Бизнеске қолдау көрсету – басты экономикалық саясат. Қалауын тапса қара жанатынын ескерсек, ең маңыздысы халықта ниет, мақсат болу керек. Себебі, мемлекет тегін білім беру мен аз пайыздық несиені тиімді қарастырған. Бейсенбіде журналистер Шиелі ауданына баспасөз турын ұйымдастырып, аудан мен ауылдардағы бизнес бастамалармен танысты.
Бәйгеқұмға баруға
неге қызықтық?
Жолға шығар алдында журналистер қайда, кімге баратыны жөнінде ақпарат алады. Тізімде 1993 жылы туған Гүлнәр Ошақбай 3 миллион теңге несие алып, 18 ірі қара мал сатып алды деп жазылыпты. Жап-жас қыздың төрт түлікті бағуға тәуекел еткені қызықтырды. «Мүмкін, ағалары көмектескен болар» деп топшыладық. Барған соң білдік, Гүлнар Мұсабаевтар әулетінің келіні екен. Талдықорғанның Көксу ауданында туып-өскен бойжеткен Бәйгеқұмға келін боп түскен соң, ауылда мал бағып, кәсіп бастауға ниет етіпті. Мамандығы жоқ емес, педагог әрі магистратура бітірген. Жұмыс іздеп таппаған соң, «Жұмыспен қамту орталығына» барады. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша, кәсіпкерлік негіздері курсына қатысып, облыс орталығында жобасын қорғайды. Жергілікті ақбас сиырларын сатып алып, қазір бордақылау мақсатында өсіреді. Енді ірі қара санын 30 басқа жеткізіп, қора аумағын кеңейтіп, асылтұқымды мал сатып алуды жоспарлапты. Жақын туыс ағасын да жұмысқа алған. Күтіп алып, істің қыр-сырын түсіндірген келіншектің тілегі де, тірлігі де береке екеніне көз жеткіздік.
Шаштараз үшін Шиеліге бармайды
Себебі, алғашқы болып Байсын ауылында Мұрат Еділбаев шаштараз ашты. Алты жыл бойы аудан орталығында шаштараз болып қызмет еткен Мұрат туған ауылында кәсіп ашуды ойлапты. Мүмкіндік берген – мемлекеттік бағдарлама. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша өткен жылы курстан өтіп, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-дан 1 миллион теңге несие алған. Бұрын тек ер адамдардың шашын қысқартса, жақында әйелдердің шашын әсемдеуге бір маманды қызметке алды. «Күніне 4-5 адам келеді, несиені ай сайын төлеп тұрмын», – дейді ол.
Жеке мал базары
Мақсат Ұлықпанұлы кәсіпкерлік палатасы арқылы 7 миллион теңге несие алып жеке мал базарын ашқан. Енді ауданның әр ауылынан төрт түлігін сатуға келген ел өтпеген малды кері алып қайтпай-ақ, мал базарына қойып кетеді. Сондай-ақ, мұнда арнайылап салынған ветеринарлық орталық бар. Үш адамды қызметке алған алған кәсіпкер енді 200 бас асылтұқымды мал сатып алып, бордақылау мақсатында өсіруді жоспарлап отыр.
Бизнеске берері мол механизм
Ел үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік идеясы таңсық емес. 2005 жылы жүзеге асқан қаулыдан кейін, жеке кәсіпкерден инвестиция тарту кең таралды.
Шиелі ауданында да туған жерге пайдасын тигізген азаматтар көп екен. Айталық, Жуантөбе ауылындағы спорттық кешенді құрылыс жұмыстарын жүргізетін «БЕТА и К» ЖШС басшысы, кәсіпкер Ерболат Машрапин салып берген. Алғашында ауылға көмек көрсету үшін, бірқабатты нысан тұрғызған кәсіпкерге аудан басшылығы үлкен етіп тұрғызу үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін ұсынған. Бүгінде қазақша күрес, футбол, волейбол, бокс залдары бар кешенде 300-ге жуық оқушы жаттығады.
Тартоғай ауылындағы медициналық пункт құрылысы да осы идея бойынша бой көтерген. Ауылдық округке қарасты «2 ферма» елді мекеніндегі 57 жылдық тарихы бар медициналық пункт ғимараты сыр берген соң, кәсіпкер Қамбарбатыр Жахаев жаңасын салуға бел буыпты. Бір ай бұрын ашылған медициналық пунктке 200-ге жуық тұрғын тіркелген. Қазір бас дәрігер, фельдшер, тазалықшы мен қарауыл жұмыс істейді. Жедел-жәрдем бөлімі де бар.
Ал Бестам ауылында бұрын спорт кешені болмаған. Осы кезге дейін таэквондо, тоғызқұмалақ, волейболдан халықаралық, республикалық жеңімпаздар мектепте дайындалыпты. Кәсіпкер Баймұханбет Қозыбаев спорт кешенінің құрылысын қолға алған. Жоспар бойынша мамыр айында алғашқы оқушыларын қабылдаса, ауылдың болашақ қазақша күрес, бокс шеберлері де осы нысанда жаттығатын болады.
Сапар барысында, Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің рухани жаңғыру орталығымен танысудың сәті түсті. Спорттық үйірмелері мол оқу орнында дыбыс жазу, фотостудия, фитнес залы жаңадан құрылыпты. Сондай-ақ мұнда студенттер техника атауларын ағылшын тілінде үйреніп, білім алуда.
Баспасөз турында жас кәсіпкерлерден өмірге деген ерекше көзқарасты, құлшынысты байқадық. Иә, бизнес – жастың жігерін жанып, ебін тапсаң, елге көмек болатын ерекше мүмкіндік.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет).