Сапарда қыдыр жолдасың болсын дейді қазақ. Себебі жол жүру пенде үшін бір сынақ. Отбасы жылуынан алыстап, жаныңа демеу іздеп елегзігенде сапарласының серік бола білуі де бір ғанибет.
Қызылордалық Данияр Баялимов көп жылдан бері жолаушылар пойызында жолсерік қызметін атқарып, жолға шыққанның сенімді серігіне айналған жан. Мінезге бай, әңгімешіл, әдепшіл жігіт ағасы бір жүрген жолда біраз кісінің есінде қаларлық іс-әрекетімен ерекшеленеді. Оның көпшілдігі өмір бойы жолаушылармен тығыз қарым-қатынаста жұмыстар атқаруымен байланысты болса керек.
Сонау 1969 жылдан таксомотор паркінде, ал, 1992 жылдан бергі қызметі темір жолда жалғасып келе жатқан Данияр ұжымында қашан да құрмет пен марапат иесі болып келеді.
Қазір «Қызылорда-Сексеуіл» жолаушылар пойызының жолсерік қызметіндегі Д.Баялимов жақында сала министрінің қолынан «Құрметті теміржолшы» атағын алды. Бұл, сөз жоқ, төккен тердің төлеуі, еткен еңбек өтеуі, ел-халықтың ықыласы.
Абыройлы атағыңыз құтты болсын, туған жердің туын биік көтере бергейсіз.
Р.ДYЙСЕНҰЛЫ.