« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«Жастар синергиясы – бірлік энергиясы». Еңселі Елорда төрінде өткен көшбасшылар форумы осылай аталады. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйытқы болған бұл басқосуда қатысушылар рухани тың жоба арқылы елге жаңалық әкелуді ойлайтынын, жеті жұрттың тілін білген біздің жастар – әдебиет пен мәдениетке, төл тарихты тануға ұмтылыс жасайтынын жеткізді. Форум арқылы ең алдымен, «Рухани жаңғырудың» маңызы ашылғандай болды. Республиканың түкпір-түкпірінен келген 200-ге жуық делегат пен «Жаңғыру жолының» құрамындағы стартап жоба авторлары шараның мәніне терең бойлады. Тарқатып айтар болсақ.
Форумның «Табысты жобалар шеруі» алаңында жастар арасынан шыққан белсенді кәсіпкерлер мен ірі бизнес өкілдері «Рухани жаңғыруды» елге жасаған жақсылық деп түсінетінін айтты. Кәсіпкерлік саласында шеберлік сыныптары мен семинарлар өткізіп жүрген олар шетелде жүріп-ақ, жаңғыру жобаларының алғышартын жасағанын тілге тиек етті. Мәселен, «Байсерке-Агро» агрохолдингі құрылтайшысының кеңесшісі Кирилл Павлов заманауи ауыл шаруашылығында органикалық өнімдер өндіруге қолданылған инновациялық технологияларды таныстырса, жобаны әзірлеуші Дмитрий Корепанов «Ауыл – мемлекет тірегі» тақырыбындағы таныстырылымын өткізді. «Жаңа шешім» білім қорының бас директоры Вячеслав Ким балаларға тіл үйретудің жаңа әдістемелерімен бөлісті. Ал «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Мәулен Бектұрғанов бионикалық протездердің жасалу тарихы, табысқа жету жолындағы қиындықтары мен жетістіктері жайлы әңгімеледі. Бар жігерін білімге арнап, ғылымға ден қойған талантты жастың еңбегі нәтижесіз еместігін де айту керек.
– Әр саланың формуласы әртүрлі. Мәселен, маған қол жеткізген жетістігім емес, соған жету жолында атқарылған жұмыс қызығырақ. Адам алдына үлкен мақсат қояды. Соған қол жеткізген соң әрі қарай қайда барарын білмей қалады. Миллионерлердің көпшілігінің өмір тарихын қарасаңыз, осыны байқайсыз. Мақсат неғұрлым биік болған сайын, құлшыныс арта түсері анық. Оңай келген нәрсенің қадірі болмайды. Сондықтан жұмыс процесінен ләззат алуға тырысу керек. Адам өзінің сүйікті ісімен айналысқанда ғана нәтижеге қол жеткізе алады. Сондай-ақ, қоғамда қазір көпшілік батыс мәдениетіне еліктеушілікті қате деп таниды. Әр нәрсенің жақсы тұсы барын ұмытпаған жөн. Еуропада адамдар еркін ойлайды, адамның мүмкіндігін шексіз деп бағалайды. Осының арқасында олардың экономикасы да, әлеуеті де қарыштап дамуда. Бізге де еркіндік қажет. Ой еркіндігі. Бір сөзбен айтқанда, арманыңды іске асырудан қысылмау керек. Бұл форумды еліміздің әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында жүзеге асатын жобалар ойлап табатын алаң деп білемін, – деді М.Бектұрғанов.
Әрі қарай «Business camp» алаңында бизнес өкілдері әлеуметтік жауапкершілік тақырыбында шеберлік сыныптарын ұйымдастырып, тыңдаушыларға табыстың шыңына көтерілу жолын көрсетті. «Болашақ» бағдарламасының түлегі Әбутәліп Мүтәлі өрлеу – өмір өзегі болуы тиістігін алға тартып, «Бизнесті ең төменгі қаржы капиталмен қалай бастауға болады?» деген сауалға өз еңбек тәжірибесі арқылы, қиын, оңай жағын таразы басына сала отыра, жауап берді. «Bolashak Enjineering» компаниясының негізін қалаған ол шетелде оқып жүргенде қазақтың шұбатын Франция еліне жеткізіп, кәсіп бастаудың жолына кіріскенін де жасырмады. Мұхит асып, шетелде білімін жетілдірген қазақстандық қазір әлемдік STEM білім беруді өзімізде дамытып, робототехника сыныптарының ашылуына септесіп жүр.
Келесі кезеңде «Жаңа идеялар синергиясы» тақырыбын қамтыған стартап жобалардың көрмесі ұйымдастырылды. Жас инноваторлар мұнда өздерінің қызықты ұсыныстарымен бизнес өкілдерінің әрі кәсіпкерлердің қызығушылығын туғызды. Әсіресе, қарағандылық Вячеслав Литвиновтің CasteTech «Exoskeleton» – мүмкіндігі шектеулі адамдарды сапалы және қолжетімді оңалтумен қамтамасыз ету, Темiрлан Жамсаптың CasteTech «Soul Map» – науқастардың электрондық деректер қорын жасау жобалары қолдауға ие болды. Сырбойылық жастардың «Ақылды аялдамаға» қатысты жарқын жобасы да көпті таңғалдырды.
Форумның қорытынды бөлімінде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Исламбек Сәлжанов бастаған кәсіпкерлер бірқатар стартап жобалардың авторларын марапаттады.
– «Рухани жаңғыру» – жастардың жолы. Форумға келген республика жастарының осыны ұғынғаны қуантады. Мәселен, 20 жасқа келген Астанамызды дамыту жөнінде қаншама жоба жасаған 20 жастағы жас бар. Осы басқосу барысында да жастардан өте жаңа, өте қызықты идеялар ұсынылғанына қуаныштымыз. Барлық жобалар қажетті қолдауға ие болып жатыр. Мұны көрген сіздердің замандастарыңыз да осындай жетістіктерге талпынары сөзсіз. Сарапшылар кеңесі қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлерден құралғандықтан бүгінгі жеңіс өз қаһармандарын тапты деп сенемін, – деді И.Сәлжанов.
Марапаттау рәсімінен кейін жастар ҚХА аясындағы сәндік-қолданбалы «Ұлы Дала маржаны – Астана» көрмесіне қатысушыларды қошеметтеді. «Жаңғыру жолы» қолданбалы өнер шеберлері өздерінің үздік қолтаңбалары қалған үлгілерді ұсынды. Бұл ретте жерлесіміз Ержігіт Қуантқанның бұйымдары ҚХА-ның Алғыс хатына ие болды. Шебер Нұржан Байжігіттің де әсем дүниелері көздің жауын алды.
Түс ауа қатысушыларға Қазақстанның жаңа тарихынан сыр шертер – ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайын тамашалауға мүмкіндік берілді. Елордада бой көтерген жаңа мешітте де болды. Жалпы, «Жаңғыру жолы» форумы республика жастарының басын қосып, бағытын бір арнаға бұрды. Жоғарыда айтқанымыздай, форумның мәні ашылып, маңызы айқындалды.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
Қызылорда-Астана-Қызылорда.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |