« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – әлемнің қазіргі тарихындағы кемеңгер тұлға. Елбасы жер-жаһанға мемлекеттің бейбіт және ядролық қарусыз саясатын паш етіп, Қазақстанды жоғары халықаралық деңгейге шығарды. Мемлекет басшысының бастамасымен тәуелсіздік жылдарында экономикалық, саяси, әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бастамалары, болашақты болжай білетін көрегенділігі, сарабдал саясаткерлігі арқасында көпұлтты мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсті. Бүгінде Қазақстан бірлік пен қоғамдық келісімнің алтын бесігіне айналды. Еліміздегі татулық пен ынтымақтың бірегей үлгісін жаһан жұртшылығы зерделеп, «Қазақстандық жол» және «Назарбаев моделі» деп баға береді. Елбасының салған сара жолына әлемдік саясаткерлер мен ғалымдар тарапынан қызығушылық жоғары. Мемлекет басшысының бастамалары мен идеялары терең зерттеулерге арқау болды.
Осының арқасында Қазақстан Президенті әлемге жаңалықты жанындай түсінетін реформатор басшы ретінде де кеңінен танылды. Елбасының реформаторлығын оның «Ұлы мақсаттарды өзінің алдына ұлы халық қана қоя алады» дейтін қағидасы да айқын байқатады. Оның бұл қасиеті бұрнағы жылы жарыққа шыққан «Жасампаз. Нұрсұлтан Назарбаев: Ресейден көзқарас» деген ұжымдық жинақта да анық көрсетілген. Айталық, Ресей Жазушылар одағының хатшысы Рафаэль Гусейнов кітапқа енген «Президент» атты очеркінде жұрт назарын Қазақстан Президентінің Семей полигонын жабу тұсындағы табандылығына, Одақ ыдырап жатқан күндердегі бәрін ақыл-парасатымен шешуге сөре тартқан сарабдал саясатына, «Байқоңыр» ғарыш айлағының меншігін анықтау кезінде көрсеткен ұстамды ұсынысына аударады. Қазақ елі басшысы бастамашысы болған Еуразия экономикалық одағын құру идеясы ТМД елдері аумағын тұрақты етіп ұстап тұрудың басты серіппесі болды. Тарихшы-жазушы Леонид Млечин «Реформатор» деп ат қойылған мақаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындалғаннан тәуелсіз Қазақстан басшысы болғанға дейінгі аралықта саясаткер ретінде қалыптасуындағы негізгі кезеңдерді атап көрсетеді. Қарап тұрсақ, егемендіктің елең-алаң кезіндегі экономикалық қиындықтарды жеңу мен ұлтаралық ымырагершілікті сақтап қалу жолындағы қыруар қат-қабат қарбалас жұмыстарды ақырына дейін табандылықпен атқарып шығуға сол жылдары жинаған аса бай тәжірибесінің тигізген көмегі аз болмаған екен. Ал «Российская газета» басылымы бас редакторының орынбасары, жазушы Николай Долгополов «Одақтас» деген эссесінде оны Ресейдің ең жақын жанашыр досы ретінде сипаттай келіп, Еуразиялық одақтың болашаққа бағытталған үлкен жетістік болғанынан тоқтам жасайды. Келешекті болжай білу әркімнің маңдайына жазыла бермегені. Бұл тек таңдаулы және дарынды тұлғаларға ғана тән қасиет. Міне, мұндай мүмкіншілік Н.Назарбаевта бар. Бұған талай мәрте көз жеткен. Сол сияқты «Труд» газетінің бас редакторы Валерий Симонов «Жерлес» деп аталатын материалында Қазақстан Президентінің астананы республиканың орталығына әкелуі шын мәнінде оның алысты болжай алатын нағыз стратег екенін айнытпай танытқан оқиға болды деген ойға қазық байлайды.
Саясаткер жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасының – дамуы, барлық атрибуттары – ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және биліктің бүкіл тармақтарының өзара әрекет ету жүйесі – бар ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуы Назарбаев есімімен тығыз байланысты екенін атап көрсетеді. Назарбаев басшылығымен конституциялық құрылыс процесі жүзеге асты, ол 1995 жылдың тамызында еліміздің Негізгі Заңын қабылдаған бүкілхалықтық референдуммен аяқталды. Қазақстанда демократиялық институттарды құру Назарбаевтың аса зор еңбегі болып табылады. Сөз бен баспасөз бостандығы, сайлау және сайлану құқығы, партиялар мен қоғамдық бірлестіктер құру құқығы, дін бостандығы сияқты азаматтық қоғамның мызғымас құндылықтары нақ соның тұсында ғана конституциялық нормаларға айналды. Назарбаев басшылығымен кеңестік өкімшіл-жоспарлы әкімшілік жүйе бұзылғаннан және бірегей халық шаруашылық кешені күйрегеннен кейін алапат дағдарысқа тап болған қазақстандық экономиканы өзгертуге бағытталған аса ауқымды шаралар әзірленіп, іске асырылды. Экономикалық саясатты және демократиялық өзгерістерді ойдағыдай жүзеге асыруға мемлекеттік құрылымның президенттік республика ретіндегі халық таңдаған үлгісі көп септігін тигізді. Түбегейлі экономикалық ырықтандыру мен саяси реформалар белгіленген өзгертулерді пәрменді жүргізуге асыруға көмектесті.
Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың ғасыр реформаторы екенін айтқанда, ойымызға ең алдымен мына қадау-қадау қабырғалы оқиғалар оралады. Қалай дегенде де, XX ғасырдың соңғы он жылының мұғдарында әлем картасынан орын алған жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасының содан бергі оның ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және биліктің бүкіл тармақтарының өзара әрекет ету жүйесі секілді барлық атрибуттары бар ұлттық мемлекеттілікке қалыптасуы Тұңғыш Президент есімімен тығыз байланысты. Осы жылдарда қарыштап дамыған мемлекетімізде конституциялық құрылыс үдерісінің жүзеге асуы, 1995 жылғы 30 тамызда еліміздің Негізгі Заңының бүкілхалықтық референдуммен қабылдануы Н.Назарбаевтың тікелей басшылығымен атқарылды. Бұған қоса, Қазақстанда демократиялық институттар құру Елбасының елеулі еңбегі арқылы мүмкін болды.
Айталық, ол 1992 жылдың басында «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен даму стратегиясын» әзірлеп, елдің ішкі және сыртқы саясатының бағыт-бағдарын айқындап алды. Осынша қысқа уақытта шұғыл жасалған шараның нәтижесі көп күттірген жоқ. 1997 жылдың басында елде макроэкономикалық тұрақтылық орын алды, инфляция тоқтатылды, өнеркәсіп жанданып, қаржы-бюджет, салық жүйесі құрылды, жекешелендіру жүргізілді, зейнетақы жинақтау жүйесі өмірге келді, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реформалау жүзеге асты. Мемлекет басшысы өзінің 2006 жылғы Жолдауында Қазақстанның бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіру межесін белгілеп, «Қазақстан-2030» стратегиясы бойынша мемлекет дамуының басым бағыттарын айқындады. 2006 жылғы халыққа Жолдауында Қазақстанның бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясы белгіленген. Бұдан басқа, Н.Назарбаевтың экономист және саясаткер ретіндегі жеке беделі елде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасуына, көптеген мемлекетпен және халықаралық қаржы институттарымен пәрменді экономикалық ынтымақтастық орнатуға серпін берді. Мұның қатарында алыстағы ауылдарды дамытуға, кедейлікпен күресуге, тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған әлеуетті әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру қолға алынды.
Осы жылдарда Елбасының тікелей басшылығымен Қазақстанда индустриалды-инновациялық даму стратегиясы әзірленді, инвестициялық және инновациялық қорлар құрылды. Дүниежүзілік сарапшылар арасында «қазақстандық үлгі» деген ұғым пайда болды. Барынша қысқа мерзімде халықаралық ынтымақтастық тұжырымдамасы жасалып қалыптастырылды. Оның көптеген бастамалары халықаралық қауымдастық арасында кең қолдау тапты. Бұлардың қатарында жоғарыдағы Семей ядролық полигонын жабудан бөлек, ядролық держава мәртебесінен бас тарту, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі дәйекті қызмет және тағы басқалары бар. Біздің Президент, сондай-ақ, ТМД, ОАО, Кеден одағы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Еуразия одағы сияқты халықаралық құрылымдардың тууына негізгі бастамашы болды. Оның БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында құруды ұсынған Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңесі кейін іс жүзінде жұмысқа кірісті. Елбасы әртүрлі мәдениеттердің, діндердің, өркениеттердің жүйелі сұхбаттасуын жолға қоюға көп көңіл бөлді. Соның негізінде Астанада әлемдік діндер көшбасшыларының съездері табысты өтті. Елордада сондай-ақ Астана экономикалық форумын жыл сайын өткізіп тұру дәстүрге айналды. Қазақстанның 2010 жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі елімізді әлем мойындауының айқын көрінісі болып табылады. 2009-2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылдануы Қазақстанның Еуразия кіндігіндегі мемлекет ретінде Еуропа мемлекеттерімен ынтымақтастықты дамытуға ұмтылысын көрсетеді.
– 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алып, Түркия және Еуропа елдерімен байланыс орнатқаннан кейін ғана олар қазақ деген халықты және оның Қазақстан деген отаны бар екенін білді. Әсіресе ол кезде Қазақстан президенті халықаралық саяси іс-әрекеттерімен көзге түсті. Сондықтан Еуропалық елдерде “қазақпыз” дегенде бұрынғыдай “ол қандай халық?” деудің орнына “иә білеміз, Назарбаев, Қазақстан” дейтін болды, – деп жазады түркиялық қандасымыз, тарихшы Әбдуақап Қара.
Елбасы Қазақстанның Еуразия құрлығында орналасқан ел, қазақ халқының көшпелі мәдениет пен отырықшыл мәдениетті игерген, яғни ескі мен жаңаны білетін, Шығыс пен Батыс арасында көпір болатын бірегей халық болуына байланысты көпвекторлы саясат жүргізді. Оның саясаттары мұхиттың ар жағындағы АҚШ, көршілес Ресей және Қытай Халық Республикасымен де, туысқан түркі халықтар және мұсылман елдерімен де тығыз және достық қарым-қатынаста бола отырып Шығыс пен Батыс арасында теңгерімді саясат жүргізуге бағытталған.
Міне, осыларға қарап, біз Қазақ елі тек қана өз аймағында емес, бүкіл әлемде бейбітшілік пен бірліктің символына айналып отыр деп ауыз толтырып айта аламыз. Мұның бұлтартпас бір айғағы да Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің уақытша мүшелігіне көпшілік дауыспен сайлануы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясатының бір бөлегі туысқан түркі халықтарымен достық байланыстарды күшейтуге арналған. Сонымен қатар олар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды да көздеген. Атап айтқанда, Түркі Кеңесі, Түркі Академиясы, Түркі елдері Ақсақалдар Кеңесі сынды түркі халықтарының ынтымақтастығына бағытталған халықаралық ұйымдар оның ұсынысымен өмірге келген.
Сондықтан бүкіл түркі дүниесінің халықтары, оның ішінде әсіресе зиялы қауым Елбасын жоғары бағалап, құрмет тұтады. Міне, осының айғағы ретінде Түркияның астанасы Анкараның төрінде орын алып отырған оның ескерткішін айта аламыз. Бұл бір жағынан екі бауырлас елдің әлемге үлгі боларлық достық байланыстарының айғағы болса, екінші жағынан түрік елінің қазақ президентіне деген үлкен ықылас құрметінің белгісі екенін атап көрсетеді тарихшы.
Түрік зиялылары мен халқының Елбасына деген құрметі өткен жылы одан әрі күшейе түсті. 2016 жылы маусым айында Түркия мен Ресей арасында дерлік сегіз айға созылған шиеліністі реттеуде Президент Назарбаевтың дәнекерлігі орасан зор болды. Екі ел оның білікті дипломатиясының арқасында келіспестіктерін реттеп татуласты. Түркия халқы бұл үшін оған алғысын күні бүгінге дейін тілге тиек етуде. Бұл, әрине өз кезегінде Түркиядағы қазақтардың да төбесін, көкке жеткізіп, Түрік еліндегі беделін асқақтатты.
Ж.Әбішов.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |