ТЕҢІЗ ТАҒДЫРЫНДАҒЫ ТАРИХИ СӘТ

ТЕҢІЗ ТАҒДЫРЫНДАҒЫ ТАРИХИ СӘТАрал теңізі тағдырында тарихи таңдау жасалды. Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев Сыр елі жұртшылығы алдындағы есепті баяндамасында Солтүстік Арал теңізі айдынын тұтастай көтеру мәселесінің мемлекеттік деңгейде күн тәртібіне нақты қойылғанын айтты. Бұл ақжолтай хабар Сыр-Арал жұртшылығына зор қуаныш пен қанағаттану сезімін әкелді.
Адам кейде көз алдында жүзеге асып жатқан жұмыстардың тарихи, кезеңдік мән-мағынасын толық бағамдай бермейді. Осы шындық ғалам мен ғасырлар проблемасына айналған Арал теңізіне қатысты ең жаңа тарихымызда қолға алынып жатқан бастамалар бедерінде тағы бір ойға оралып отыр. Адамзат қауымдастығының биік мінберінен ақиқаты әлемге жария етілген Арал теңізі басына шын мәніндегі игі өзгерістер уақыты келді. Жаңа тарихымыз бұл орайда игілікті үдерістер кезеңін әкелді. Еліміздің азаттық таңымен Аралдың қайта ораларына деген халықтың жарқын сенімі оянып еді. ЕҚЫҰ-ның Астана саммитінде, Астана Декларациясында осы ғаламдық мәселелер байыпты көтерілді.  БҰҰ-ның Бас хатшысы проблемалы аймаққа арнайы сапармен келді.
Елбасымыздың ынталы бастамасымен Солтүстік Арал теңізін қалпына келтірудің нақты алғашқы кезеңі – САРАТС-1 шарасы жүзеге асты. Көп жылдар экология қыспағын кешкен Арал жұртшылығы төл теңізінің ауқымды бір айдыны – "Кіші Аралымен” қауышып, өшкені жанып, өлгені тірілгендей жақсылыққа кенелді. Ел ата кәсібіне оралды, әлеуметтік жағдайы жақсарды, өлкенің экологиялық ахуалы түзеле бастады. Ең бастысы, Солтүстік Аралдың толық теңіз мәнінде көтерілуіне деген халықтың ақжолтай үміт қол созымға жақындағандай еді.
Бұл бағыттағы ел саясатына Арал халқының алғыс сезімі зор болды.
Әйтсе де, сондайлық ел көңілін күпті ете, болашақты бастаманы бұра тартқан бір көлденең ниеттер де болмай қалған жоқ. Түрлі қисындармен, кеңес заманымен бірге күні өткен «Сарышығанақ» жартыкеш идеясына қайта дем беруге тырысқан әрекеттер белең алды. Міне, осы «қиғаш тартулар» алтындай қымбат көп уақыт алды, Сырдың есіл суы жылдар бойы рәсуә боп босқа ағып жатты, ең бастысы, үмітті халықтың көңіліне күмән көлеңкесі түсті.
Солтүстік Арал маңын жағалай Арал теңізінен үдере көшкен көп халық үмітке табан тіреп отырған. Осы жұрт Сарышығанақ қолтығын бөлектеп көтеру ісіне түбегейлі қарсы болды. Солтүстік теңіз бір ғана аталмыш қолтықтан тұрмайды ғой. Кіші Арал маңында – Бөген, Ескібөген, Аққұлақ, Аманөткел, Қарашалаң, Жаңақұрлыс, Қаратерең, Тастақ, Ақбасты, Құланды, Ақеспе, Тастүбек, Мергенсай, Жайнақ, Көктем ауылдары және Арал қаласы тұрғындарынан тұратын, өңірдің 75% халқы өмір сүріп жатыр. Осы жұрттың дені "Кіші Аралдың” біртұтас көтерілген 42 м. деңгейінен елеулі игіліктер көрді, бұл бағыттың әрі жалғасуын тіледі, соған үміт артты. Себебі, «Кіші Арал» нұсқасында бұрынғы дария мен теңіз үйлесімі, өлкенің тұмса табиғаты мейлінше табиғи қалпында сақталады. Техника мен адам қолының қоршаған ортаға килігу әсері аз болады. Ең бастысы, теңіздің бір үлкен айдыны қалыбына келеді. Экология тезіне жарты ғасырдай түскен өлке үшін бұл аз жағдайлар емес. "Кіші Арал” көтерілсе, оның құрамдас бөлігі – Сарышығанақ та бірге тірілетіні анық. Кіші теңіздің тірегі – "Көкарал” бөгетінде сенімді негіз, іргелі құрылымдар көтерулі тұр. Бұл маңдағы тығыз қоныстанған халық ocы жұмыс көзінің қайта жандануын біраздан күтіп отырған жайы бар.
Осындай ахуалда Қаратау-Арал арасы ғана емес, бүкіл халық тағдырымен біте қайнасқан ел азаматы, Сыр бойына осыдан жыл шамасы бұрын келген Қ.Көшербаев ел-жер тынысын, жұртшылық мүддесі датын ұғына қабылдап, мәселелер шешімін сенімді жолға қоя білді. Жұртшылық тілегі мен ел саясаты үндестік тапты. Шын мәніндегі демократиялық жақсы үдеріс жүзеге асты. Айтуға оңай жеңіс-жетістіктердің бекем іргетасында жауапты азаматтың қажыр-қайраты, бейнетті ізденіс, беймаза жан талпынысы, тіпті, жеке адамгершілік қадір-қасиеттері жатады. Ел сенімі мен ықыласы соған табан тірей бекемделеді және осы мысал біздің көз алдымызда жүзеге асып отыр.
Осынау ізденіс бағыттарында Арал, Қазалы ауданының басшылығы да қажырлы, қарымды қимылдар үлгісін көрсеткенін айта кету керек. Команда деген ұғымның жақсы мақсат жолындағы бір тұғырлы, бірлікті қимыл-әрекет мысалы осы ретте өнегелі көрініс берді. Бүгін ел көңілі қалауында шешімін тауып жатқан бұл жұмыстарда болашақта кеңірек тоқтала пайымдап, бағамдауды қажет ететін жақсы үрдістер әлі де көп.
«Кіші Арал» елдің ұзақ жылдар бойғы тілегімен, көптеген ізденіс, күрестермен келді.
Солтүстік Арал айдынын тұтастай көтеру шешімі – Арал теңізінің жәдігерін ертеңге аман-есен жеткізетін сенімді, ауқымды жол. Бұл айдын кезінде ондаған елді мекенге құтты қоныс, мыңдаған жұртшылыққа ризық-несібе, өмірлік орта болды. Кешегі тарихта бүкіл Аралдан өндірілген жарты миллион центнер балықтың тең жарымдайы осы «Кіші Арал» айдынынан ауланды. Сондай құтты судың қайта оралуын халық енді қанша уақыт болса да күтуге пейілді. Жай күту емес, әр сүйем көтерілген теңізді игереді, ризық тереді, тіршілік-тірлікті жандандыра береді. Үміт пен сенім аймақ халқын ынталандырушы, біріктіруші факторға айналды.
«Кіші Арал» теңізі көтерілген жағдайда ғаламдық экологиялық проблема салдары недәуір жеңілдейді, табиғи орта елеулі түрде оңала бастайды. Мыңдаған халықтың экономикалық, әлеуметтік әл-ауқаты жақсара түседі. Экология  тоздырған Сыр атырауы қосымша құрылыс, шығынсыз-ақ табиғи түрде өздігінен оңалатын болады. Теңізден жоғарғы дария жағасында да біраз жұртшылық осындай жақсылықты өзгерістерді күтулі.
Сырдариядағы сыбағалы су үлесімізде «Кіші Аралға» жетімді су бар. «Көксарай» су реттегіші, елге жария етілген өз мақсатына лайықты түрде осының бір елеулі тетігіне айналуы керек. Солтүстік Арал факторы – оңтүстік өлкемізде су пайдалану, үнемдеу, агротехника және экология мәдениетін көтеру ісіне оң әсер ететін жайт. Бұл – кешенді және аумақты құбылыс. Сыр бойындағы экологиялық мәдениетті көтеру ісінің мәнісі не? Осы іс Арал теңізі факторымен нақты мәнге, міндетті жұмыс сипатына ие болады. Теңіз болмысы жалпы Сыр алабындағы су бөлу, реттеу, пайдалану дәстүрін оңалтушы, ынталандырушы бірегей факторға айналатын болады
САРАТС-2 кезеңіне көзделген қаржы және Сырдариядағы сыбағалы суымыз, тиімді игерген жағдайда, бүгін таңда, "Кіші Аралды” күтулі 48-50 метрлік деңгейге тұтастай көтеруге мүмкіндік береді деген үміт бар. Және «Көкарал» бөгетінің беріктік запасы 50-51 метрлік деңгейге есптеліп пішілсе, болашаққа жасалған ауқымды есептің бір ұтымы сол болар еді... Бізге шағын ғана шығанақ емес, Арал теңізінің ел-жер күткен ауқымды бір айдынын тірілтудің тарихи мүмкіндігі берілді, біз сол тарихи сәттілікті көрегендікпен пайдалана алдық деуге толық негіз бар.
Арал құрылысын енді «Ғасыр құрылысы» деп айтуға толық моралдік құқымыз бар.
Солтүстік Арал теңізін шын мәніндегі теңіз қалпына келтіру – бір аудан, облыс, тіпті, республика ауқымындағы іс емес, бүткіл дүние көз тіккен әлемдік маңызы бар оқиға. Осы жұмыс ауқымы, техникалық шешімі тұрғысынан АҚШ-тың Колорадо өзеніндегі Губерт бөгеті немесе Қытайдың «Үш шатқал» деп аталған ғасырлық құрылыстарымен шендесетін дүние. Ал моральдік тұрғыдан бұл әлемді алаңдатқан алып проблеманы шеше бастаудың алғашқы толық мәнді қадамы деуге болады. 
Төменгі Сыр жұртшылығы үкілі үмітте аталған жұмыс басталуын күтіп отыр. Биыл Сыр алабының жауын-шашыны да мол, ақ дарияның өзегі ағыл-тегіл исінетін сыңайлы. Осы мүмкіндіктердің әр сәтін қалт жібермей, тиімді пайдалану – бүгінгі күн міндетіне айналмақ. 
Ең бастысы, «Көк теңізім, келдің бе?» деп, халық айдынымен есендесетін күн де алыс емес.
Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,
жазушы, көсемсөзші-эколог 
--- 06 наурыз 2014 г. 1 894 0