Елбасы Жолдауында айтылғандай, тұрғындар саулығын сақтау мақсатында елімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде біздің Сыр өңірінде де іргелі істер баршылық. Әсіресе, ана мен бала өлім-жітімін, туберкулез бен қатерлі ісік аурушаңдығын төмендету, мектеп және мектепке дейінгі балаларды сауықтыру, ауыл тұрғындарына тәулік бойы стационарлық көмектің қолжетімдігін арттыру үшін облыста денсаулық сақтау саласының 2013-2014 жылдарға арналған "Жол картасы” бекітілді. Бүгінгі таңда осы бағыттарда жүйелі жұмыстар жасалуда. Бұл туралы "Сыр Медиа” ЖШС-нда орналасқан коммуникациялар орталығында өткен кезекті брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанат Қожарипова баяндады.
Жанат Шайхсламқызының деректеріне сүйенсек, аймақта туу көрсеткіші 2012 жылмен салыстырғанда 1000 тұрғынға шаққанда 28,2-ден өткен жылы 28,4-ке өсіп, республикалық көрсеткіштен біршама жоғары деңгейді көрсеткен. Соңғы үш жылда, жоспарлы түрде жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесінде, атап айтқанда, скринингтік байқаулар мен анықталған науқастардың амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуіне байланысты жалпы өлім көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 6,9-дан 5,8-ге төмендеп, тұрғындардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы 67,4-тен 70-ке өсті.
Соңғы үш жылда ана өлімі көрсеткіші 100 мың тірі туылған сәбиге шаққанда 32,9 пайызға, сәбилер шетінеуі 30,5 пайызға төмендеп, аталған көрсеткіш бойынша Қызылорда облысы республикада жетінші орынды иеленді.
Әлеуметтік ауруларға келсек, аймақта туберкулездің эпидемиологиялық ахуалы тұрақтанған. Соңғы үш жылда туберкулезбен аурушаңдық 7,8 пайызға төмендесе, өлім көрсеткіші 5,2 пайызға түскен. Туберкулезге қарсы күрес қызметінің төсек орындары оңтайландырылып, осыған орай Жалағаш ауданындағы 50 төсектік туберкулезге қарсы күрес диспансері жабылып, Сырдария және Қармақшы ауданындағы диспансерлер созылмалы туберкулезге шалдыққандарды емдеуге, қалалық диспансер туберкулездің тұрақты түрін емдеуге мамандандырылып, қайтадан құрылды. Қатерлі ісік және қан айналым жүйесі аурушаңдығы соңғы үш жылда бір деңгейде қалып отыр екен.
Тұрғындарды медицина қызметкерлерімен қамтамасыз ету көрсеткіші 10 мың тұрғынға шаққанда дәрігерлермен – 27,7, орта буын медицина қызметкерлерімен 104,2 болып, республикалық деңгейден біршама жоғары болып отыр.
Жанат Шайхсламқызы сонымен бірге облыстық денсаулық сақтау басқармасы емдеу ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту, әлеуметтік инфрақұрылымдарды, ауруханаларды жаңартуда ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын алға тартты. Мәселен, 2013 жылы "350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт пен емхана” бағдарламасы бойынша Шиелі ауданының орталығында ауысымына 250 келушіні қабылдайтын емхана құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, Тереңөзек кентіндегі ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана құрылысын бастауға 773,7 млн. теңге бөлінген. Осы бағдарлама аясында жергілікті бюджеттен 6 дәрігерлік амбулаторияның құрылысын бастауға 526,8 млн. теңге қаралған. Сонымен қатар, өткен жылы "Жұмыспен қамту -2020” бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 9 дәрігерлік амбулаторияның құрылысына 774,5 млн. теңге бөлініп, 2013 жылы оның алтауы пайдалануға берілсе, қалған үшеуі ағымдағы жылдың наурыз айында ел игілігіне беріледі деп күтілуде.
Ал биылғы жылға денсаулық сақтау саласының құрылысына республикалық бюджеттен 1708,3 млн. теңге қаражат қаралып, Қызылорда қаласындағы 200 төсектік көпбейінді балалар ауруханасының және елді мекендерде 7 дәрігерлік амбулатория құрылысы басталса, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудан орталықтарында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхана құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Облыста тұрғындардың денсаулығын сақтау, оларға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету, денсаулық сақтау саласын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақыттарда да жалғаса беретінін жеткізген Жанат Шайхсламқызы мұнан соң журналистер сауалдарына жауап берді.
Айнұр СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ.