Ұсақтық ұпай әпермейді

Осы өңірдің тумасы, осы елде сот саласында 35 жылдан аса қызмет атқарған маман ретінде айтарым: бұл бастама қазіргі біздің қоғамға өте қажет қозғалыс.

Осыдан отыз жыл бұрын  жағдай басқа болатын, дау аз болды. Ал қазіргі статистикалық мәліметтер   үрей тудырады. Егер 80-90-жылдары облысымызда жылына 500-600 азаматтық  іс қаралатын болса, қазір бір жылда қаралған азаматтық  істердің саны  30 мыңнан асып кеткен.        

Әрине, дау кез келген қоғамда болады. Бірақ олардың барлығын сотта шешу мүмкін емес. Болмашы нәрсемен сотқа жүгіне беру де біздің салт-санамызға жат құбылыс.

Мұнымен қоса сотта қаралған даудың нәтижесінде бір тарап жеңеді, екіншісі жеңіледі. Яғни, екі  тараптың да толығымен көңілінен шығатын  шешім қабылдау мүмкін емес.

Халқымызда «Дау мұраты – біту» деген сөз бар.

Бітімге келу халқымыздың әлімсақтан қазақ даласының салт-сана дәстүрінде және мәдениетінде  бар тәжірибе.

Ел билері «Сөз шынға тоқтайды, пышақ қынға тоқтайды» деп дауласқандардың ауыт­қып, бұра тартқандарын дуалы сөздерімен тоқтатып, әділеттілікке шақырып, ел бірлігі үшін қызмет жасаған.

Халықтың татулығы мен бірлігі мем­лекетіміздің, қоғамымыздың тынышты­ғының бірден-бір үйлестіру факторы.

Сондықтан, дауларды соттан тыс реттеу институттарын енгізу – қазіргі қоғам талабы.

Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қабылданғаннан бері елімізде оны түсіндіру-насихаттау жұмыстары аз жүргізіліп жатқан жоқ. Десе де, көп­шілік медиация жайлы күнделікті естіп жүргенімен, дауды соттан тыс реттеуге құлық таныта бермейді.  «Дау қалай шешілсе де,  тек сот шешсін» деген пікір қалыптасқан.

Халықтың санасын өзгерту қажет. Халыққа  кез келген дауды  бітіммен аяқ­таудың артықшылығын түсіндіру керек-ақ.

«Ауырып  ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген даналық сөз бар. Даулардың санын көбейтпей, оларды бол­дырмау, туындаған дауды ушықтырмау  мәселесіне көңіл бөлу керек.

Дауды сотқа жеткізбей шешудің  жол­дарын кеңірек қолдану қажет.

Мысалы, кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіру,  коммуналдық төлемдер бойынша берешекті өндіру үшін   міндетті түрде сотқа жүгінудің қажеті жоқ. Мұндай төлемдерді  нотариустың атқарушылық жаз­ба­лары арқылы да өндіріп алуға болады.

Еңбек дауларының мүмкіндігінше еңбек ұжымдарындағы келісім комиссиялары,  кәсіподақ ұйымдары арқылы шешілуіне  жағ­дай жасау қажет.  Ол үшін бұл ұйымдардың жұмысшының құқығын  қорғайтындай қау­қары болуы шарт.

Ертеректе мұндай даулар сол ұжымның ішінде жолдастық соттарда шешілетін. Дау сыртқа шықпайтын. Жолдастық сот тәртіп бұзған жұмысшыны тезге салып қана қоймай, әкімшілік тарапынан орын алған кемшіліктерді де жөндеп отыратын.

Ал, қазір дау да көп, дауласушылар да көп. 

Біз қоғамымызды қалай осындай жағ­дайға жеткізіп алғанымызды байқамай қалдық.

Біздің елдің азаматтары қалай жан­жалшыл болып кеткен, бұл жағдайымыз әрі қарай не болады деп алаңдайтын болдық.

Түбегейлі өзіміз қолға алмасақ, қоғамға тиісті ықпал жасамасақ болмайды.

Сондықтан, осы жобаны  қолдап, бар­лығымыз бірігіп, еліміз үшін, халқымыз үшін, өсіп келе жатқан балаларымыздың болашағы үшін қолдайық!

Ардагер судьялар, облыстың барлық ардагерлері, халықпен қызмет жасайтын барлық азаматтар, жастар саясатымен айна­­лысатындар, жастарға білім беру саласындағылар, барлығымыз осы бағытта бірігіп, қоғам үшін игі іс жасайық!

Ғалия ШЫҢҒЫСОВА,

Қызылорда облыстық

сотының доғарыстағы судьясы.

--- 26 ақпан 2018 г. 524 0