
Әне-міне дегенше биылғы шілде айы да аяқталды. Күнің күйіп тұр, мына жаз ерекше ыстық. Алайда, шаруа жайы күннің ыстық-суығына қарамайды, толассыз жүре береді. Оның үстіне жоспар деп, міндеттеме деп әуелі цифрға қарайтын баяғы жоспарлы кезең емес, нарық уақытында жамағат қажеттісіне қарай ұмтылады. Малды ауылдың қауымы үшін сол қажеттіліктің бірі – мал азығын молынан дайындап, қысқа қысылмай кіру болар. Сондықтан да малы бардың бәрі жаз бойы жем-шөбін жеткілікті жинап алуға кіріседі.
Шөптің құнарлысы, әрине, жоңышқа. Бұл бір жағы жерді құнарландыруға, сонымен бірге, ауыспалы егіс тәртібін сақтауға өте қажетті екпелі дақыл. Алайда, ірілі-уақты шаруа қожалықтары мен ауылшаруашылық құрылымдарының көбісі осы екпелі шөпті алқаптарына тиімді орналастыра алмай жүрген секілді. Жоңышқаны кезінде аз еккен соң, әрине, алар өнімі де мандымасы анық. Жылда Шиелі ауданының ауылдары мен
Қызылорда қаласы маңындағы шаруашылықтар, көрші облыстың Түркістан, Отырар, Созақ аудандары Жаңақорғанның жоңышқасына аса ынтызарлық танытады. Өйткені, онда жоңышқа мол. Және де оны егетіндер өз өнімдерін тиімді сатуға да бейімделіп алған секілді. Әйтеуір, автокөліктерге тиеп алып, жоғарыда айтылған аудан көлемдерінде шөп саудалап жүргені. Бұл енді бәсекелестіктің жолын білгендік, нарық сұранысына сай әрекет.
– Жоңышқаның екінші орымы бітуге таяу, ал бірінші орымда 12165 гектар ескі жоңышқаның тұқымдыққа қойылған 200 гектарынан өзгесін түгел орып алдық. Әр гектардан 20 центнерден орташа өнім айнала отырып, сонда бірінші орымнан барлығы 23000 тонна құнарлы мал азығы дайындалды, – дейді Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаев өз әңгімесінде. Апта соңында алынатын ақпармен де танысып көрдік, жаңақорғандықтар әзірге екінші орымнан 8000 тоннадай жоңышқа шөбін жинаса, мұнан өзге табиғи дала шөбін дайындауда да алғырлық танытып келе жатқан секілді. Осылардың бәрін қосқанда аудан бойынша 52000 тонна шөп дайындалыпты. Әлі жоңышқаның үшінші орымы, енді пісетін жантақ, құрақ қамыс бар дегендей, аудан мал азығын дайындау барысындағы мақсаттарын толық орындауы бек мүмкін.
Ауылдық округтер арасында жоңышқа шөбін орып, мал азығы үшін дайындауда Келінтөбе ауылының бәсі жоғары екендігі аңғарылады. Осы мерзімге дейін ауыл шаруалары 2311 гектар жоңышқадан 9309 тонна шөп дайындаса, Қожакент 2301 гектардан әзірге 7059 тонна, ал Аққорған ауылы 2727 гектар екпе шөптен 8525 тонна, Қыркеңсе 1608 гектардан 6487 тонна дайындады. Сол секілді, Қаратөбе, М. Нәлібаев атындағы, Өзгент ауылдары да 1500-2000 тонна құнарлы жоңышқаны орып, қораларына тасып алған. Ал бұрынғы мал шаруашылығымен шұғылданған Сүттіқұдық, Төменарық, Ақүйік, Талап, Қандөз ауылдарында жоңышқаның көлемі аз, тіптен жоқ есебі. Яғни, ауыл әкімдері де, шаруа қожалдықтарының басшылары да екпе шөпке деген самарқаулықтан әлі арылмаған секілді.
Жалпы алғанда, Жаңақорғанның басым ауылдарында жоңышқаға деген көзқарас та, нарықтық заңдылықтарға сай оны саудалау салты да пайдалы шаруаның қатарына қосылған.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.