қапқан шаңды.

Құйғытып қол барады бекініске,

«Сақтай гөр» деп ұран сап «патша ағзамды!»

VII

...Тапжылмай тас төбені шыжғырған күн,

Үндері «уралайды» ызғын жанның.

Жақыпбек жанталасты бекіністе,

Жолатпау үшін патша құзғындарын.

Генерал жалт-жұлт еткен алтын шені,

Ғанибет көру осы қалпында оны.

Бекініс төбесінен көз жіберген,

Көксейді Жақыпбектей сартың нені?!

Сардары сарт қолының қамал бегі,

«Жоқ басқа қанды ұрыстан амал» деді.

«Бермеймін бекіністі, болса ажалым,

Түбінде бекіністің қалам» деді.

Шетінен шымыр тұрпат, тұлға нағыз,

«Мұсылман баласымыз,

бір  боламыз!»

Діңкесін дінмен құртып дейтұғын бек,

Машқарға маңдай тіреп бір барамыз.

Атына қарғып мінген ұрысқа, әйда!

Қазақтың бәрі жырау,

күміс қойма

Кеудесі күмбірлеген,

бес қаруы –

Бұзау.... қамшыменен қылыш... найза...

VIII

Қасқайып ақ патшаның ұлықтары,

Қамалдың маңайына жуықтады.

Қарайды бекініске үйме-жүйме,

Үстінде  төбешіктің тұрып бәрі.

Мінекей, Ақмешіттің зор қамалы!

Орысты жолатпай тұр орнағалы.

Қарашы бекіністі көзбен атып,

Әнекей, әскер басы долданады.

Қорқыныш ұялатар төніп қорған,

...Топ үйрек Телікөлге келіп қонған.

Орыстың ойлы ақыны Плещеев те,

Осында Орынбордан серік болған.

Қамалды кейінірек жыр қылатын,

Алексей Плещеев бұл,

шын мұратын

Шығысты зерттеуге бағыштаған,

Ақ сүйек арасында білгір ақын.

Томирис туған мекен нақ бұл ара,

Жасырып сақтың сырын жатты дала...

Жат ойы болмағанда тақсырына,

Тағдыры мұнда ақынды тап қыла ма?!

Өзімшіл полковник Бломберг,

Бет-жүзі кетті боп-боз реңге еніп.

Қамалды жалғыз өзі қиратардай,

Бір сөзді боқтықпенен жіберді өріп.

Бәрінің тұрып-тұрып түнерді өңі,

«Бекініс берілмей ме, бұл елдегі?!»

Аң-таң тұр ақ патшаның Орынбордан,

Асығыс әкеткен өкіл Хрулевы.

Мансабы баршасының басым ірі,

... Қамалға естіледі ашық үні.

... Ал, мынау Әбілқайыр тұқымынан,

Елекей сұлтан еді, Қасымұлы.

Беттерін біржолата Сырға бұрған,

Қорқаудай сарт пен орыс түн жамылған.

...Іркіліп қалды жұрты Сыр бойының,

Ішінде жалғыз қазақ бұл нағылған?!

Жанарын қаптаған ел қапты бұрмай,

Көзінен қалт жібермес сәтті мұндай.

Шошайып шоқындыға жалбақтаған,

Қан жауғыр қара жүрек қап, түріңді-ай!

Ұяттан безіп демде ұлық десе,

Ернегі сияқтанып жырық кесе.

Кимелеп дастарханда бермейді орын,

Құбылған күнбағыстай қырық неше.

Әйгілі хан тұқымы боп келетін,

Елекей сұлтан емес текке өлетін.

Әйтсе де қазақ біткен әу бастан-ақ,

Қандасын сатқандарды жек көретін...

IX

Үш рота мен 17 ауыр зеңбірек қандай тас қамалдың да қабырғасын қақыратып жіберер қуатты күш еді. 1853 жылдың 28 шілдесінде дүрсілдеген зеңбірек дауысынан оянған қоқандықтар қамалды тастай қашты.

Тарихи деректерден.

...Қан шілде.

Қапырықта от тынысты,

Ала алмай қамалды әскер көп тұрысты.

Бүгін таң бітірмек боп келісілді,

Білдірмей ұзап кеткен топ бұл істі.

Ұзаққа созылса ше ұрыс түбі?!

Даңқпен дәріптер ме, бұл іс мұны?!

Тізесі дір-дір етер генералдың,

Хат жазған сайын соғыс министрі.

Бір кезде қарсы ұрыс сап түріктерге,

Кеудесін қаққан граф ұрып демде.

Ашудан ақкөзденіп бұрқ-сарқ етті,

Ақмешіт жасақтарын іріккенде.

Тойтару үшін дұшпан тосқауылын,

Ұрысқа Сыр бойының қосты ауылын.

Кіші жүз, Орта жүздің жігіттері,

Сайлап тұр беліндегі бес қаруын.

Қанқұмар қолбасшы бұл қатты діні,

Қамалға түссе аямас нақ құрығы.

Осыны алса бүгін...

Онан сайын,

Патшаның болмақ берік тақ тұғыры.

Керексе қамалды алмақ сәтті күні,

...Келеді құлағына саптың үні.

Тұра тұр, отрядтың көп кешікпей,

Қамалға атой салмақ ат дүбірі...

Ақ патша асықтырды бұл жолы да,

Қанша апта қамалда құр тұрғанына.

Көрді қос зеңбіректі шхунаны,

Кеткенде көзі түсіп Сыр жағына.

Саумал жел... сабат көлді Сыр жері осы,

Ағылған керуен-керуен күнде көші.

Қамалды қарауылға ап Бутаковтың,

Қос бірдей зеңбіректі тұр кемесі.

Баянхат берген бұған үзік дерек,

Құла түз...

Жоқ бұл жерде қызық бөлек.

Жан-жағын бекіністің қоқандықтар,

Сан рет суға алдырған бұзып бөгет.

– «Атыңдар!»

Зірк еткенде зеңбіректер,

Тулады жатқан тұнық мөлдіреп көл.

Қона алмай ұясына көгершін мен,

Қорқыныш басына кеп төнді кептер...

Қонды ерге қопаңдасып жасақ демде,

Тізгінін шапқан аттың босатты өрде.

Тапсырма берді граф үстін-үстін,

Төбесі тымағының шошақты ерге.

... Төрт тұяқ төңкере ме төбешікті?!

Отряд үздік-создық өре шықты.

Тілгілеп қылышымен таңғы ауаны,

Хорунжий айдарына жел есіпті.

Шұбылтып қою шаңды шапқылайды,

Қамалды бұрқ еткізіп атқылайды.

Қоя ма қорғасын оқ...

Кісінеген,

Шыңғырып үйме-жүйме ат құлайды.

Білмейді Перовский сырын адам,

Бұрқылдап бұйрық берген түрі жаман.

Генерал дейді ұрысқа дүрбі салып,

«Қайтсем де бекіністі бүгін алам!»

Ұрансыз ұрыс салған тұсы бар ма?!

Алдияр ағзам патша үшін алға!

Әскері салды шайқас бекініске,

Соқтыққан толқындардай күші жарға.

Әскерлер әлеңкедей атқа қонған,

Тайып тұр, Жақыпбек бек сарт қамалдан!

Қақырап тас қақпасы

Көп ұзамай

Бекініс будақтайды отқа оранған...

Қолбасшы дүрбісін сап қарап көрген,

Дүниесін дүйім елдің тонап келген.

Дүрліге қашты дұшпан,

жүрегіне

Сөнбейтін қарт сарбаздың сол от берген...

Жан шошып зеңбіректер зіркілінен,

Жақыпбек қалмапты түк түр-түрінен.

Қамалды кәпірлерге кетпек тастап,

Жеңістің сусып қолдан кілті бірден.

Алдияр ханына аян ақ тілегі,

Ақмешіт-Батыс, Шығыс нақ жүрегі.

Амалы жоқ бермеске, үркердей-ақ,

Азайып жанындағы қапты қолы...

...Төрт құлаш қалыңдығы дәу қамалды,

Кешікпей патша әскері жаулап алды.

Қираған қорасында бекіністің,

Үйінді үш үй... құдық... қауға қалды...

Тұтқыны төмен қарап басып бетті,

Тірісі алты қырдан асып кетті.

Бекініс билеушісі ол да зытқан,

Бұларға айдап салған ашық көпті.

X

Қазақтың қас дұшпаны кеп-кешегі,

Қолымен қамал бегі от көседі.

Талайдың текке қанын төкпегенде,

Тағдыры тарлық оған етпес еді.

Ұзамай қырғыз барды... ұйғыр барды,

Озбырлық өмір бақи сый қылмады.

Қарақшы қандыбалақ жүрген жерде,

Оталып бақ... ошақты үй қирады.

Торғайдай сезінеді ол тордағы өзін,

Бақытты жүзік тұрған қолда кезің.

... Өмірді көріп, әттең, қалайын деп,

Соңғы рет ашып...

... жұмды зорға көзін.

Өмірдің осы деп біл кемді күні,

Қағида бәріне тән ең бір ұлы.

Генерал Перовский Сырға аттанған,

Болатын жазалаушы белгілі, ірі.

Уақыт қай пендені жасқамайды,

Қарт сардар көңілде мұң... баста қайғы.

Бір кезде губернатор болған,

енді...

Орынбор десе көзін жас қамайды...

Қанша жыл етті мекен баракты осы,

Түсінде көретіні дала... ат, несі?!

Шеніне бір түкіріп, шығарды естен,

Орынбор оны қайтсін, шарапта өші...

Өмірге өкпелейтін жөнің бар ма?!

... Қар басқан қырда әзір тұр көрің де анда.

Қаншама қан жүктеген алдаспаны,

Сақтаулы мұражайда... Орынборда...

Адамның тосады сор нелер алдын,

Ендігі азапқа ұқсап келеді әр күн.

Жоғалтып жалғыз ұлын,

Жапа-жалғыз,

Қанша жыл күн кешкені генералдың.

Араққа айырбастап бар мүлікті,

Көрінген кез келгенге жан күдікті.

Аларда Ақмешітті бұйрық берген,

Қырылдап, қыран даусы қарлығыпты.

Тарамыс құр қолдары дір-дір етіп,

Көңілі шаттанбайды күмбір етіп.

Киелі Сыр бойының топырағын,

Басқан бұл тозған әбден құрғыр етік...

Жаулаған жан қаншама қыр-белесті,

Жадынан біржолата Сыр жері өшті.

Көрдің бе, көзіне оттай басылады,

Шаң басқан шұрқ тесік мундирі ескі...

Шошытты жаулап елді шоқ басқаны,

Ойында ма екен Сырдың отты аспаны?!

Патша бол,

пайғамбар бол, мейлі мынау

Мәңгілік тұрмайды екен бақ бастағы.

О, бақыт,

қонған соқыр, саңырауға,

Жаралы жүрегін сәл оның аула.

Алайда ажал құшып кете барды,

Соңғы сәт қолы жетпей қоңырауға...

ХI

... Қанша рет сонан бері көктеді қыр,

Ежелден бұл өлкенің өткені жыр.

Табаны жиһанкездің тиген талай,

Шетінен шежірелі шеттегі Сыр.

Бұл өлке көрген жоқ аз аласатты,

Жаулары жүрегіне жара сапты.

Өткеннен белгі болсын деген шығар,

Бір кезде қамал аттас қала сапты...

... Қираған қамал тұрған мына бел, қыр,

Тыныштық құшағында тұрады ел бұл.

Қала  орнап... қанат қағып ай... апта... күн,

Құйғытып өтті қанша Құлагер – жыл.

Қадірін қайдан білсін ел құнының,

Басқыншы ол екеуі болды зұлым.

Тағдырын ойыншық еткен қазағымның,

Өшті аты екеуінің енді бүгін.

Рухы екеуінің кеткен күл боп,

Екеуі екі жақтан сепкен бірге оқ...

Тағдыры болды солай,

сол тұстағы

Биліктің озбырлығы еткен міндет.

***

Қоқан мен төңкерістен даласы аман,

Қалған соң өркендеді тамаша маң.

Қазақтың астанасы атаныпты,

Сырдағы бір кез осы қала сонан.

Ақорда Ақмешітім – аймақ төрім,

Жасампаз ұлы еңбекпен жайнатты елін.

Алашқа астана еткен Ақмешітті,

Қожанов Сұлтанбектей қайраткерім.

Маңайы Ақмешіттің мұра мол бір,

Бірлігін шайқалтпаған бірақ ел бұл.

Осында қоныс тепкен қыран Сәкен,

Бейімбет... Ілиястай құлагер жыр.

Бүп-бүтін керегесі, ірге мықты,

Ажары – ай,

келбеті – күн,

гүл – көрікті.

Ақмешіт аузынан тастамайды,

Алашқа аты мәлім Жүргеновті.

Аз емес қырға әйгілі, Сырға әйгілі,

Перзенті алашқа асқан тұлға, айбыны.

Алысқа көз тігеді Қызылордам,

Сырымның жағасында сырлы айдыны.

Айшықты Інжудария ілгергі атын,

Сақ пен ғұн айтқан танып бірден затын.

Самғаған зымырандар сақ даласы,

Мекені жер кіндігі, мүлдем жақын.

...Қамалы қат-қат тарих ол бір өткен,

Жалауын азаттықтың желбіреткен.

Жасына жалын сыйлап жасампаздық,

Жүрегін қарт біткеннің елжіреткен.

...Мыңжылдық мекендейді бұл өлкені,

Бүгіні Ақмешіттің шын ертегі.

Асықпа, алты құрлық, төрт мұхитты,

Аузына қаратады Сыр ертеңі!

  Толыбай АБЫЛАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері.

--- 30 қыркүйек 2018 г. 1 170 0